Тынымсыз жылдардың түйіні

Тынымсыз жылдардың түйіні

Тынымсыз жылдардың түйіні
ашық дереккөзі
Бала шақта үлкендер берген батаның ең көп айтылғаны һәм ең қысқасы, бәлкім, «көп жаса», «бақытты бол» деген қайырымдар шығар. Ал ертең не күн туарын білмейтін (ол жайлы ойлауға әзірге құлқы да шамалы) балаға көп жасағаннан, бақытты болғаннан артық ештеңе болуы мүмкін емес те сияқты еді ғой. Қазір сондай бата алып жүрген балаларға сол себепті қызыға қарайсың. Міне, өмірден озғанына жыл толғалы отырған Табыл ағамызға сол баталар әу баста шынымен дарыған тәрізді: көп жасады, бақытты болды. 87 жасқа аяқ басқан шағында өмірден озды, бейне­тінің зейнетін көрді, қаншама қызмет атқарды, қаншама кітап шы­ғарды, қаншама марапат-сыйлыққа ие болды, Күләш жеңгей екеуі ұл өсірді, қыз өсірді, немере сүйді, ақар-шақар әулет бол­ды. * * * Ағаларымыз әлбетте сонау бала кезде басынан өткендерін үзік-үзік айтып оты­ра­тыны мәлім. Табыл ағамыз да әңгіменің но­байына қарай сондай сәттердің есте­лік­терін айтып қалатын. Бірақ назарыңды бас­қа жаққа бұрмастан қалт етпей тыңдап оты­руыңды талап етпейтін. Мұны бір десек, екін­шіден, ол кезде ағаларымыздың кейін мұн­дай әңгімелерді айтуға уақыты бол­май­ты­нын (әр қалада тұратынымыз, жиі кезде­се алмайтынымыз, кездескен күнде де ал­қалы топтың ортасында болатынымыз, дуы­л­­дасқан жұрттың көзінше бұл та­қы­рып­ты қайта қаузаудың реті келмейтінін, т.б.) ес­кермейді де екенбіз. Оған қоса, өзі жазу­шы адам, қағазға үңілумен отыратын жүй­рік қаламгер өзінің өмірін өзі де жазып жүр­ген сияқты болып елестейтін. Сол се­бепті ағаларымыздың өздері айтқан әңгі­ме­ден гөрі олар туралы өзгелер айтып жүретін әңгімелерге көбірек құлақ түргіш келетініміз және рас. Осы ғасырдың күндерінің бір күнінде бір кезде ағамыз алғашқы журна­лис­тік қадамын бастаған Ойыл ауданына бар­ғанымыз бар. Сонда оқырмандармен жү­з­десуде сөз алған Қазыбек Нұрымгереев: – Білгілерің келсе, біз мына Табыл екеу­міз бірінші категориялы жетімбіз, – дей сал­ды. Үлкендер «рас, рас» деп құптаңқырап жіберді де, мектептің жоғары класс оқу­шылары, жалпы жетімдіктің не екенін кітаптардан жақсы білгендерімен, тап бірін­ші категориялы жетімнің қандай бола­ты­нын аса түсініңкіремей, көздерін жыпы­лық­татып-жыпылықтатып алды. Ал атам қазаққа айтқызсаң, «жетім қозы тас бауыр, түңілер де отығар». Қосымша сөз ие­сі Қазыбек те, сөз тақырыбы Табыл да әл­деқашан отыққандар еді. * * * Табыл ағаның отығуы аудандық «Ойыл» газетінен басталған бо­ла­тын. Ой-хой, ол кездің аудандық газеттері қан­дай еді, аптасына үш рет шығатын. Ал жур­налистері ше? Кілең бір ығайлар мен сы­ғайлар еді ғой. Қазақ әдебиетіне із қал­дырған талай қаламгерлер қызметін аудан­дық газеттерден бастайтын. Ақтөбе өңірінің мысалына жүгінсек, ай­талық, осы күні есімі еске түсе беретін, «Ота­малы» туындысымен оқырмандарды да, жазушы қауымды да елең еткізген Тобық Жармағамбетов Байғанин аудандық га­зетінде қалам тербеген. Бертінде бірнеше кітап­тар, соның ішінде қазақ ұлт-азаттық кө­терілісінің көрнекті тұлғасы болған Есет ба­тыр Көтібарұлы туралы роман-трилогия жазған Құрал Тоқмырзин тракторшылықтан Ойыл аудандық газетіне келген. Кейін «Бо­з­ала таң мен бозторғай» деп