Жаңалықтар

Оралман тағдыры — қазақ тағдыры

ашық дереккөзі

Оралман тағдыры — қазақ тағдыры

Қазір ҚР Парламентінің Мәжілісінде «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасы қаралып жатыр. Кейбір ақпарат құралдары жаңа заң жобасында көптеген игі өзгерістердің бар екендігін, тек қабылдануы қажеттігін айтып сүйінші сұрасып та тастады. Алайда оралмандарды 2010 жылдан бері сергелдеңге салып қойған «Қазақстан аумағында тұрақты тіркелу» туралы Ереже өзгеріссіз қалатын түрі бар. «Түркістан» газеті оралмандардың тұрақты тіркелу мәселесін үнемі назарда ұстап келгені белгілі. Аталған заңның көпшілік талқысына ұсынылуы қарсаңында өткен келелі кеңесте бірнеше жыл бойы тұрақты тіркеуге тұра алмай жүрген қандастарымыздың мұңын тыңдап, сарапшылардың пікіріне жүгінген едік.

Есенгүл Кәпқызы, журналист, модератор:

– Сонымен көптен талқылаудан түспей жүрген «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасы Үкіметтен Парламентке жеткізілді. Заң жобасы көпшілікке әлі таныстырыла қойған жоқ. Бірақ соған қарамастан, заң жобасымен танысып үлгерген азаматтар да баршылық. Заңда жұрт айтып жүрген тұрақты тіркеуге қатысты талаптар сол күйінде қалып отырған секілді. Біздің бұл күмәнімізді «Қамшы» сайтындағы ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің бастығы Е.Сайыновтың осы мәселеге қатысты түсіндірмесі де одан әрі қоюлата түсті. Cонымен жаңа заң жобасы қалай болуы керек? Біз дөңгелек үстелімізге 2010 жылдан тұрақты тіркеуге тұра алмай жүрген және азаматтық алудың шырғалаңына түскен бірнеше қандасымызды да шақырып отырмыз. Ең бастысы «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасы нені ескеруі керек?

«НЕ ҚҰЖАТ ЖОҚ, НЕ ЖҰМЫС ЖОҚ»

Нұрбақыт Тақанұлы, оралман:

– Біз Қытайдың Гансу өлкесі, Ақсай ауданынан өткен жылы тамызда келгенбіз. Үш балам бар. Келгелі құжаттарымызды дайындап, біраз ақ тер, көк тер болдық. Алайда одан еш пайда болмай отыр. Үш баламның үлкені университетте дайындық тобында оқиды, екеуі Еңбекшіқазақ ауданының Нұрлы ауылында мектепте. Бізден сотталмағаны жайлы анықтама мен НОПОС-ты өшіріп келуді талап етеді. Біз көшпес бұрын, Қытайдағы жергілікті әкімшілікке барып, осы құжаттарды сұраған едік. Олар бізге ондай құжат бере алмайтындықтарын айтты. Өйткені Қытайдың заңы бойынша біз осында келіп орнығып, тұрақты тіркеуге тұрып немесе азаматтықты қабылдағаннан кейін ғана, олар бізді автоматты түрде азаматтықтан шығарады не НОПОС-тан өшіреді. Меніңше, оралмандарға бір жақсы көзқарас болмай тұрған секілді.

Бердіғұл Төлеубай, оралман:

– Мен 2011 жылы Қытайдан қоныс аударып келіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған едім. Ал 2013 жылдың қазан айында артта қалған туыстарым – әке-шешем, аға-жеңгем, інім мен келінімді көшіріп келдім. Алайда үлкен ағам жол-көлік апатынан қайтыс болды да, әкем соның мәселелерімен бір-екі ай кешігіп келіп еді. Облыстық көші-қонға, Есік қаласына да бардым. Бірақ, тіркелудің сәті түспеді. Сөйтіп жүргенде әкем мен ағам да қайтыс болып кетті. Марқұм туыстарым Қазақстан азаматы атана алмай, арманда көз жұмды. Енді сол кісілердің соңында қалған жары, балалары тіркеле алмай сандалып жүр. Бәрі де Нұрбақыт аға айтқан құжаттарды талап етеді. Бірақ оны Қытай тарапы бермейді екен.

