Ерсі сөзге елтіген есірік жұртқа айналмайық

Ерсі сөзге елтіген есірік жұртқа айналмайық

Ерсі сөзге елтіген есірік жұртқа айналмайық
ашық дереккөзі
...Баяғыда бір кісі Андағұл деген кісі базардан екі сырнай алып келе жатып өзіне өзі қатты ырза боп кетіп: «Заманың келді Андағұл, сырнайыңды бапылдат» деген екен. Сол айтқандай, бүгінде «әу» дейтіннің бәрі әнші, «мәу» дейтіннің бәрі «ақын» болып «заманы» келіп тұр! Өйткені интернет деген жарықтықтың ұяттан құлағы қызармайды, қағаз беті көтермейтін халтурадан белі майысып, көзі алақтамайды. Сон­дық­тан «әу» дейтіндер мен «мәу» дейтіндердің құдайы беріп тұр (және олардың бір-бірін адаспай тауып, «творчестволық одақ» құра қоятынын қайтерсің?!). Біреуі ыңылдап отырып «о, ән туды» деп отырған орнынан се­кіріп тұрса, екіншісі «о, сөзі мынау ғой» деп әлгі «әннің көрімдігіне» шикілі-пісілі бірдеңені сүйкей салады да, оны «ав­тор­ларының» бірі орындап шыға келеді, не «хит әні» болмай көзі қарауытып жүрген біреудің қо­лына түсе қоя­ды да, ертеңіне ютубта «гүл-гүл жайнап» шыға келеді. Оның астына талғамы «ән шы­ғар­ғыш­тардың» тал­ға­мымен деңгейлестер «керемет!», «тамаша!», «қандай әдемі ән!» деген сияқты атасы арзан жел сөзді, өтірік қо­шеметті бұрқыратады келіп! Әне хит, әне танымалдылық! Бірақ әнді «хит» қылам деп, «ит» қылып алып жүргендер күпінің битінен көп-ау бүгінде! Кеңестік кезеңнің цензурасын қазір ит қосып қуамыз ғой, бірақ сол кезде ән­нің сөзі түгілі әуенін елу елек, алпыс сүз­гі­ден өткізіп – сынның диірменіне тартатын қа­талдықтың дәмін татқандар «осыны неге ға­на жаза қойып едім» деп түңілсе, бүгінде ті­сін шұқып, ыңылдап отырып бірдеңе шы­ғара қойса, ютубқа ала жүгіреді. Айында тап­қан бір жұмыртқасына «рас па, өтірік пе» деп «қоқ-қооқ» деп мәз болатын тауық секілді жұрт­қа түрлі мессенджерлерден таратып, тері­сіне сыймай жүреді сабаздарың. Бұрынырақта әнді сынау дегенің сой­қан болған ғой, тіпті ел арасында бел­­гілі әндерге жасалған пародиялар жүретін. Мы­салы, Н.Тілендиев пен М.Шахановтың «Әке туралы жырын» тіліне шиқан шық­қан­дар «Қуансаң қуана бер әжетайым, мен сенің пен­сияңның жарласымын» деп өңін ай­нал­дырса, тағы біреулер Ш.Қалдаяқов пен М.Ша­ха­новтың атақты «Арыс жағасындасын» «Бойында Арыстың, өзіңмен таныстым. Сәті болсын әр істің, тас кенедей жабыстым» деп па­родия жасап, сықылықтап мәз болатын. Оны белгілі сатириктер жазды ма, жоқ әлде, ті­лінен ұшынған пәлелердің өздерінің «шы­ғармашылығы ма», әйтеуір соларды естігенде ел күлкіге мәз болатын. Өйткені бұл ән сөз­деріндегі болар-болмас осалдықтың өзін іліп ап, мысқылдайтын жұрт. Ал олар қандай ән­дер? Бүгінде күллі қазақ қосыла шыр­қай­тын шедеврлер емес пе? Солардың өзінен мін тапқыш қазақтың қазіргі халі қандай? Құдай көрсетпесін, талғам тым төмендеп кет­ті ме, небір есерсоқ біреу айтқандай «ұра бер­сең құдай деп өледі» деп, күнде айтыла бер­ген соң тыңдағанымызды миымыз қо­рыт­пай­тын есірік болып қалдық па, бүгінгі әуені оңып тұрмаған әннің төбе шашымызды тік тұр­ғызатын сөзіне де үйрене бастаған сияқ­тымыз. Өйтпей қайтесің, біреуге «әнінің» бір мінін айтсаң, шапшып шыға келеді. Сосын анабір шатпақтарын данышпандықпен түсіндіргенде, расында, иіс алмас екенімізді, қа­зіргі жетіліп кеткен ән мәтіндерінің мәніне бой­лай алмайтынымызды мойындап тына­мыз. Сосын қолды бір сілтеп, «күл болмасаң, бүл бол» деп қоя саламыз. Оны және мем­ле­кеттен миллиардтап қаржы алып отырған те­ледидар мен радиолардан беріп жатады. Біз­бен кім санасып жатыр?.. 90-жылдардан кейін ән фабриканың ста­но­гынан шыққандай көбейді, қара құрттай ән­ші қаптады. Басында тосырқап жүрсек те, бірте-бірте бұған да бойымыз үйрене бас­та­ды. Кейін біртіндеп әуелі әннің сазы сұйылды, со­сын сөзі сандыраққа айнала бастады. Ән­нің мәтініне деген жауапкершілік азая бас­тады. Талай телебағдарламаларда С.Жолбарыс сияқ­ты композитордың әндерін талқылап, А.Пердешов секілді сазгерге «бұдан былай ән­нің өлеңін өзің жазба» деп ант-су ішкізіп, әб­ден жұлқыладық. Ал енді солар қазіргі­лер­мен салыстырғанда «әулие екен ғой» дейтін жағ­дайға да жетіп қалдық. Кейде әнге қосып мақ­тап тұр ма, боқтап тұр ма, айыра алмай қаласың! Ана кезде Б.Қорған де­ген әжептәуір әнші «Кірмей қала ма деп қор­қамын, кірмей қала ма деп қорқамын» деп мың қайталағанда «мынаның кірмей қа­ла­дысы несі, не зат не затқа кірмей қалып жа­тыр» деп ойымызға түрлі теріс нәрсе келіп, бе­тіміз қызарса... ол пақыр «айтқан әндерім хит әндер қатарына кірмей қала ма» деп қор­қады екен ғой: Ал жұрт... Жә, құрсын, не ес­ті­меген құлақ. Одан кейін бір рэпер жігіт: Маған, негізі, сенің көтенің ұнайды, Бірақ мен сені толықтай қалаймын, Мен сенен ұялмаймын... – деп әуелеткенде бе­тіміздің оты шығып, тығылатын тесік тап­пай қалғанбыз! Мұнысы енді шектен шық­қан­дық болды. Бірақ сонда да сондайлардың жа­заға тартылып жатқанын көрмедік... Қой құрсын, енді сәл жөндемдеріне кө­шейік. Айқын деген бір әнші жігіт бар. Кон­курс­тарға қатысқан, жастардың тыңдайтын ән­ші­лерінің бірі болды. Бір күні ол: Пах-пах-пах, қандай ғажап иіс, Шат-шат-шат қиялыма ілес. Қандай ыстық жүрегімнен сүйіс, Созылған кірпігімнен күйіс, – деп шырқап шы­ға келгенде не түсінерімізді білмей де қал­дық. «Пах-пах-пах» дегенде біреумен аты­сып жүр ме немесе тамсанып жүр ме, қа­пе­лім­де ән сөзін ұқпай, мәңгіріп қалғанымыз рас. Бірақ шындап қарағанда, «Пах-пах-пах» пен «Шат-шат-шат» дегенді жазған адамның сөз­дік қоры аз болып, өлеңге сөз жеткізе ал­май қалған-ау. Қалай ойлайсыз? Одан беріде он­дай түсініксіз сөзбен әдемі әдіптелген неше түр­лі әнді естідік қой, әлі де ести беретін шы­­­­ғармыз, бұйырса. Интернеттен жаңа әндерден не бар екен деп іздеп қалсаң, не түрлі қы­зық­тарға кездесесің. Мәселен, Нүркен Аман­кел­ді деген жігіт айтатын әннің кейіпкері үй­ленгелі жүрген қызымен ренжісіп қалған ба не біреуді менсінбей қалған ба, әйтеуір «жү­­ре­гінің түбіне кір жасырмай» ақтары­лып­ты: Зәулім үйге кірсем деп, Двухсотка мінсем деп, Бренд жүзік тағып ап, Қымбат шуба кисем деп. Қиялдайсың сұлуым, Шалқып-тасып күлсем деп. Өзің жүрсің көшеде, Қатты тоңып бүрсеңдеп. Қадірімді білсең деп, Жүрмін, жаным бір сен деп. Қол ұстасып өзіңмен, Қызықты өмір сүрсем деп. Үйленгенде қыдырып, Ақ көйлегің бүршеңдеп. Қайырмасы: Маған енді бәрібір, Ұнатпасаң