Оқулық жыры: арқадан азаяр жүк қалтаға түспек

Оқулық жыры: арқадан азаяр жүк қалтаға түспек

Оқулық жыры: арқадан азаяр жүк қалтаға түспек
ашық дереккөзі
Білекті бірді, білімді мыңды жығатыны әуелден белгілі. Сондықтан да саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін білім беру ісіне ерекше назар аудару – негізгі міндет. «Қазақстанның болашағы білімді жастардың қолында» деп жылдар бойы ұрандатып жүргенімізбен, бүгінгі білім саласындағы олқылықтар жиі бой көрсетеді. Аталмыш саладағы жаңашылдықтарға қатысты көпшіліктің наразылығы мен ескертпелері де көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Мектеп оқулықтарының саны мен сапасы осыған дейін де талай әріптесіміздің қолына қалам алғызып, талай ата-ананың ашуын туғызған. Тіпті, депутаттар да оқулықтардағы олқылықтарды Білім және ғылым министрлігінің бетіне басқан. Бір өкініштісі, оқулық мәселесі әлі күнге дейін түбегейлі шешілер емес. Бірде оқулықтың саны жетпей әурелесе, енді бірде оқушының қолындағы кітапта өріп жүрген қателер жұрттың зығырданын қайнатты. Ендігі мәселе – оқулықта берілген тапсырмалардың бала жасына сай келмеуі. Дәл осы сауалдың жауабын іздеген ата-аналардың бірі Салтанат Тәжиева Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаға әлеуметтік желі арқылы бейнеүндеу жолдады.

Баланың санасына салмақ түспей ме?

Салтанат Тәжиева бейнеүндеу арқылы мектепке дейінгі даярлық сыныбында және 1-ші сыныпта оқитын балалардың оқулықтарындағы тапсырмалардың олардың жасына сай еместігіне бірнеше мысалдар келтіріп, көкейіндегі сауалдарға министрліктің жауап беруін сұрайды. «Қоршаған ортамен таныстыру. Экология негіздері» оқулығында балаға мынандай сұрақ қойылады: «Қызыл кітапқа енетін қазақстандық құстарды белгілеңдер?» Даярлық сыныбына жасы әлі 6-ға толмаған балалар барып жатыр. Енді әріп танып, сөйлем құрап үйреніп жатқан балалар оған кіретін құстар түгілі, Қызыл кітаптың не екенін қайдан біледі? Бұл сұрақ баланың жас ерекшелігіне қаншалықты сәйкес келеді?», – дейді Салтанат Тәжиева. Оның үстіне, даярлық сыныбына арналған оқулықтарды әрбір ата-ана өзі сатып алуы қажет. Себебі ел үкіметі даярлық сыныбына барған балаларды оқулықпен қамтамасыз етуге қауқарсыз екен. Оқулықтардың құны да арзан емес. Баласын мектепке жетектеп апарған ата-ана баласының оқулықтары үшін кемінде 15-20 мың теңге жұмсайды. Әуелгі мәселеге қайта ойыссақ, Салтанат Тәжиева 1-сынып оқушыларына арналған оқулықтарда да ауыр тапсыр­малардың жеткілікті екендігін тілге тиек етеді. Мәселен, 1-сыныпқа арналған «Жаратылыстану» пәнінің оқулығында мынадай сұрақ бар екен. «Егер үлкен жүк мәшинәсі мен жеңіл мәшинені бір мезетте жоғарыдан төмен қарай жіберсе, екеуінің қайсысы ұзағырақ жүреді?». Бұл – физикалық заңдылық. Бұған 1-сынып оқушысы қалай жауап беруі керек?», –  дейді баласы үшін алаңдаулы ана.  Нақты мысалдарды оқулықтан көрсеткен азаматша Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке оқулықтардың баланың жас ерекшелігі қаншалықты ескеріліп жасалғандығы жөнінде сауалын жолдаған. Әлбетте, баласының бүгіні мен болашағы үшін алаңдаған ананың сауалы өте орынды. Қай ата-ана жастайынан баласының миына артық салмақ түскенін қалайды дейсіз?! Білім және ғылым министрлігінің өкілдері өздеріне бағытталған сауал­дарға көп уақыт өтпей-ақ жауап берді. Салтанат Тәжиеваның алғашқы сауалына министрліктің тапсыруымен жауап берген бастауыш сынып мұғалімі және оқу бағдарламасын жасаушы Қаламқас Байтенова бүгінгі күні балаларға мектепте алған теориялық білімін іс жүзінде пайдалана білуге үйретудің маңызды екендігін айтады. Оның айтуынша, Білім және ғылым министрлігінің кезекті жаңалығы – жаңа оқулықтардың көздеген мақсаты осы екен. «Мәселен, «Жаратылыстану» пәнінде химия, физика, биология сияқты күрделі пәндердің материалдары беріледі. Жаратылыстану бағытындағы жаңа оқулықта осы материалдардың барлығы балаларға түсінікті және қарапайым тілмен баяндалған. Ол үшін оқулықты даярлау ісіне бастауыш сыныптарға сабақ беріп жүрген тәжірибелі мұғалімдер қатыстырылған», – дейді Қаламқас Байтенова. Бастауыш сыныптан бастап күрделі әрі қызықты түсініктермен танысқан бала жоғары сыныпқа дайындықпен келетіні даусыз. Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, бұл балалардың кішкентай кезінен аса маңызды ғылымдардың терминдерін және ерекшеліктерін білуіне де жол ашады. Алайда оқу бағдарламасын күрделендіру 6-7 жастағы балалардың психологиясына, ойлау қабілетіне қалай әсер етеді? Ә дегеннен қиын тапсырмаларға кезіккен баланың оқуға, білім алуға деген құлшынысы жоғалмасына кім кепіл?! Бұл сауалға тереңірек үңіліп көрер жан табылар ма екен? Ал Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырза бір балаға қиын болған сұрақтың екіншісіне мүлдем оңай болуы мүмкін екендігін алға тартты. Министр мырзаның жауабынан түсінгеніміз, оқулықтағы тапсырмаларда мін жоқ, сол тапсырманы орындауға шамасы жетпеген оқушылардың өздері айыпты.