Гүлмира Әбдібек, оралман:

– Мен Қытайдан университетті бітіріп, 2014 жылдың маусым айында келген едім. Әлі күнге дейін құжаттарымды рәсімдей алмадым, не жұмысқа орналаса алмадым. Жұмысқа орналасайын деп, бірнеше мекеменің есігін қағып едім, ондағылар не азаматтығы, не ықтияр хаты жоқ мені жұмысқа алмай қойды. Сонымен сең соққан балықтай болып, не істерімді білмей жүрмін. Қытайдағы жұмысымды тас­тап келіп едім, мұнда ешкім менің маңдайымнан сипар емес.

Қайсар Әбдінұрұлы, студент:

– Менің келгеніме 4 жыл болды. Университетті осы жақта оқып бітірдім. Бірақ, оқу бітіргеніме екі жыл өтседе әлі тұрақты тіркеуге тіркеле алмай жүрмін. Біріншіден, бізді студент кезімізде Қытайдан оқу визасымен келгендіктен ешқайда тіркеуге алмай қойды. Екіншіден, оқу бітіргеннен кейін, тек қана шығу визасын басып елден шығарып жібереді. Сосын қайта келіп, құжаттар дайындап, аудан орталығындағы тиісті мекемеге өткізіп қойдым. Алайда олар да жоғарыдағы құжаттарды талап етіп отыр.

ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛУІН ҚИЫНДАТҚАН ЕКІ ҚАУЛЫ

Қайрат Байтолла, Респуб­ли­калық «Отандас-Ел» қоғамдық бірлестігінің хатшысы:

– Шетелде 5 миллиондай қазақ бар дейміз ғой. Соның ең қиындау болып тұрғаны – Қытайдағы қазақтар. Қытайда бір жарым миллиондай қазақ бар. Қазір ондағы қазақ мектептері қытай мектептерімен қосылып тынды. Енді дүбәра ұрпақтар пайда бола бас­тайды. Соңғы жылдары қазақтың қыз-жігіттері қытайлармен бас құрайтын болса, сыйақы тағайындалып, бас­панамен қамтамасыз етілетін жаңа Қытай заңы қабылданды. Яғни, бізге шетелдегі қандастарымыздан тірідей айрылып қалу қаупі туып отыр. «Халықтың көші-қоны туралы» Заңды талқылағанда, қандастарымыздың ассимиляцияға ұшырауынан, жұтылып кетуінен сақтаудың жолдарын іздегеніміз жөн. Сіздер өткенде «Түркістан» газетінің бетінде де сөз қылдыңыздар, телеарналардағы жаңалықтардан да естіп жатырсыздар, Талдықорғандағы қытайдан көшіп келген 38 отбасы кері кетуге дайындалуда екен. Өйткені ол отбасылардың визасының уақыты өтіп кеткен. Тұрақты тіркеуге тұра алмаған, осында келгелі кейбірінің үшінші баласы дүниеге келген. Оның құжаттарын рәсімдеу үшін Қытайға әлденеше рет барған. Тұрақты жұмыстары жоқ. Сөйтіп, амалсыздан кері қайтуға мәжбүр болыпты. Қаржы-қаражаттары да таусылған. 2013 жылдың ортасынан бастап, түрлі кедергілер арқылы шетелден келетін қазақтарға азаматтық беру тоқтатылды. Салдарынан Қытай мен Қазақстан арасында бір шоғыр босқындар пайда болды. Қазір виза тәртібін бұзып жүрген біраз қандас азаматымыз бар. Бұған шарасыздықтан барып отыр. Және оралмандарды бұл қадамға біздің көші-қон комитетінің өзі итермелеуде. Демек, 2013 жылдан осы уақытқа дейін азаматтық ала алмай жүрген қазақтар босқындарға айналды.

Райыс Әріпжан, кәсіпкер:

– 2012 жылдан бері Үкіметте оралмандарға қатысты екі Қаулы қабылданды. Ол 2012 жылғы №364 Қаулы мен 2014 жылдың №111 Қаулысы. Осы екі Қаулы бүкіл Қытайдан келетін қазаққа қойылған бөгет болуда. Онда келетін еліңнен сотталмағаның туралы анықтама мен сол жердегі тұрақты тіркеуіңнен шығып келуді міндеттейді. Бұл екі талап та Қытай заңына қайшы. Қытайда мұндай анықтама беретін мекеме жоқ. Шетелге шығу паспортын сотталған адамдарға бергізбейді. Жеті түрлі қылмысы бар адамға пас­порт берілмейді.

Қытайдың тұрақты тіркеуінен қандай адамдар шығады? Бірінші, өліп құтыласыз. Екінші, шетелде барлық құжаттарыңыз жасалып, көші-қон келісімі бойынша аттанатын болсаңыз (бізде екі ел арасында көші-қон келісімі жасалмағандықтан, олай кету мүмкін емес) ғана НОПОС өшіріліп, азаматтықтан шығарылады.

Мырзан Кенжебай, «Мәдениет» журналы редакторының орынбасары:

– Сонда осының бәрін біздің жоғары жақтағылар білмей отыр ма? Олар біледі, білгендіктен істеп отыр. Кейбіреулер қазақтың көбейіп кетуінен қорқады. Естеріңізде болса, 2009 жылғы Ұлттық санақта қазақтардың санын әуелі 68 пайыз деді, сосын 64 пайызға түсірді. Сол секілді Қытай қазақтарының келуіне қойылған бұл кедергі де қазақтың көбеюінен сескенетіндердің жасап отырғаны.

Есенгүл Кәпқызы, журналист:

– Бұған дейінгі заңнамалық актілерде жақша ішінде «бұл талап этникалық қазақтарға жүрмейді» деген сөйлем болатын. Соңғы жылдардағы Қаулыларда осы сөйлем түсіп қалған еді. Сол себепті де, оралмандардың тіркелуі қиындап кетті.

a4e947c539662c833ff9950036c70698.JPG

ЕНДІГІ ҮМІТ – ПАРЛАМЕНТТЕ

Ауыт Мұқибекұлы, ақын:

– Я, бар қиындықты тудырып отырған қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруы мен азаматтық алуында талап етілетін Үкіметтің №111 Қаулысындағы екі құжат қой. Өткен 2014 жылдың 4 мамырында Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Үкіметке №1026 тапсырма берген соң, бұл кедергі алынып тасталатын шығар деп ойланғанбыз. Өкінішке қарай, жақында бір сайтта жарияланған жауап хатында С.Сайыновтың жа­уабы көңілден шықпады. ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің бастығы Е.Сайынов өзгеріс енгізгелі жатқан Заң жобасында да «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау кезінде мемлекетті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында азаматтығы тиесілі және (немесе) тұрақты тұратын мемлекетіндегі соттылығы (соттылы­ғының жоқтығы) туралы құжаттың болуы көзделді» депті.

Дегенмен үміт те жоқ емес. Ең бастысы, өздеріңіз секілді ақпарат құралдарындағы журналистер арқылы бұл жағдайдан жоғарғы жақ толық хабардар. Қаншама хаттар жазылды. Тіпті, Көші-қон жайындағы мақалал­арымызды кітап етіп шығарып, қолдарына да ұстаттық. Ең бастысы, бұл жолы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бір ауыз пікір айтар деген ойдамыз. Ол кісі қытай тілінің маманы. Дипломат. Қытайдың заң-зәкүнін беске біледі. Жасырып қайтейік, біз өзіміз сол елде туып-өсіп, оқып тұрып, Мао заманындағы кейбір құпияларды, саяси шиленістерді осы Қасекеңнің «Беласу» кітабының «Аспан астындағы дауыл» деген тарауын оқығанда барып білдік қой. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жолғы Заң жобасында аталмыш екі құжатты қол қоюға жібере қоймас-ау! «Қандастарымызға жол ашуымыз керек. Қазақтың жері кең. Орналасамын деген жерін өзі таңдасын!» – деп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та айтты. Енді ІІМ-не­ мемлекеттік және қоғамдық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етудің үлкен мүмкіндігі туып отырғанын түсінетін кез жетті емес пе?!

Базарәлі Әріпұлы, кәсіпкер:

– Мемлекет бір елге ғана бағыттап заң жасамайды ғой. Моңғолиядан келетін азаматтардың құжат тапсыруы басқашалау. Мен білгенде: Моңғолия қазақтары елге келгенде сотталмағаны жөнінде анықтама әкеледі. Оны нотариус арқылы растап өткізеді. Бұл – бір. Екіншіден, Моңғолия елшілігінен қарсы емеспіз деген анықтама сұрайды. Олар оны екі-ақ күнде дайындап береді. Екі елдің келісімі солай. Ал Өзбекстаннан да сотталмағаны жөнінде анықтама, кету парақшасын да әкеле алады. Бірақ Моңғолиядағы жүйеден айырмашылығы 100 доллар көлемінде ақша алады, сонан кейін бір айдан кейін дайындап береді.

Ал негізгі шешілмей тұрған мәселе не? Ол Қытай қазақтарының жайы болып тұр. Өйткені Қытайда жүйе басқа. 2007 жылы сәуірдің 29 күні ҚХР 10-кезектік мемлекеттік халық құрылтайы тұрақты комитетінің 21-жобалар мәжілісінде мақұлданған № 50 бұйрықтың 13-тармағында шетелге шығуға өтініш білдірген азаматқа төмендегі жағдайдың біреуі жүрсе, паспорт столы төлқұжат рәсімдемейді, шетелге шығуға тыйым салынады:

ҚХР-дың азаматы емес болса; Өзінің кім екендігін дәлелдей алмаса; Құжат алу барысында жалған документ жасап, алаяқтық істесе; Сотталып, жазасын өтеуде болса; Соттың толық шешімі шықпаған істі адамдар болса; Қылмысты іске қатысы бар деп жауапқа тартылған күмәнді адамдар болса; Мемлекеттік құзырлы мекемелерде қызмет атқарған, шетелге шыққан соң мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіреді, зор залал келтіреді деп есептелсе.

Бұл – Қытайдан келіп жатқан қазақтардың барлығы Қытайдың заң тәртібіне бой ұсынған, сотталмаған адамдар деген сөз.

Азаматтықтан шығару яки кету парақшасын берудің тәртібі 1980 жылғы 10 қыркүйекте ҚХР бүкілмемлекеттік халық құрыл­тайының 3-жалпы мәжілісі қабылдаған 9-тармақ: шетелге қоныстанған Қытай азаматы өз еркімен шетел азаматтығын қабылдаса, сол күннен бастап Қытай азаматтығынан автоматты түрде шығарылады деп есептеледі.

«Әр қазақ – менің жалғызым» деп Сабыр Адай айтқандай, шетелде тұратын әрбір қазақ елімізге қандай жолмен келсе де, бізге олжа. Қазақтардан жалпы сотталмаған деген құжат сұратудың қажеті жоқ, өйткені сотталған адамға онсызда Қытай тарапы төлқұжат бермейді.

НОПОСТАН шығу (кету парақшасы) дегенді Моңғолия, Өзбекстаннан келген қазақтардың бәрі әкеліп жатыр, ҚХР-ның заңында сіз екінші елдің азаматтығын алған жағдайда сыртқы істер консулдығына яки сол елдегі елшіліктерімізге, болмаса сыртқы істер министрлігі арқылы қатысты орындарға хабарланған жағдайда автоматты түрде азаматтықтан шығарылады деп отыр. Мына заң тұрған кезде Қытай бізге кету парақшасын бермейді, сондықтан мұның да бізге керегі жоқ.

Бұрын шетелден келіп, Қазақстанның ЖОО-да білім алған қазақтың балалары 3-4 жыл ішінде азаматтық алып алатын еді. Ал қазір 3 жылдан асып барады, университетті бітірген соң, «Шық, кет!» дейді. Зорлап шығып кету визасын қойып береді. «Қаламын» деп шырылдап жылағыныңа қарамайды. Бұл не? Олардың кейбірі жастайынан келіп, «оралман» ретінде оқуға түскен балалар, кейбірінің ата-анасы тұрақтанып алған. Сонда неге оларды мемлекет ақшасымен 4 жыл бойы оқытып алып, қайтадан шығарып жібереміз. Олар қайта келе ала ма? Кейбірі торығып қайтып барып, «қытай болғаным артық» дейтін шығар. Сондықтан студенттерге 4 жыл күттірмей-ақ азаматтық беру керек.

Азаматтыққа тапсыра алмаған, елімізге көшіп келіп алған сан мыңдаған қандастарымыз тіркеу мерзімдерінің біткеніне, заңға қайшылығына қарамастан «бауыр өлтірмейді, жат жарылқамайды» деп, бір күні бізді қабылдар деген қазақы үмітпен отыр. Оларға айыппұл салып, қара таңба басып жіберсе, 5 жылға дейін қайтып келе алмайды. Кейбірі баспанасын, малын қамдап алды, балалы болып алғандары да бар. Осы жағдайда бұрынғыдай уақытша тіркеумен, тіркеуі жоқ болған жағдайда бір реттік заң негізінде жеңілдік жасап, азаматтық қабылдау керек.

