Жаңалықтар

Өмірімді өзгерткен 4 ай – Италияда білім алған қазақ қызы

ашық дереккөзі

Өмірімді өзгерткен 4 ай – Италияда білім алған қазақ қызы

Қазір шетелде білім алам деген жастарға жол ашық. Бүгінгі кейіпкеріміз Тоғжан Есемұрат Италияда, Sapienza университетінде студенттерді алмастыру бағдарламасы аясында білім алып келді. Шетелде білім алуды көздеп жүрген жастар нені білуі керек? Италияда қандай мамандықты тереңдетіп оқытады, жалпы, мемлекеттің қандай ерекшеліктері бар? Назарларыңызға Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының студентімен болған сұхбатты ұсынамыз. – Италияға оқуға қалай бардыңыз? Университеттегі бағдарлама туралы айтып өтсеңіз. – Римге 4-курстың 1-семестрінде студенттерді алмастыру бағдарламасы аясында бардым. Жалпы, бұл конкурсты 3 рет ұтқанмын, бірақ екеуінде карантин басталып кеткендіктен, сәті түспеді. Бұл бағдарлама еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында бар. Оның шарты бойынша шетелдік университеттегі студент Қазақстанға, қазақстандық студент шетелде білім алуға мүмкіндік алады, яғни студенттер орын алмасады. Соның ішінде өзім Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында, «дизайн-архитектура» мамандығында оқып жатқандықтан, шетелде білім алуға мүмкіндігім болды. Италия – бұл салада өте дамыған мемлекет. Сол үшін Италияның Sapienza университетінде тәжірибе алмасып, білімімді одан сайын еселедім деп айта аламын. Негізінде бұл бағдарламаның екі түрі бар: біріншісі – erasmusplus, екіншісі – студенттерді алмастыру. Erasmus бойынша студенттің барлық шығынын университет өтейді. Ал екіншісінде ұшып барып-келу, бір айға сол жақта тұруға ақша береді де, қалған шығындарыңызды қажеттелігіңізге қарай өзіңіз көтересіз. Ол жақта ақшаның курсы өте қымбат болғандықтан, біршама шығындаласыз. Тамақтары бізден 3 есе қымбат, бірақ киімдері арзан. – Сіздің салаңыз Италияда қаншалықты дамыған? Бізге қарағанда несімен ерекшеленеді? – Тарихқа жүгінетін болсақ, Италия – дизайн, архитектураның отаны. Мықты деген архитекторлар мен дизайнерлердің көбі сол жерден шыққан. Жалпы, Италиядағы кез келген қалаға барып, жай ғана далада жүрсеңіз болды, дизайн мен архитектураның жарқын көріністері жан-жағыңызда тұрады. Мысалға, ол жақтағы дүкендер, ғимараттар, сауда-үйлерінің ерекшелігі – стилінде, әрқайсысы бір-бірінен ерекшеленеді. Далаға шығып, серуендегеннің өзінде архитектура мен дизайннан бойыңыз мотивацияға толып, әрі қарай жаңа бір орын ашқыңыз келеді. Мамандық пен жұмыс бойынша да жақсы дамыған, мамандар жоғары айлық алады. Олардағы ерекшелік – құжаттың көптігінде. Мысалға, бізде дизайн саласында жұмыс жасағанда құжат бар, келісімшарт жасайсыз. Олар оңайлау, барасыз, келісімшарт жасап сатасыз, қол қою деген секілді. Ал ол жақта қиын. Үйге қатысты құжаттар өте көп. Бір үйдің дизайн, архитектурасын жасаған кезде де, бір үйді бұзып, жаңасын сала алмайсыз. Оған мемлекеттің рұқсаты керек, себебі, ол – тарихи жер. Тіпті, өзіңіз сатып алған үйіңізге өзгеріс жасағыңыз келсе, қағаз жүзінде мемлекеттен рұқсат сұрауға міндеттісіз. Түсінгенім, Италияда қағазбен жұмыста мәселелер өте көп. Бұл, әрине, ерекшелігі емес, жалпы, біздің елмен салыстырғанда айырмашылығы осы жерде болып тұр. – Италия туристерге арналған мемлекет пе? Қандай жерлеріне бардыңыз, қайда саяхат жасадыңыз? – Италия – нағыз туристерге арналған ел. Себебі, туристер бір елге ол жақтың тарихын, елін-жерін, мәдениетін көргісі келгендіктен барады. Ал Италияның тарихы да, мәдениеті де, тамағы да қызық. Ол жақта бір семестр тұрсам да, көп жерін көріп үлгере алмадым, себебі әдемі жерлері тым көп. Шыны керек, Италияда өткен 4 ай өмірімді түбегейлі өзгертті. – Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ.