Алматыда киберхакерлер сотталды

Алматыда киберхакерлер сотталды

Алматыда киберхакерлер сотталды
ашық дереккөзі

Алматы қаласында 60-қа жуық мемлекеттік мекеме мен жеке компаниялардың шотынан ақша ұрлап ұсталған киберхакерлер ісіне қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Аталмыш қылмыстық топ 20 адамнан құралған. Қылмыстық топтың серкелері – ақпараттық технологияда айтарлықтай тәжірибесі бар екі адам. Олар өздерінің жымысқы әрекетін 2015 жылдан бері жүзеге асырып келген. Қылмыстық топтың өкілдері бұл іске тағы 18 адамды жұмылдырған.

Алаяқтар Франция, Германия, Ұлыбритания мен АҚШ-та орналасқан серверлері арқылы өздері жасаған қауіпті бағдарламаларды пайдаланып, қазақстандық салымшылар шотынан ақша ұрлаған. Екі жыл ішінде қылмыстық топ 53 миллион теңгені жымқырып үлгеріпті.

Алайда қылмыстық топ арам жолмен келген қаржыны толық жұмсай алмаған. Сөйтіп ұрланған қаржының жартысы иелеріне қайтарылды.

Ал кеше Алматы қалалық Бостандық ауданының №2 сотының судьясы қылмыскерлерді бас бостандығынан айыру туралы шешімді жариялады.

 «Қылмыстық топты құрған Омаров пен Дасторовқа 7,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олардың мүлкі де тәркіленеді. Сондай-ақ, 13 адамға үш жарым мен 7 жыл аралығындағы түрмеге тоғыту жазасы кесілсе, 5 адам шартты жазаны өтейді», – дейді қалалық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Дияс Махамбетов.