Кір жуатын ұнтақ шығарған кәсіпкер
Кір жуатын ұнтақ шығарған кәсіпкер
Ілияс Батыршаев – шетелде алған білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жұмсап отырған жас кәсіпкер. Осыдан төрт ай бұрын шағын цех ашқан Кентау тұрғыны шетелдік өнімдермен бәсекеге түсе алатын кір жуғыш ұнтақ шығарды. «Бұл – бизнесімнің бастамасы», – дейді ол.
АҚШ-тың Evansville қаласындағы University of Southern Indiana университетінде инженерингті басқару мамандығы бойынша білім алған Ілияс алдына «Елге оралған соң жеке кәсібімді ашып, отандық өндірісті дамытуға үлес қосамын» деген мақсат қояды. Кәсіпкер мұхиттың ар жағында жүргенде басына түрлі идея келгенін айтады. Алайда еліміздегі тұрмыстық техника дүкендері импорттық өнімдерге толып тұрғанын ойлап, кір жуатын ұнтақ шығару туралы шешім қабылдапты.
Бүгінде цехта шетелдік технологиямен күніне бір тоннаға дейін кір жуатын ұнтақ өндіріледі. Құрамында 11 компонент бар. Оның 4-5-еуі елімізден алынса, қалғаны сырттан әкелінеді. Қазіргі ассортименттегі 3 келілік ұнтақ киімді 25-30 рет жууға жетеді екен. Кәсіпкер енді 40-50 рет жууға жететін тоқтаусыз даму технологиясын іздеп жатқанын айтады. Ол үшін Жапониядағы мамандармен келіссөз жүргізіп жатыр. Сонымен қатар 1, 6, 9, 15 келілік ұнтақ шығару жоспарда бар.
Әрине, жаңадан шыққан ұнтақ дүкен сөрелерінде толып тұрған брендтердей танымал емес. Десе де, тұтынушылар тарапынан оң бағасын алып үлгерген.
«Мысалы, шетелдік 3 келі ұнтақ киімді 20 рет жууға жетсе, біздікімен 25-30 рет жуа аласыз. Бұл – бірінші айырмашылығы. Құрамында фосфат, хлор, артық химия жоқ. Экологиялық тұрғыдан таза. Адам денесін тітіркендірмейді, керісінше жайлылық сыйлайды.
Содан кейін құрамындағы оттекті әрі тазартатын арнайы компонент киімге жаңадан сатып алғандай өң береді, яғни жуғаннан кейін жап-жаңа болып шығады.
Бренд пайда бола салып, сұраныс бірден көбейіп кетпейді. Оның үстіне, елімізде бұл өндірісте шетелдік бәсекелестер көп болғаннан кейін баяу дамып жатыр. Кез келген дүкенге барсаңыз, бәрі сырттан келген өнім. Енді осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді.
Жетістікке маңдай терің сіңген адал еңбекпен ғана жете аласың. Біз бұл тұрғыда тек жарнама, маркетингке көңіл бөлмей, сапаға жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені бәрі осыған келіп тіреледі. Жасап жатқан өнімің сапасыз болса, бәрі бекер. Қазір көбіне өндірумен айналысып жатырмыз. Еліміздің әр өңіріндегі дүкендермен келісімшартқа отырып, сұраныс бойынша жібереміз», – дейді Ілияс Батыршаев.
Қазір кәсіпкердің қарамағында бес адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсысына жүктелген міндет бар. Жас кәсіпкер енді тоқтаусыз жұмыс істеп, ассортимент санын көбейтуді көздеп отыр. Тұрмыстық техникаға қажетті өнімдер, соның ішінде киім, ыдыс-аяқ жуатын гел, түрлі спрей мен капсула шығару жоспарда бар. Негізгі мақсат – экологиялық тұрғыдан таза, үнемді, бағасы да тиімді, ең бастысы сапалы дүние шығару.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