әрі жүр. Қызыл гүлдер ішінде, Көшеде өскен сары гүл. Міне, бүгінгі жастардың «заманауи тренд­пен» жазылған ән мәтіндері! («Мен миллионер емеспін» деген әннің «мә­ті­ні», кім жазғанын таппадым). «Тормоз» дегенде есіңізге не түседі? Әри­не, көліктің тежегіші. Бірақ ондай нәрсе адам­­ның жүрегінде де болатын көрінеді ғой. Сен­бейсіз бе? Онда Нұрмұхаммед Жақып ай­­­­та­­тын бір әннің қайырмасын тыңдап кө­ріңіз: Сүйемін дейсің, сөзіңді раста, Сүйе білгейсің, бағыңнан қашпа, Сезімің сендік болады мендік, Жүрегіңнің тормызын баспа! – деп аңырата­ды Жәкең. Рас қой, ә? «Сүйетінің рас болса, жү­ре­гіңнің тормызын баспай» дәлелде! Махаббат деген жарықтықтың қызуы күшті бола ма, әлде жүрек сезімге еріп кететін осал материалдан жасалған ба, се­­зімнің алдында жиі сыр беретін көрінеді ғой. Сондай бір жағдайға арналған болса ке­­рек, жұртшылыққа тәп-тәуір әндерімен та­­нылған «Сәт» триосының бір әнінің қайыр­ма­сында мынадай сөздер жүр: Сен дегенде жүрегім пішнә-пішнә, Толқып сезім барады ол бір жаққа. Сен дегенде жүрегім пішнә-пішнә, Қадалдың ғой жүректің дәл тұсына. Осындағы «сен дегенде жүрегім пішнә-пішнә» дегені несі десек, ол білгір­лер­дің айтуы бойынша, «пішнә» дегені печенье екен. Сосын бұл ғашығын ойлағанда «жүрегі шай­ға еріген печенье сияқты былбырап ке­теді» деген мағына береді дейді. Қайдам, рас шы­ғар. Бірақ ол «түсініктемеге» өзім әрең илан­дым. Соған қарағанда теңеудің түр-түрі бо­ла беретіні ғой, шамасы. Қазақ бүгінде қатты сыпайы болып кет­кен ғой. Өткен ғасырда ер кісілер жарына «қа­тын» деп сөйлесе, бұл заманда деміне нан пі­сіп жүрген азаматтардың өзі әйелге «қатын» деп тіл қата алмайды. Өйдесе, қазіргі жас­тар­дың жаргонымен айтқанда, «ауыздан авария» бо­лып тіл тартпай кетуі мүмкін. Бірақ, құдай­ға шүкір, «қатын» деп шақырмақ түгілі «қаты­ным» деп ән салатын жүрек жұтқан жігіттер де бар екен. Мысалы, Әзімбек Байлин деген ән­ші жігіт. Қарап көр: Қабырғам сенсің ақылдым, Жанашыр жаным жақыным. Ризамын саған, ризамын, Қатыным менің, қатыным. Бұзылмай жеткен бүгінге, Бабадан қалған заң бар да. Қатыным деймін құрметтеп, Бойымда қазақ қан барда! – дейді асқақ па­фоспен! Бәрекелді! Тек «қатынын» өлеңге қос­пай-ақ, ризалығын басқаша – құлаққа жа­тық түрде жеткізгенде болмас па еді деп ой­лайсың... Жалпы, бүгінгі әнге мәтін жазатындар қаншама жылдар бері тер төгіп келе жатқан небір айтулы ақындардың өңі түгілі тү­сіне кірмейтін ұйқас табудың хас шебері бо­лып кеткен ғой, шіркін! Қазақтың қызы қандай әп-әдемі, Біреуі ғашық етті, оппа, мені, – деп шыр­қай­ды Дильхан Исаев деген әнші. Не деген тап­қырлық, ә! Ағашқа пластмассаны әкеп же­лімдегендей емес пе?! ...Өмірде не түрлі жағдай болады ғой: бая­ғыда атақты Бауыржан Момышұлы соғыс­тан кейін көптеген шығармалар жазып, қа­лам­гер ретінде танымал болған тұста, зейнет­ке шыққан шалының жазушы болғанын қа­лайтын бір әйел Бәукеңнен «шабыт қалай ша­қырады, шабыт келгенін қалай білуге бо­ла­ды?» деген сияқты сұрақтар беріп, мазасын алып­ты. Сонда хас надандықтан түңілген Мо­мышұлы «Мен шалқамнен жатып, үйдің по­тологына қарай шырт-шырт түкіремін. Егер түкірігім потолокқа тисе шабытымның келгені, орнымнан атып тұрам да жазып кете бере­мін» деген екен. Сол сияқты, осы күні біреу­лер бірдеңені тырсылдатып соғып оты­рып-ақ музыка тауып алатын көрінеді. Және оны­сына өздері шығарған өлеңге ұқсайтын бірдеңені қосып айта береді екен. Мысал ке­рек пе? Міне: Нардың ұлы әкесі Тайырдың, Молодец, красавчик, биіменен айырдың! Шіркін мынау қуаныш тойыңа Құттықтауға келіп тұрған төре. Ақ көйлек киген, көк көйлек киген құрбыларым да бар. Бақдәулет деген, Нұрдәулет деген Кластастарым да бар. Ақ пакетпенен, көк пакетпенен сарқыттарым да бар, Ал ағайын бітті, сау болыңдар! Бұл – «Меховая 8/1» деген топтың «хи­ты». Айтуларынша, олардың бұл туын­ды­ны жазуға деген ой интернеттен түрлі му­зыкалық ырғақтарды тыңдап отырғанда кел­ген. Сосын сөздерін өздері сүйкей салған. Сө­­зінде іліп алар бір дұрыс мағына болмаса да, кейін ойнақы әуеніне бола танылып, жұрт бұл топты осы әні үшін тойларына шақырады екен тіпті. Ал бұлар мағынасыз шатпақтарын ыр­ғаққа салып шырқап, тойдың гүлі болып жүр! Жолы болғыштарға не шара?.. Сондай-ақ «Астыма мінген атым ге­надуш­ка, шабамын көңіл ашып нем­ножка» деп келетін «16 қыз» деген ха­лық әнін­дегі, кеңестік дәуірде шырқалған «Су тасу­шы қыз» әніндегі «Еду, еду қашықтан, мен водовоз асыққан. Мөлдір су бар, достар-ей, кому надо поскорей» деген тіл шұбарлаған стил­дің бүгінгі «дәстүр жалғастырушылары» да аз емес. Қараңыз: Гүл әпшем-ау гүл әпше, Бақытты болып жүр әпше, Ты красавица вапше! («Алау тобы). Жүрегім менің молодой, Достарым менің золотой. Бауырларым бар дорогой, Пах, шіркін ғажап қой! (Рахымжан Жақайым). Менімен биле, денеңді бос ұста, Бұл дискотека из девяноста. Магнитофонды барына қос та Ойнасын әндер из девяноста. (RaiM & Artur). Девушка из города Караганда, Жымиясың мен қарағанда... (МADI). I am fly Ой пәле-ай, Әрбір қимылы ұнайд. Every day Every night Осы музыка ойнайд. (Amre). Жүрегім ақ, ақ, ақ, Есігін қақ, қақ, қақ, Кір ішіне жап, жап, жап, love you janym. Жүрегім ақ, ақ, ақ, Есігін қақ, қақ, қақ, Кір ішіне жап, жап, жап, love you janym. (А.Төлепберген , Жеті, De lacure). Осы­лай кете береді... Құрсын, қай­сы­бі­рін түгелдеп боласың, көп қой мұн­дай «кереметтер». «Самарқанда бір апам бар, ме­нен де өткен сорақы» дегендей, бұлар бірі­нен бірі өтеді ғой. Еркін, ешкіммен санас­пай­ды, айтқысы келгенін айтады, істегісі кел­генін істейді. Тек осы «демократияның» зар­дабын татып жатқан халық. Бұларға «ай дей­тін ажа, қой дейтін қожа» жоқ. Өзі би, өзі хан. Өнерді қорлап жүргенін қолдап жүрміз деп түсінеді. Өздері секілді талғамсыз тобыр­дың мәз болып, есі кете тыңдағанынан ша­быт алады. Содан есіре береді, есіре береді... Не істеу керек мұндайда? Әрине, мұн­дай­ларға тосқауыл қою керек. Әп-әде­мі әуенге әулекінің шатпағын таңуға тыйым болуға тиіс шығар. Қарап отырып ерсі әуен­ге елтіген есірік жұртқа айналып бара­мыз. Сөйлегенде тіліміз ала шұбар еді, сол ен­ді біртіндеп өнерімізді алып барады. Ма­ғы­насыз мәтіндер, қойыртпақ өлеңдер ұлтты ұш­паққа шығарады десек үндемейік, ал зар­дабы тиеді десек онда індеттің алдын алу қа­жет. Әйтпесе, ән тыңдаудан қалуға қарадық.