Жаңалықтар

Ел азаматтары: Бұл үндеу - демократиялық дамудың жаңа белесі

ашық дереккөзі

Ел азаматтары: Бұл үндеу - демократиялық дамудың жаңа белесі

Әділ Ахметов, Мемлекет және қоғам қайраткері: – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысында өкілеттіктерді бөлу жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылып, осы уақытқа дейін жинақталған отандық және шетелдік тәжірибе жайы сөз болды. Мемлекет басшысы Президентке жүктелген бірнеше өкілеттікті Үкімет пен Парламентке тапсыру мәселесіне тоқталды. Елдегі бағдарламаларды бекіту, Үкіметте кадрларды тағайындау және жаңа басқару органдарын құру сияқты бірқатар өкілеттікті Үкімет пен Парламент құзырына беру қажет екенін айтқан Елбасы Н.Назарбаев үкіметтің, Парламенттің рөлін күшейту жөнінде мәселе көтерді. Тек қана рөлін ғана күшейту емес, олардың жауапкершілігін арттыру жайы айтылды. Қазір конституциялық өзгерістер жасалып жатыр. Бұл жаңалықтан күтетін үміт көп. Зинаида Федотова, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының профессоры: – Біз негізінен Үкімет иеленуге тиісті ұйымдастыру-атқару функцияларын беріп жатырмыз. Бұл – Үкіметтің де жауапкершілігі. Парламенттің жұмысына қатысты алсақ, біз Мәжілістің көп жағдайда келісім беру жөніндегі өкілеттікке ие екенін көріп отырмыз. Бүгінгі таңда аталған мәселенің қолға алынуы көңілімізден шығады. Өйткені мемлекеттік басқару ісіндегі Президент пен Үкіметтің, Парламенттің және өзге де органдар арасындағы өзара қарым-қатынас уақыт талабына сай болғаны жөн. Сондықтан да Президенттің бірқатар өкілеттігін Үкімет пен Парламентке беру жөніндегі ұсынысты талқылауымыз өте орынды деп санаймын. Шын мәнінде ұйымдастыру-атқарушылық істер негізінен Үкіметтің құзыретінде болғаны жөн. Солай еткенде Үкіметтің ел алдындағы жауапкершілігі де жоғарылайтын болады. Сонда Үкімет өзінің жауапкершілігі туралы көбірек алаңдайды. Өмірәлі Жалаири, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры: – Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу – Қазақстан дамуындағы жаңа кезең. Қазақстан Республикасының Президенті 11 қаңтарда Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойған болатын. Содан, іле-шала Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков жетекшілік ететін, құрамында Парламент, Үкімет, Жоғарғы сот, өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ, заңгерлер мен ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың өкілдері енгізілген жұмыс тобы құрылып, олар өздеріне тапсырылған тиісті міндетті жүйелі түрде атқаруға кірісіп кетті. Ал Ақордада Елбасының басқаруымен ұйымдастырылған отырыста аталған жұмыс тобының іс-қимылы кеңінен талқыланып, бірқатар мәселелер сөз болды. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Конституциядағы барлық қағидалардың орындалуы нәтижесінде Қазақстанда көптеген табыстарға қол жеткізілгеніне тоқталған Елбасы еліміз аман, жұртымыз тыныш екенін, тұрақтылықтың арқасында орнықты дамуға жол ашылғанын атап өтті. Сонымен қатар, Президент елімізді осы бағытынан ажыратпай, ілгері бастыра беру үшін бес институттық реформа арқылы елді демократияландырудың өзектілігін жеткізді. Елбасы Президенттің бірнеше өкілеттігін Үкіметке қарай жылжыту мәселесін қарастыру уақыт талабы болып табылатындығын атап өтті. Өтпелі кезеңде мемлекеттік басқарудың бір қолда болғанының дұрыстығын уақыттың өзі көрсетіп берді. Бұл 25 жыл ішінде еліміздің аяқтан тұрып, алға жылжуымызға мүмкіндік берді деп айта аламын. Ал қазіргі кезде президенттік бірқатар өкілеттікті Парламент пен Үкіметке берудің кезегі келді деп санаймын. Өйткені қазіргі жағдайда барлық міндет Президентке жүктеліп, соның салдарынан Үкіметтің жауапкершілігі төмендеп кетті. Ал нарықтық кезеңде реформаларды жүргізу үшін қоғамдық қатынастарды әрі қарай дамыту керек. Ал бізде Парламент өкілетті заң шығарушы орган. Ол өзінің заң шығаруымен, оны қадағалаумен Үкімет шұғылданса, онда біздің еліміз одан әрі дамиды деп ойлаймын. Біз Парламент туралы, Президент туралы, Үкімет туралы конституциялық заңға өзгеріс енгіземіз деп отырмыз. Президенттің кейбір өкілеттілігін Парламент пен Үкіметке беріледі. Енді Президент тек қана ішкі және сыртқы саяси мәселеге, Ұлттық