Кір жуатын ұнтақ шығарған кәсіпкер

Кір жуатын ұнтақ шығарған кәсіпкер

Кір жуатын ұнтақ шығарған кәсіпкер
ашық дереккөзі
Ілияс Батыршаев – шетелде алған білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жұмсап отырған жас кәсіпкер. Осыдан төрт ай бұрын шағын цех ашқан Кентау тұрғыны шетелдік өнімдермен бәсекеге түсе алатын кір жуғыш ұнтақ шығарды. «Бұл – бизнесімнің бастамасы», – дейді ол. АҚШ-тың Evansville қаласындағы University of Southern Indiana университетінде ин­женерингті басқару мамандығы бойын­ша білім алған Ілияс алдына «Елге оралған соң жеке кәсібімді ашып, отандық өндірісті дамытуға үлес қосамын» деген мақсат қоя­ды. Кәсіпкер мұхиттың ар жағында жүр­ген­де басына түрлі идея келгенін айтады. Алай­да еліміздегі тұрмыстық техника дү­кен­дері импорттық өнімдерге толып тұр­ғанын ойлап, кір жуатын ұнтақ шығару ту­ралы шешім қабылдапты.  width=«Инженерингтің саласы өте көп: құ­рылыс, химия, компьютеризация, ав­томатизация және өндіріс. АҚШ-та осы саланы басқару мамандығы бойын­ша магистратураны тә­мам­да­дым. Оның алдында елі­міздегі Қазақ-түрік уни­вер­ситетінде ағыл­шын, қытай тілі маман­дығын оқыған болатынмын. Жалпы, шет­елде нарықта қа­лай жұ­мыс істеу керегін үй­рет­еді, қа­зіргі заман талабына сай қызмет етуге бейімделесің. Елге келген соң үйренген дү­ниемнің пай­дасын кө­ріп жатыр­мын. Цехты ашқанымызға 4-5 ай болып қалды. Құжаттары, сертификаты жә­не түрлі сынақтары бар, тіркеуден өткізу керек дегендей. Жарты жыл бойы осы жұ­мыстармен жүрдім. Әлі де істейтін жұмыс көп. Еңбегіміздің нәтижесі жаман емес. Биз­нес деген бірден жүріп кетпейді ғой. Ол үшін көп тер төгіп, еңбек етуің керек. Негізі, бұрын­нан жеке кәсіп ашу туралы ойлап жүре­тінмін. Неше түрлі жоспар болды. Қарап отырсам, өзімізден ешкім кір жуатын ұнтақ шығармайды екен. Бәрі жапон, орыс, кә­ріс, қытай, неміс, америкалықтардың өні­мі. «Неге қазақтың өз ұнтағы жоқ? Олар­дан қай жеріміз кем?» деп ойладым. Сөйтіп, мың идеяның арасынан осыған тоқтадым», – дейді кәсіпкер.  width=Бүгінде цехта шетелдік технология­мен күніне бір тоннаға дейін кір жуа­тын ұнтақ өндіріледі. Құрамында 11 ком­понент бар. Оның 4-5-еуі елімізден алынса, қалғаны сырттан әкелінеді. Қазіргі ассортименттегі 3 келілік ұнтақ киімді 25-30 рет жууға жетеді екен. Кәсіпкер енді 40-50 рет жууға жететін тоқтаусыз даму тех­нологиясын іздеп жатқанын айтады. Ол үшін Жапониядағы мамандармен келіссөз жүргізіп жатыр. Сонымен қатар 1, 6, 9, 15 келілік ұнтақ шығару жоспарда бар. Әрине, жаңадан шыққан ұнтақ дүкен сөрелерінде толып тұрған бренд­тер­дей танымал емес. Десе де, тұтынушылар тара­пынан оң бағасын алып үлгерген. «Мысалы, шетелдік 3 келі ұнтақ киімді 20 рет жууға жетсе, біздікімен 25-30 рет жуа аласыз. Бұл – бірінші айырмашылығы. Құра­мында фосфат, хлор, артық химия жоқ. Экологиялық тұрғыдан таза. Адам де­не­сін тітіркендірмейді, керісінше жайлы­лық сыйлайды. Содан кейін құрамындағы оттекті әрі тазартатын арнайы компонент киім­ге жаңадан сатып алғандай өң береді, яғни жуғаннан кейін жап-жаңа болып шы­ғады. Бренд пайда бола салып, сұраныс бір­ден көбейіп кетпейді. Оның үс­тіне, елімізде бұл өндірісте шетелдік бә­се­келестер көп болғаннан кейін баяу дамып жа­тыр. Кез келген дүкенге барсаңыз, бәрі сырттан келген өнім. Енді осы олқылықтың ор­нын толтыратын кез келді. Жетістікке маңдай терің сіңген адал еңбекпен ғана жете аласың. Біз бұл тұрғыда тек жарнама, маркетинг­ке көңіл бөлмей, сапаға жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені бәрі осыған ке­ліп тіреледі. Жасап жатқан өнімің сапасыз болса, бәрі бекер. Қазір кө­біне өндірумен айналысып жа­тырмыз. Еліміздің әр өңірін­дегі дүкендермен келісім­шарт­қа отырып, сұраныс бойынша жібереміз», – дейді Ілияс Ба­тыр­шаев. Қазір кәсіпкердің қара­мағында бес адам жұмыс істейді. Олардың әрқай­сы­сына жүктелген міндет бар. Жас кәсіпкер енді тоқ­таусыз жұмыс істеп, ассортимент санын кө­бейтуді көздеп отыр. Тұрмыстық тех­ни­каға қажетті өнімдер, соның ішінде киім, ыдыс-аяқ жуатын гел, түрлі спрей мен кап­сула шығару жоспарда бар. Негізгі мақ­сат – экологиялық тұрғыдан таза, үнемді, бағасы да тиімді, ең бастысы сапалы дүние шығару.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