Олқылық кімде?

Заман көшіне ілесеміз деген мақсатта мектеп бағдарламасына, жалпы білім беру жүйесіне түрлі өзгерістердің енгізілгені көпке мәлім. Жыл сайын жаңалық енгізіп, сиясы кеппеген оқулықтарды ұсынатын Білім және ғылым министрлігінің биылғы жаңалықтары тіптен көп болған сыңайлы. Салтанат Тәжиеваның министрлікке сауал жолдауына себеп болған оқулықтар да – осы жаңалықтың жемісі. Бірақ білім саласына жауапты азаматтар бұл мәселеге келгенде жеті рет өлшеп, бір рет кесуге тиіс екендіктерін ешқашан жадынан шығармағандары абзал. Биылғы оқу жылында бірінші сынып­тың барлық оқушылары 5 күндік оқыту жүйесіне көшіріліп, жаңа бағдарламаның негізінде білім ала бастады. Қалған сыныптар бес күндік оқу бағдарламасына 2019 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіріледі. Елдегі мектептерде білім берудің жаңартылған бағдарламасына кезең-кезеңмен көшу үдерісі аясында 1-сынып оқушылары үшін жаңа оқулықтар жасалған болатын. Ал бүгінгі күні еліміздің мектептеріндегі балалар аталған жаңа оқулықтар бойынша білім алуда. Өткен жылдың маусым айында Мәжіліс депутаттары да оқулықтардағы олқылықтар мәселесін кезекті рет қозғаған. Сол кезде Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан қазіргі кітаптардың мазмұнын түсіну қиын екенін тілге тиек еткен-ді. «Біздің үйде жағдай қиын. Өйткені менің 3 балам мектепте оқиды. Мен мектепті медальмен бітіргенмін. Политехникалық институтты бітірген адам ретінде кітапты  түсіне алмаймын. Оқулық Қожанасырдың хаты сияқты. Біз көз алдымызда ұрпақты мүгедек қылып жатырмыз. Кез-келген оқулықты ашсаңыз, қате өріп жүр. Оқулық ешқандай сын көтермейді», – деді Мәжіліс депутаты. Яғни, мектептегі кітаптарды ғалымдар жазып, оның ішкі мазмұнына Білім және ғылым министрлігі тікелей жауап берсін деді депутат. Негізінен, елімізде оқулық дайындауға бір ғалым, бір әдіскер, бір тәжірибесі бар педагог қатысады. Оқулық авторлары Қазақстанның әр өңірінен таңдап алынады. Сонда сенім артқан таңдаулылар баланың жас ерекшелігін ескермейтін болғаны ма?

Баланың арқасындағы ауыр «жүк»

Министрге үндеу жолдаған ананың жазбасында балалардың күн сайын ауыр сөмке арқалап жүретіндігі де назардан тыс қалмады. Салтанат Тәжиева: «Әр пән оқулықтан және дәптерден тұрады. Бір күнде 1-сынып оқушысы 5-6 пәннің сабағын өтеді. Күнделікте көрсетілген пәндер бойынша сөмкені кітапқа толтырған кезде оның салмағы 5 келіден асып кетеді: 5,5-6 келі болады. Ал 6 жастағы бала денсаулық сақтау нормативтері бойынша тек 2 келі көтеруі керек. Оның үстіне мектеп балаға тамақ бермегендіктен, сөмкесінде суы, тамағы тағы бар. Бала сөмкесіне дене шынықтыруға киетін киім мен мектеп ішінде ауыстыратын аяқ киімді де саламыз. Осының барлығын қосқанда бала сөмкесі 6 келі, тіпті одан да асып кетеді», – дейді өзінің бейнеүндеуінде. Осылай дей келе, ауыр сөмке арқалап жүрген бүтін бір ұрпақтың ергежейлі болу қауіп төніп тұрғандығын ескертеді. Жалпы, бұл мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Мектеп оқушыларының ауыр сөмке көтеріп жүретіндігі, соның салдарынан денсаулыққа зиян келтіретіндігі жөнінде талай мәрте сөз болған. Ал Салтанат ханымның айтқанына қарағанда, бұл түйткілдің түйіні әлі де тарқатыла қоймаған тәрізді. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, мектеп оқушылары арқалап жүрген сөмкелердің салмағы бала салмағының  15 пайызын ғана құрауы қажет. Егер сөмке салмағы одан асып кетсе, уақыт өте келе баланың омыртқасына түскен ауырлық балаларды ауруға ұшыратуы әбден мүмкін. Ресейлік санитар-мамандардың зерттеуінше, бастауыш сыныпқа арналған оқулықтардың салмағы 300 грамм, 5-6 сыныптарға арналған оқулық 400 грамм, 7-9-сынып оқушылары үшін 500 грамнан аспауы керек. Бірақ бұл талаптар бүгінгі күні орындалмайтын тәрізді. Оның үстіне, бүгінде мектеп оқушылары тек оқулықтарды ғана арқаламайды, әрбір пәнге арналған әдістемелік оқулықтар, арнайы дәптерлері бар. Ал еліміздің бас ұстазы бұл мәселенің де шешімін табуға болатындығын ескертіп отыр. «Оның шешімі бар. Мәселен, оқулықтарды 2 бөлімге бөлу. Бірінші жартыжылдық, сосын екінші жартыжылдық. 1-сыныпта ол жұмыс жасалған. Енді жаңа жылда 2-ші, 5-ші, 7-ші сыныпқа сол жұмыстарын қарастырып жатырмыз», – деді Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. Әрине, бұл мәселенің түйіні тарқатылса, құба-құп болар еді. Алайда оқушылардың сөмкесін жеңілдетудің құны арзанға түспейді екен. Мұны министр мырза да растап отыр. Ерлан Сағадиев мұндай жағдайда оқулықтардың қымбаттайтындығын ескертті. Дегенмен, баспа орындарымен бағаны қатты өсірмеу үшін жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді.