қауіпсіздік мәселеге ғана қатысып, қалған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді басқа органдарға бөліп беру қарастырылуда. Мұның бәрі қағазға түсіріліп, халық болып талқыға саламыз. Содан кейін Конституцияға, заңға өзгерістер мен толықтырулар енгіземіз. Мұрат Бақтиярұлы, сенатор: – Елбасының жарлығымен билік тармақтарының арасындағы өкілеттікті бөлу мақсатында арнайы комиссия құрылған болатын. Аталған топтың жұмысы кеңінен талқыға салынды. Бұл негізі көптен бері айтылып келе жатқан дүние. Мемлекет басшысының былтырғы жолдауында да, «100 нақты қадамның» ішінде де бар. Соның ішінде үш нәрсені бөліп айтқым келеді. Өйткені бізде Конституция бойынша биліктің үш тармағы бар. Атқарушы билік, яғни Үкіметке көптеген өкілеттіктер, атап айтқанда әлеуметтік және экономикалық бағыттары жүктелген. Себебі Үкімет жаңа бағдарламаларды, бюджетті қабылдайды. Бірақ орындауға келгенде осы мәселелерге президент жауап беретін секілді болып қалады. Сондықтан Үкімет, әрбір ведомство, әрбір министрлік өздері қабылдаған бағдарламаларына жауапты болуы керек. Екіншіден, Үкіметтің парламент алдындағы жауапкершілігіне қатысты айтып өткен жөн. Биліктің екінші тармағы – Заң шығарушы органдар. Оның ішінде қос палата бар. Үкіметтің осы екі палатаның алдындағы жауапкершілігін күшейту мәселесі тұр. Бұрын жеңіске жеткен партия үкіметті жасақтайтын. Үшіншіден, сот билігі. Бұл жерде әкімшілік сот, азаматтық істерге прокурорларды мейлінше аз қатыстыру қарастырылады. Сонымен бірге сот орындаушыларды бақылау функциясы күшейтіледі. Міне, осы үш бағытта өзгерістер болуы мүмкін. Жалпы, бұл мәселе қоғамда көп талқыланады. Президентке артылар жүк үлкен. Сол себепті өкілеттікті үкімет пен парламентке бөліп беру – заман талабы деп ойлаймын. Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – Төрткүл дүние қазір жаңа өмір шынайылығына, жаңа заманға аяқ бас­ты. Бұл жағдай биліктің барлық тармақтарының жауапкершілігін, тіпті ел мүддесі жолындағы жанкештілігін арттыруды қажет етеді. Экономикалық өрлеу, әлеуметтік даму, қоғамдық тұрақтылық, дінаралық және этносаралық татулық, тұтас алғанда, «Мәңгілік ел» құру – осы істің басында жүрген жалғыз Елбасыға ғана емес, ең әуелі мына аумалы-төкпелі заманда жайлы жатып, жақсы тұруды тілейтін қалың жұртымызға керек. Демек, әрбір қазақстандық, соның ішінде әсіресе, билікте жүрген әрбір азамат ортақ іске қомақты үлес қосқаны маңызды. Бұл ретте Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысында Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіліп отырған реформаларға және олардың табысты іске асырылуына мемлекеттік органдардың жауапкершілігін көтеру қажеттігін атап көрсетті. Алда Үкіметтің дербестігі арттырылып, оның өз бетінше қимыл-маневрлар жасау өрісі кеңейтіледі. Елбасы мемлекеттік басқару жүйесіндегі біздің Парламенттің рөлін пәрменді түрде күшейту керектігін қадап айтты. Атап айтқанда, көптеген мәселелер бойынша Парламенттің Үкіметке қатысты рөлін қайта қарау көзделуде. Кезінде қазақтың бас хандары да парламентаризмнің ежелгі үлгісі – халық таңдаған билер институтымен билік бөлісіп, бірқатар биік құзырларды соларға артып отырған. Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би және басқа да ел аттарын ардақтап, айтқандарын жаттаған дана да саналы тұлғалар ел тағдырын шешер шешімдерді қабылдауға тартылған. Олар бәрін ханға артпай, сын сәтте ел алдына шығып, тарихи жауапкершілік алып отырған. Қазақстан көшбасшысының бұл шешімі «Мәңгілік ел» құрамын деген арманды тілектен, елін сүйген перзенттік жүректен туындағанын түсінеміз. Елбасының Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу бастамасының болашаққа бағдарланғаны айқын аңғарылады. Парламент пен Үкіметтің, сондай-ақ Ұлт жоспары аясында сот билігінің дербестігін күшейту, жауапкершілігін жаңа деңгейге көтеру сайып келгенде, Қазақстанды замананың дүлей дауылдарына оңай шыдас беретін конструкцияға айналдырады. Ал бұл – шетелдік инвесторлар да жоғары бағалайтын құндылық болып табылады. Бұл сонымен бірге Қазақстанның демократиялық дамуының жаңа белесі болып табылады. Осының барлығы республикамыздың дамыған мемлекетке айналуын қамтамасыз ететін қадамдардың бірі деген ойдамын.