«Жер сілкінісі 3 сағатқа созылған» – Түркияда оқып жатқан қазақ қызы

«Жер сілкінісі 3 сағатқа созылған» – Түркияда оқып жатқан қазақ қызы

«Жер сілкінісі 3 сағатқа созылған» – Түркияда оқып жатқан қазақ қызы
ашық дереккөзі
Түркияда 7,4 балдық жер сілкінісі болып, дүйсенбі күні елдің әр аймағында дүмпулер сезілді. Қираған үйлер, зардап шеккендер көп. Соның ішінде қаза болғандар саны 200 адамнан асып кетті. Turkystan.kz тілшісі Түркияда білім алып жатқан студент Әлия Бостанмен хабарласып, қазіргі жағдай туралы пікірін білді. Студенттің айтуынша, жер сілкінісінің ұзақтығы 3 сағатқа дейін созылған және үрейленген халық даланың суығына қарамастан сыртта тұрып, күтулеріне тура келген.
Түнгі сағат 4:17 шамасында Кахраманмараш провинциясында 7,4 балдық жер сілкінісі болды.  Жалпы, жер сілкінісі аталған қалаға жақын орналасқан қала аумақтарында да сезілген. Мәселен, Хатай, Анкара, Қараман, Кония, Адана сынды қалаларда. Жер сілкінісі үш сағатқа созылған. Түнгі төрттен жетіге дейін. Түркияда кешеден бері толассыз қар жауып жатыр, сол себепті бүгін университеттер мен мектептер жабық. Кейбір жұмыс орындары да өз жұмыстарын уақытша тоқтатты. Жер сілкінісінен қорыққан халық күн суықта далада күтулеріне тура келді. Мен өзім Қараман деген қалада тұрамын, Кахраманмараштан 120 километр қашықтықта орналасқан. Бізде түнгі 4:20 да сезілді. Үш-төрт рет сездік. Ұзақтығы 2 минутқа дейін созылды. Қорыққандарымыз сыртқа шығып күттік. Қатты зардап шеккен қала тұрғындарына жергілікті билік көмек беріп жатыр. Жалпы, бүкіл халық болып көмектесіп жатыр десем қателеспеймін. Себебі, басқа қалалар да құтқару жұмыстарына деп өз мамандарын, техникаларын жіберіп жатыр. Кахраманмарашта қазіргі таңда 42 құтқару көлігі мен екі тікұшақ жұмыс істеуде.