«Е-learning» жүйесі де мәселені шеше алмады

Елімізде электронды оқыту жүйесі қолға алынып, бұл жоба білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қосылған болатын. Мемлекеттік жоба 2011 жылдан бастап қолға алына бастаған. Жобаны жүзеге асыру 2 кезеңге бөлініп қарастырылған. Алғашқы кезең – 2011-2015 жылдар аралығында, екіншісі – 2016-2020 жылдар аралығында жүзеге асырылуы тиіс. Бастапқы кезең бойынша білім беру мекемелерінің   50 пайызы, екінші кезеңде 90 пайызы электронды түрге көшпек. Электронды оқыту жүйесі білім берудің барлық сатыларын технологияландыруымен айрықшаланады. Білім және ғылым министрлігі «е-learning» жүйесін енгізгенде оқушылар мектепке ауыр кітап арқаламай-ақ электронды пәндермен заманауи білім алады деп алдарқатқан. Алайда бұл жүйенің де әуресі көбейіп, электронды оқулықтар да үмітімізді ақтай алмағаны өкінішті-ақ. Десек те, қазіргі олқылығы көп оқулықтарды бірден электронды жүйеге ауыстырудың машақаты көп болары түсінікті. Сондықтан, еліміздегі мектептер электрондық оқулыққа ауысқанша,  балалардың зілдей сөмке көтеріп жүретіні сөзсіз. Дәл осы электронды оқыту жүйесі ұстаздарды қағазбастылықтан да құтқаруы тиіс болатын. Алайда ұстаздар әлі де қағазға байланып жүр. Бұрынғы жұмыстары қазір екі еселенген. Электронды түрде де, қағаз түрінде де құжаттарды әзірлеуге міндеттелді. Ұстаздарды әбігерге түсірген жүйе жөнінде Дариға Назарбаева: «Неге сіздерде үнемі мұғалім соңғы орында қалып отырады? Бағдарламаларыңызда мұғалімдер, оларды оқыту әдістемелері неге қамтылмаған? Институттарға «e-learning» бағдарламасын енгізу мәселесі қайда? Сіздерде түйткілдің түйінін тарқататын кешенді әрекет жоқ. Барлығын үзіп-жұлып іске асырасыздар. Ал бұл бағдарламаға 28 млрд теңге бюджет қаражаты жұмсалған. Сіздер өз жүйелеріңізді құрып, оны білім саласына енгізуге тырысасыздар. Ал білім саласының жүйесі оған дайын емес. Өйткені жоғары оқу орындарында мұғалімдерге қажетті пәндерді енгізбеген. Ұстаздар қауымына электронды жүйені қолдануды міндеттегенімен, қағазбастылықтан да бас тарта алмай отыр. Өйткені әзірге оған министрлік рұқсат берген жоқ және олар оған тыңғылықты дайын емес», – дегені де көптің есінде болар. Сондықтан, электронды оқыту жүйесінің шарапатын күтіп отырудан ешбір қайран жоқ. Қалай  десек те, оқулық сапасының артып, кемшіліктердің жойылар түрі әлі де байқалмайды. Оқулықтың жетіспеушілігіне көндіккен ата-аналар енді балаларының санасы мен арқасына түсетін артық ой мен салмақтан арылту үшін көмек сұрауда. Жыл сайын дауға айналатын оқулық мәселесінің түпкілікті шешілетін күні әлі де алыс секілді. Өткен аптада қоғамның қызу талқысына түскен алматылық ата-ананың видеоүндеуі – осының айғағы болса керек.