Өмірімді өзгерткен 4 ай – Италияда білім алған қазақ қызы

Өмірімді өзгерткен 4 ай – Италияда білім алған қазақ қызы

Өмірімді өзгерткен 4 ай – Италияда білім алған қазақ қызы
ашық дереккөзі
Қазір шетелде білім алам деген жастарға жол ашық. Бүгінгі кейіпкеріміз Тоғжан Есемұрат Италияда, Sapienza университетінде студенттерді алмастыру бағдарламасы аясында білім алып келді. Шетелде білім алуды көздеп жүрген жастар нені білуі керек? Италияда қандай мамандықты тереңдетіп оқытады, жалпы, мемлекеттің қандай ерекшеліктері бар? Назарларыңызға Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының студентімен болған сұхбатты ұсынамыз. – Италияға оқуға қалай бардыңыз? Университеттегі бағдарлама туралы айтып өтсеңіз. – Римге 4-курстың 1-семестрінде студенттерді алмастыру бағдарламасы аясында бардым. Жалпы, бұл конкурсты 3 рет ұтқанмын, бірақ екеуінде карантин басталып кеткендіктен, сәті түспеді. Бұл бағдарлама еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында бар. Оның шарты бойынша шетелдік университеттегі студент Қазақстанға, қазақстандық студент шетелде білім алуға мүмкіндік алады, яғни студенттер орын алмасады. Соның ішінде өзім Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында, «дизайн-архитектура» мамандығында оқып жатқандықтан, шетелде білім алуға мүмкіндігім болды. Италия – бұл салада өте дамыған мемлекет. Сол үшін Италияның Sapienza университетінде тәжірибе алмасып, білімімді одан сайын еселедім деп айта аламын. Негізінде бұл бағдарламаның екі түрі бар: біріншісі – erasmusplus, екіншісі – студенттерді алмастыру. Erasmus бойынша студенттің барлық шығынын университет өтейді. Ал екіншісінде ұшып барып-келу, бір айға сол жақта тұруға ақша береді де, қалған шығындарыңызды қажеттелігіңізге қарай өзіңіз көтересіз. Ол жақта ақшаның курсы өте қымбат болғандықтан, біршама шығындаласыз. Тамақтары бізден 3 есе қымбат, бірақ киімдері арзан.  width= – Екі елдің оқу бағдарламасын салыстырмалы түрде айтсаңыз. Сізге қайсысы, несімен ұнады? – Бізде мұғалімдер көбіне студенттерді міндеттейді. Сабаққа келмей қалсақ, «жоқ» деп белгілейді, балыңды төмендетеді. Ал шетелде барлығы оңай, сізді олай ешкім қинамайды, профессорлар бұндай мәселеге басын мүлдем ауыртпайды. Семестр бойы сабаққа бармай қойсаңыз да, өз еркіңізде. Ең бастысы – соңғы емтиханда барып, бүкіл тапсырманы тапсыруға міндеттісіз. Бірақ, емтиханда (мысалыға) «3-сабақта не айттым?» деген сұрақ қоюы мүмкін. Ал сіз бармасаңыз, оны білмейсіз. Сол себепті сабаққа әркім өзі үшін барады. Екінші айырмашылық – профессорлар мен студенттердің қарым-қатынасында. Италияда студент кез келген уақытта профессорларға барып, өзін мазалап жүрген сұрақтарын қоя алады, тіпті, жеке өміріне қатысты кеңес сұрауға да болады. Ол жақта WhatsApp деген түсінік жоқ, мұғалімнің поштасына жазасыз. Барлығы пошта арқылы жауап береді, АҚШ-тағыдай Италияда да «электронды пошта мәдениеті» қалыптасқан. Тағы бір байқағаным, италиялықтар сабақты жарысып оқиды. Мысалға, жалпы балл – 30 болса, 28 балл алып қалған студент апелляцияға беріп жатады. «Маған 30 балл керек» деп айтатындары да бар. – Италиялықтардың өмірі, күнкөрісі қандай? – Италияның ұнағаны – олар өздері үшін өмір сүретін мемлекет. Бала-шаға, ағайын-тума, көрші-қолаң үшін өмір сүрмейді. Себебі, оларда ең көп дегенде бір-екі бала болады, 40-тан асқан кезде үйленеді. Оған дейін өзі үшін өмір сүреді, жұмыс істейді, әлемді саяхаттайды деген секілді. Сосын 40-қа келген кезде үйлену туралы ойланады. Арасында үйленбей, жалғыз өзі өмір сүретіндері де кездеседі. Ол жақта бала асырау қиын, өте қымбат, өйткені күнкөріс қымбатқа түседі. Бір сөзбен айтқанда, оларға бала асырау тиімсіз. Баланың орнына олардың әрқайсысы ит асырайды. Себебі, ит асырағаны үшін мемлекет оның күтіміне ақша береді. Оны шаштаразға апару, жуындыру – жалпы, итке қатысты барлығын істеп тұру керек. Сол үшін де Италияда біздің Қазақстандағыдай далада қаңғып жүрген ит көрмейсіз.  width= – Сіздің салаңыз Италияда қаншалықты дамыған? Бізге қарағанда несімен ерекшеленеді? – Тарихқа жүгінетін болсақ, Италия – дизайн, архитектураның отаны. Мықты деген архитекторлар мен дизайнерлердің көбі сол жерден шыққан. Жалпы, Италиядағы кез келген қалаға барып, жай ғана далада жүрсеңіз болды, дизайн мен архитектураның жарқын көріністері жан-жағыңызда тұрады. Мысалға, ол жақтағы дүкендер, ғимараттар, сауда-үйлерінің ерекшелігі – стилінде, әрқайсысы бір-бірінен ерекшеленеді. Далаға шығып, серуендегеннің өзінде архитектура мен дизайннан бойыңыз мотивацияға толып, әрі қарай жаңа бір орын ашқыңыз келеді. Мамандық пен жұмыс бойынша да жақсы дамыған, мамандар жоғары айлық алады. Олардағы ерекшелік – құжаттың көптігінде. Мысалға, бізде дизайн саласында жұмыс жасағанда құжат бар, келісімшарт жасайсыз. Олар оңайлау, барасыз, келісімшарт жасап сатасыз, қол қою деген секілді. Ал ол жақта қиын. Үйге қатысты құжаттар өте көп. Бір үйдің дизайн, архитектурасын жасаған кезде де, бір үйді бұзып, жаңасын сала алмайсыз. Оған мемлекеттің рұқсаты керек, себебі, ол – тарихи жер. Тіпті, өзіңіз сатып алған үйіңізге өзгеріс жасағыңыз келсе, қағаз жүзінде мемлекеттен рұқсат сұрауға міндеттісіз. Түсінгенім, Италияда қағазбен жұмыста мәселелер өте көп. Бұл, әрине, ерекшелігі емес, жалпы, біздің елмен салыстырғанда айырмашылығы осы жерде болып тұр. – Италия туристерге арналған мемлекет пе? Қандай жерлеріне бардыңыз, қайда саяхат жасадыңыз? – Италия – нағыз туристерге арналған ел. Себебі, туристер бір елге ол жақтың тарихын, елін-жерін, мәдениетін көргісі келгендіктен барады. Ал Италияның тарихы да, мәдениеті де, тамағы да қызық. Ол жақта бір семестр тұрсам да, көп жерін көріп үлгере алмадым, себебі әдемі жерлері тым көп. Шыны керек, Италияда өткен 4 ай өмірімді түбегейлі өзгертті.  width= Өзім Италияның 6-7 қаласында: Рим, Милан, Флоренция, Венеция, Палермода болдым. Әр қаласының өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, Рим тарихи жерлерге бай болса, Миланда көбіне заманауи орындар. Әрбір қаланың өзіндік стилі бар. Милан қаласы бірнеше архитектураның қосындысы іспетті. Орталығы – тек заманауи жерлер, бір жағында – ескі архитектура, түрлі дизайнмен жасалған ғимараттар, үйлер тұрады. Бұл жерді сән қаласы дейді, әрбір тұрғыны талғамға сай киінеді. Ал Венеция судың ортасында орналасқандықтан, ондағы халық машинаның орнына қайық пайдаланады. Қайық такси болады, полиция да осындай көлікпен жүреді. Мен Венецияға карнавал кезінде бардым. Тұруға ыңғайсыз қала. Үйлері кішкентай, суда орналасқандықтан, үйлердің іші ылғалданып, көктеп кетеді екен. Шетелде оқығысы келетін студенттерге қандай кеңес бересіз? – Ең бастысы, тіл оқу. Қазіргі уақытта тіл білмесеңіз, ешнәрсе істей алмайсыз. Қазақстанның өзінде кей жұмыс орындары ағылшын тілін білуді талап етеді. Болашағым жарқын болсын десеңіз, әлемге шығам десеңіз, онда міндетті түрде ағылшын тілін білуіңіз керек. Ағылшын тілін ғана емес, жалпы көп тіл білгеніңіз, өзіңізге пайдалы болмақ. Екіншіден, мүмкіндіктерді іздеп әрі пайдаланып үйреніңіз. Сізге ешкім келіп шетелде оқытатын бағдарлама тауып бермейді. Өзіңіз ізденіп, адамдардан сұрап, қажеттіліктеріңізді қанағаттандырсаңыз, алдыңыздан талай мүмкіндіктің шығары анық.  width= Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ.