Ерсі сөзге елтіген есірік жұртқа айналмайық
Ерсі сөзге елтіген есірік жұртқа айналмайық
...Баяғыда бір кісі Андағұл деген кісі базардан екі сырнай алып келе жатып өзіне өзі қатты ырза боп кетіп: «Заманың келді Андағұл, сырнайыңды бапылдат» деген екен. Сол айтқандай, бүгінде «әу» дейтіннің бәрі әнші, «мәу» дейтіннің бәрі «ақын» болып «заманы» келіп тұр! Өйткені интернет деген жарықтықтың ұяттан құлағы қызармайды, қағаз беті көтермейтін халтурадан белі майысып, көзі алақтамайды. Сондықтан «әу» дейтіндер мен «мәу» дейтіндердің құдайы беріп тұр (және олардың бір-бірін адаспай тауып, «творчестволық одақ» құра қоятынын қайтерсің?!). Біреуі ыңылдап отырып «о, ән туды» деп отырған орнынан секіріп тұрса, екіншісі «о, сөзі мынау ғой» деп әлгі «әннің көрімдігіне» шикілі-пісілі бірдеңені сүйкей салады да, оны «авторларының» бірі орындап шыға келеді, не «хит әні» болмай көзі қарауытып жүрген біреудің қолына түсе қояды да, ертеңіне ютубта «гүл-гүл жайнап» шыға келеді. Оның астына талғамы «ән шығарғыштардың» талғамымен деңгейлестер «керемет!», «тамаша!», «қандай әдемі ән!» деген сияқты атасы арзан жел сөзді, өтірік қошеметті бұрқыратады келіп! Әне хит, әне танымалдылық!
Бірақ әнді «хит» қылам деп, «ит» қылып алып жүргендер күпінің битінен көп-ау бүгінде!
Кеңестік кезеңнің цензурасын қазір ит қосып қуамыз ғой, бірақ сол кезде әннің сөзі түгілі әуенін елу елек, алпыс сүзгіден өткізіп – сынның диірменіне тартатын қаталдықтың дәмін татқандар «осыны неге ғана жаза қойып едім» деп түңілсе, бүгінде тісін шұқып, ыңылдап отырып бірдеңе шығара қойса, ютубқа ала жүгіреді. Айында тапқан бір жұмыртқасына «рас па, өтірік пе» деп «қоқ-қооқ» деп мәз болатын тауық секілді жұртқа түрлі мессенджерлерден таратып, терісіне сыймай жүреді сабаздарың.
Бұрынырақта әнді сынау дегенің сойқан болған ғой, тіпті ел арасында белгілі әндерге жасалған пародиялар жүретін. Мысалы, Н.Тілендиев пен М.Шахановтың «Әке туралы жырын» тіліне шиқан шыққандар «Қуансаң қуана бер әжетайым, мен сенің пенсияңның жарласымын» деп өңін айналдырса, тағы біреулер Ш.Қалдаяқов пен М.Шахановтың атақты «Арыс жағасындасын» «Бойында Арыстың, өзіңмен таныстым. Сәті болсын әр істің, тас кенедей жабыстым» деп пародия жасап, сықылықтап мәз болатын. Оны белгілі сатириктер жазды ма, жоқ әлде, тілінен ұшынған пәлелердің өздерінің «шығармашылығы ма», әйтеуір соларды естігенде ел күлкіге мәз болатын. Өйткені бұл ән сөздеріндегі болар-болмас осалдықтың өзін іліп ап, мысқылдайтын жұрт. Ал олар қандай әндер? Бүгінде күллі қазақ қосыла шырқайтын шедеврлер емес пе? Солардың өзінен мін тапқыш қазақтың қазіргі халі қандай?
Құдай көрсетпесін, талғам тым төмендеп кетті ме, небір есерсоқ біреу айтқандай «ұра берсең құдай деп өледі» деп, күнде айтыла берген соң тыңдағанымызды миымыз қорытпайтын есірік болып қалдық па, бүгінгі әуені оңып тұрмаған әннің төбе шашымызды тік тұрғызатын сөзіне де үйрене бастаған сияқтымыз. Өйтпей қайтесің, біреуге «әнінің» бір мінін айтсаң, шапшып шыға келеді. Сосын анабір шатпақтарын данышпандықпен түсіндіргенде, расында, иіс алмас екенімізді, қазіргі жетіліп кеткен ән мәтіндерінің мәніне бойлай алмайтынымызды мойындап тынамыз. Сосын қолды бір сілтеп, «күл болмасаң, бүл бол» деп қоя саламыз. Оны және мемлекеттен миллиардтап қаржы алып отырған теледидар мен радиолардан беріп жатады. Бізбен кім санасып жатыр?..
90-жылдардан кейін ән фабриканың станогынан шыққандай көбейді, қара құрттай әнші қаптады. Басында тосырқап жүрсек те, бірте-бірте бұған да бойымыз үйрене бастады. Кейін біртіндеп әуелі әннің сазы сұйылды, сосын сөзі сандыраққа айнала бастады. Әннің мәтініне деген жауапкершілік азая бастады. Талай телебағдарламаларда С.Жолбарыс сияқты композитордың әндерін талқылап, А.Пердешов секілді сазгерге «бұдан былай әннің өлеңін өзің жазба» деп ант-су ішкізіп, әбден жұлқыладық. Ал енді солар қазіргілермен салыстырғанда «әулие екен ғой» дейтін жағдайға да жетіп қалдық. Кейде әнге қосып мақтап тұр ма, боқтап тұр ма, айыра алмай қаласың! Ана кезде Б.Қорған деген әжептәуір әнші «Кірмей қала ма деп қорқамын, кірмей қала ма деп қорқамын» деп мың қайталағанда «мынаның кірмей қаладысы несі, не зат не затқа кірмей қалып жатыр» деп ойымызға түрлі теріс нәрсе келіп, бетіміз қызарса... ол пақыр «айтқан әндерім хит әндер қатарына кірмей қала ма» деп қорқады екен ғой: Ал жұрт... Жә, құрсын, не естімеген құлақ.
Одан кейін бір рэпер жігіт:
Маған, негізі, сенің көтенің ұнайды,
Бірақ мен сені толықтай қалаймын,
Мен сенен ұялмаймын... – деп әуелеткенде бетіміздің оты шығып, тығылатын тесік таппай қалғанбыз! Мұнысы енді шектен шыққандық болды. Бірақ сонда да сондайлардың жазаға тартылып жатқанын көрмедік...
Қой құрсын, енді сәл жөндемдеріне көшейік.
Айқын деген бір әнші жігіт бар. Конкурстарға қатысқан, жастардың тыңдайтын әншілерінің бірі болды. Бір күні ол:
Пах-пах-пах, қандай ғажап иіс,
Шат-шат-шат қиялыма ілес.
Қандай ыстық жүрегімнен сүйіс,
Созылған кірпігімнен күйіс, – деп шырқап шыға келгенде не түсінерімізді білмей де қалдық. «Пах-пах-пах» дегенде біреумен атысып жүр ме немесе тамсанып жүр ме, қапелімде ән сөзін ұқпай, мәңгіріп қалғанымыз рас. Бірақ шындап қарағанда, «Пах-пах-пах» пен «Шат-шат-шат» дегенді жазған адамның сөздік қоры аз болып, өлеңге сөз жеткізе алмай қалған-ау. Қалай ойлайсыз? Одан беріде ондай түсініксіз сөзбен әдемі әдіптелген неше түрлі әнді естідік қой, әлі де ести беретін шығармыз, бұйырса.
Интернеттен жаңа әндерден не бар екен деп іздеп қалсаң, не түрлі қызықтарға кездесесің. Мәселен, Нүркен Аманкелді деген жігіт айтатын әннің кейіпкері үйленгелі жүрген қызымен ренжісіп қалған ба не біреуді менсінбей қалған ба, әйтеуір «жүрегінің түбіне кір жасырмай» ақтарылыпты:
Зәулім үйге кірсем деп,
Двухсотка мінсем деп,
Бренд жүзік тағып ап,
Қымбат шуба кисем деп.
Қиялдайсың сұлуым,
Шалқып-тасып күлсем деп.
Өзің жүрсің көшеде,
Қатты тоңып бүрсеңдеп.
Қадірімді білсең деп,
Жүрмін, жаным бір сен деп.
Қол ұстасып өзіңмен,
Қызықты өмір сүрсем деп.
Үйленгенде қыдырып,
Ақ көйлегің бүршеңдеп.
Қайырмасы:
Маған енді бәрібір,
Ұнатпасаң әрі жүр.
Қызыл гүлдер ішінде,
Көшеде өскен сары гүл.
Міне, бүгінгі жастардың «заманауи трендпен» жазылған ән мәтіндері! («Мен миллионер емеспін» деген әннің «мәтіні», кім жазғанын таппадым).
«Тормоз» дегенде есіңізге не түседі? Әрине, көліктің тежегіші. Бірақ ондай нәрсе адамның жүрегінде де болатын көрінеді ғой. Сенбейсіз бе? Онда Нұрмұхаммед Жақып айтатын бір әннің қайырмасын тыңдап көріңіз:
Сүйемін дейсің, сөзіңді раста,
Сүйе білгейсің, бағыңнан қашпа,
Сезімің сендік болады мендік,
Жүрегіңнің тормызын баспа! – деп аңыратады Жәкең. Рас қой, ә? «Сүйетінің рас болса, жүрегіңнің тормызын баспай» дәлелде!
Махаббат деген жарықтықтың қызуы күшті бола ма, әлде жүрек сезімге еріп кететін осал материалдан жасалған ба, сезімнің алдында жиі сыр беретін көрінеді ғой. Сондай бір жағдайға арналған болса керек, жұртшылыққа тәп-тәуір әндерімен танылған «Сәт» триосының бір әнінің қайырмасында мынадай сөздер жүр:
Сен дегенде жүрегім пішнә-пішнә,
Толқып сезім барады ол бір жаққа.
Сен дегенде жүрегім пішнә-пішнә,
Қадалдың ғой жүректің дәл тұсына.
Осындағы «сен дегенде жүрегім пішнә-пішнә» дегені несі десек, ол білгірлердің айтуы бойынша, «пішнә» дегені печенье екен. Сосын бұл ғашығын ойлағанда «жүрегі шайға еріген печенье сияқты былбырап кетеді» деген мағына береді дейді. Қайдам, рас шығар. Бірақ ол «түсініктемеге» өзім әрең иландым. Соған қарағанда теңеудің түр-түрі бола беретіні ғой, шамасы.
Қазақ бүгінде қатты сыпайы болып кеткен ғой. Өткен ғасырда ер кісілер жарына «қатын» деп сөйлесе, бұл заманда деміне нан пісіп жүрген азаматтардың өзі әйелге «қатын» деп тіл қата алмайды. Өйдесе, қазіргі жастардың жаргонымен айтқанда, «ауыздан авария» болып тіл тартпай кетуі мүмкін. Бірақ, құдайға шүкір, «қатын» деп шақырмақ түгілі «қатыным» деп ән салатын жүрек жұтқан жігіттер де бар екен. Мысалы, Әзімбек Байлин деген әнші жігіт. Қарап көр:
Қабырғам сенсің ақылдым,
Жанашыр жаным жақыным.
Ризамын саған, ризамын,
Қатыным менің, қатыным.
Бұзылмай жеткен бүгінге,
Бабадан қалған заң бар да.
Қатыным деймін құрметтеп,
Бойымда қазақ қан барда! – дейді асқақ пафоспен! Бәрекелді! Тек «қатынын» өлеңге қоспай-ақ, ризалығын басқаша – құлаққа жатық түрде жеткізгенде болмас па еді деп ойлайсың...
Жалпы, бүгінгі әнге мәтін жазатындар қаншама жылдар бері тер төгіп келе жатқан небір айтулы ақындардың өңі түгілі түсіне кірмейтін ұйқас табудың хас шебері болып кеткен ғой, шіркін!
Қазақтың қызы қандай әп-әдемі,
Біреуі ғашық етті, оппа, мені, – деп шырқайды Дильхан Исаев деген әнші. Не деген тапқырлық, ә! Ағашқа пластмассаны әкеп желімдегендей емес пе?!
...Өмірде не түрлі жағдай болады ғой: баяғыда атақты Бауыржан Момышұлы соғыстан кейін көптеген шығармалар жазып, қаламгер ретінде танымал болған тұста, зейнетке шыққан шалының жазушы болғанын қалайтын бір әйел Бәукеңнен «шабыт қалай шақырады, шабыт келгенін қалай білуге болады?» деген сияқты сұрақтар беріп, мазасын алыпты. Сонда хас надандықтан түңілген Момышұлы «Мен шалқамнен жатып, үйдің потологына қарай шырт-шырт түкіремін. Егер түкірігім потолокқа тисе шабытымның келгені, орнымнан атып тұрам да жазып кете беремін» деген екен. Сол сияқты, осы күні біреулер бірдеңені тырсылдатып соғып отырып-ақ музыка тауып алатын көрінеді. Және онысына өздері шығарған өлеңге ұқсайтын бірдеңені қосып айта береді екен. Мысал керек пе? Міне:
Нардың ұлы әкесі Тайырдың,
Молодец, красавчик, биіменен айырдың!
Шіркін мынау қуаныш тойыңа
Құттықтауға келіп тұрған төре.
Ақ көйлек киген, көк көйлек киген
құрбыларым да бар.
Бақдәулет деген, Нұрдәулет деген
Кластастарым да бар.
Ақ пакетпенен, көк пакетпенен
сарқыттарым да бар,
Ал ағайын бітті, сау болыңдар!
Бұл – «Меховая 8/1» деген топтың «хиты». Айтуларынша, олардың бұл туындыны жазуға деген ой интернеттен түрлі музыкалық ырғақтарды тыңдап отырғанда келген. Сосын сөздерін өздері сүйкей салған. Сөзінде іліп алар бір дұрыс мағына болмаса да, кейін ойнақы әуеніне бола танылып, жұрт бұл топты осы әні үшін тойларына шақырады екен тіпті. Ал бұлар мағынасыз шатпақтарын ырғаққа салып шырқап, тойдың гүлі болып жүр! Жолы болғыштарға не шара?..
Сондай-ақ «Астыма мінген атым генадушка, шабамын көңіл ашып немножка» деп келетін «16 қыз» деген халық әніндегі, кеңестік дәуірде шырқалған «Су тасушы қыз» әніндегі «Еду, еду қашықтан, мен водовоз асыққан. Мөлдір су бар, достар-ей, кому надо поскорей» деген тіл шұбарлаған стилдің бүгінгі «дәстүр жалғастырушылары» да аз емес. Қараңыз:
Гүл әпшем-ау гүл әпше,
Бақытты болып жүр әпше,
Ты красавица вапше!
(«Алау тобы).
Жүрегім менің молодой,
Достарым менің золотой.
Бауырларым бар дорогой,
Пах, шіркін ғажап қой!
(Рахымжан Жақайым).
Менімен биле, денеңді бос ұста,
Бұл дискотека из девяноста.
Магнитофонды барына қос та
Ойнасын әндер из девяноста.
(RaiM & Artur).
Девушка из города Караганда,
Жымиясың мен қарағанда...
(МADI).
I am fly
Ой пәле-ай,
Әрбір қимылы ұнайд.
Every day
Every night
Осы музыка ойнайд.
(Amre).
Жүрегім ақ, ақ, ақ,
Есігін қақ, қақ, қақ,
Кір ішіне жап, жап, жап, love you janym.
Жүрегім ақ, ақ, ақ,
Есігін қақ, қақ, қақ,
Кір ішіне жап, жап, жап, love you janym.
(А.Төлепберген , Жеті, De lacure).
Осылай кете береді... Құрсын, қайсыбірін түгелдеп боласың, көп қой мұндай «кереметтер». «Самарқанда бір апам бар, менен де өткен сорақы» дегендей, бұлар бірінен бірі өтеді ғой. Еркін, ешкіммен санаспайды, айтқысы келгенін айтады, істегісі келгенін істейді. Тек осы «демократияның» зардабын татып жатқан халық. Бұларға «ай дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ. Өзі би, өзі хан. Өнерді қорлап жүргенін қолдап жүрміз деп түсінеді. Өздері секілді талғамсыз тобырдың мәз болып, есі кете тыңдағанынан шабыт алады. Содан есіре береді, есіре береді...
Не істеу керек мұндайда? Әрине, мұндайларға тосқауыл қою керек. Әп-әдемі әуенге әулекінің шатпағын таңуға тыйым болуға тиіс шығар. Қарап отырып ерсі әуенге елтіген есірік жұртқа айналып барамыз. Сөйлегенде тіліміз ала шұбар еді, сол енді біртіндеп өнерімізді алып барады. Мағынасыз мәтіндер, қойыртпақ өлеңдер ұлтты ұшпаққа шығарады десек үндемейік, ал зардабы тиеді десек онда індеттің алдын алу қажет. Әйтпесе, ән тыңдаудан қалуға қарадық.