Омарәлі Әділбекұлы, «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– «Жебеу» атты республикалық кәсіпкерлерден құралған қоғамдық бірлестікте көші-қон заңына байланысты депутаттарға кеңесші ретінде ұйым атынан Рахым Айыпұлы мен Ауыт Мұқибекұлы екеуі біздің пікірімізді жеткізеді деп сеніп отырмыз.

Студенттерді жатақханаға тіркеуге бола ма? Мысалы, анау Сарқанттан келіп, Талдықорғанға тіркелудің өзі бір шаруа. Нарынқолдан кеп, Алматыға тіркеледі, оны сол жердегі аудандық төлқұжат бөлімінде тіркеуге болмай ма? Президент «Шетелдегі қазақ келсін!» деп жатыр, бірақ ортадағы шенеуніктер Қытайдың заңын толық білмейді. Білсе де дұрыс жасап отырған жоқ.

Мырзан Кенжебай, «Мәдениет» журналы редакторының орынбасары:

– «Қытайда дүбәрә ұрпақ дүниеге келуі мүмкін», – дейді. Ал, Қазақстандағы көптеген адамдардың өздері – дүбәрә ұрпақ. Олар: қазақша сөйлемейтіндер, қазақша ойлай алмайтындар… Егер жұдырықтай жүрегінің жұлым еті «Қазағым, ұлтым!» деп соғатын адамдар билік басында отырса, мұндай мәселе көтерудің өзі ұят болар еді. Бұл – бір. Дүниедегі ең жаман нәрсе – дүбәрәлік. Қазақтың ақсақалдарының көбі дүбәрә. Қазақтың ешбір ақсақалы айтпаған нәрсені неміс ақсақалы Герольд Бельгер айтты: «Мен қазақтарды түсінбеймін, шетелден келген қазақтардың біреуін қытай, біреуін өзбек, біреуін моңғол, біреуін шала қазақ, – дейді, – қуанудың орнына солай дейтіндерін түсінбеймін». «Қазақтың дұшпаны – қазақ» дегенді шығарды билік басындағылар. Қазақта ондай сөз жоқ қой, жүзге бөлу өз алдына. Ұлтты санасыздандыру, дүбәрәландыру, біріне-бірі мейірімсіздік, қазақтың басын қоспау… Баршаны айтпаймын, алайда қазақтың көбейіп кетуінен билік басындағылардың кейбірі қорқатын сияқты. Қазақтың санын азайтып көрсетеді. Бұл билік басында дүбәрәлардың болуынан ба деп ойлаймын. Қазірден бастап, «Оралман тағдыры – Отан тағдыры» деген ұран көтеру керек.

Есенгүл Кәпқызы, журналист:

– Қазір көші-қон заңы талқыланып жатыр. Сондықтан, біз тағыда өкініште қалмайық, заң жобасы қабылданғаннан кейін әттеген-ай, мына жері дұрыс болмапты деген сан соғулар болмас деп осы талқылауды өткізіп отырмыз. Бұл талқының басы деп ойлаймыз. Әлі талай талқыланатын мәселелер бар. Былтыр құрылған жұмыс тобының мүшелерімен сөйлестім, оларға заң жобасы әлі түспеген. Биылғы жылдан тағы да қалып қоймаса екен деген күдік басым.

P.S. Қазақстан телеарнасындағы «Алаң» бағдарламасының соңғы саны «Оралмандарды қабылдау тәртібі өзгере ме?» деген тақырыпта өтті. Бағдарламаға депутаттар, Ішкі істер органының өкілі, Денсаулық және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің өкілдері және қоғамдық ұйым басшылары қатысты. Әңгіме барысында түйгеніміз: жоғарыдағы бізді сан түрлі сауалға жетелеген атышулы баптың құзырлы органдардың назарында екендігі. Алайда оған қандай да бір өзгерістер енгізіле ме, жоқ па? Ол жағы күңгірт.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған, бүгінде Денсаулық және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бастаған топ халықтан үш рет сүйінші сұрап, оралмандарды қабылдаудың тәртібі өзгеретіндігін айтты. Алайда заңға әлі өзгеріс енгізілген жоқ. Үкімет асықпайды. Ең өкініштісі, осы аралықта аяғынан таусылып қаншама оралман пұшайман болып жүр. Олардың бәрі өзіміздің қазағымыз екенін ұмытпасақ, ләзім.

Дайындаған Жәнібек Ғалым