аталатын пы­шақтың қырындай алғашқы жинағымен-ақ әдебиетші қауымды дүр сілкіндірген Есен­бай Дүйсенбайұлы да Байғанин аудандық га­зетінде еңбек еткен. Ал атақты сатирик бо­лып қалыптасқан Үмбетбай Уайдин аға­мызға газет тілшісі болу бұйырмай, Шалқар аудан­дық баспаханасында еңбек еткені өз жаз­баларында анық айтылған. Ал мұндай фак­тілерді Қазақстан бойынша терсек, тіпті әжеп­тәуір тізім жасақталар еді. Алыс бір түкпірде жатып жазушылар ар­миясын даярлаған сол кездің аудандық га­зеттеріне сол себепті қандай құрмет те, қан­дай даңқ та әбден лайық. Тіпті, бертінде сақа абитуриент бо­лып, құжатымызды журналистика фа­культетіне тапсырғанымызда болашақ де­канымыз, қазақ сатирасының теориялық не­гізін қалаған Темірбек Қожакеев еңбек кітап­шамыздағы «аудандық газеттің тіл­ші­сі» деген жазуды көріп, оқуға қабылданып кетуімізге аса ықыласты болғанын да бүгін­де жасырудың реті жоқ. Осындайда Тәкең туралы сөз қоз­ға­ғанда қазіргі аудандық газеттер сол 60-70-жылдардағыдай қарымды ақын-жа­зу­шылардың ұстаханасы болу дәстүрін бір­жола жоғалтып алған жоқ па екен деп кү­діктенеді екенсің. * * * Ол кезде аудан орталығына баруымыз сирек, барған күнде де аудандық га­зетке бас сұғу деген ойымызда жоқ. Ал біз бас сұғуға батпайтын сол аудандық газет сол кезде қалай тіршілік кешкенін сол се­беп­ті көре алмадық. Дегенмен сол қызықты ке­зеңнің кей әңгімелерін естуіміз бар, бер­тінде жазылған дүниелерден оқығанымыз және бар. Былтыр біздің облыстық «Ақтөбе» га­зе­тінде жарияланған бір мақала­сын­да қазір Астана қаласында тұратын қа­ламгер ағамыз Сырым Бақтыгерейұлы сол шақ­тың бір сәтін, ол кездің журналистері әлем әдебиетіне қатысты жайларды да анда-сан­да талқыға салып отыратынын, ал мұн­дай «ағартушылық» әңгімелердің (қазақи терминмен әліптесек, негізгі іске кедергі келтіретін «қысыр әңгімелердің»), әрине, газет беттерін шапшаң толтырып тастауға ке­дергі келтіретін тұстарын былай бей­нелеген екен: «...Қою, бұйра шашы кең маңдайына тө­гілген, қыр мұрынды, дөңгелек жүзді, күлімкөз сұлу жігіт Табыл ағамыз, Табыл Құ­лиясов қызметіне келгенде ештеңеден тайынбайды. Өзі белгілі сықақшы, талай «дөкейлердің телпегін қайырған» шымшыма сөздің шебері, атағы дүрілдеп тұрған жауап­ты хатшы айтса бітті, әңгіме тынады, әсіре­се, біз, жас журналистер, қағазға қайтадан шұқ­­шия қаламыз. Табыл кетеді, сәл ты­ныш­­тықтан соң жаңағы әңгіме қайта баста­лады». Кейін өз басымыздан да өт­кіз­дік, кө­ле­мі шағын деуге келе­тін бұл аудан­дық басылымыңыз­дың қаузайтын тақы­рыптары мүл­де көп еді: мал қыстату, төл алу, егіс салу, жемшөп әзірлеу, егін орағы, қой қырқымы, сүді­гер жырту, ең аяғы, саулық қойлар мен қошқар­лардың арасындағы тірлік – күйек мәселесі де газеттің бетінен түс­пейтін саяси-экономикалық тақырып­тардың негізгілері еді. Қаншалықты дәрежеде тартымсыз бо­лып көрінетіндігі рас болса да, бертінде Ақ­­­төбеге келген Тәкеңмен жолыққанда сол кез­дегі аудандық газеттердегі сол тақы­рып­тар, сол кездің оптимизмге толы тынымсыз тір­шілігін елестететін сол мақалалар сана­мыз­ды бір түртіп өтетін. Міне, Тәкең, расын айтқанда, сол жыл­­­­дары ешқандай жаңалық бо­лып көрінбейтін сондай күнделікті шаруа­шы­лықтық тақырыптарды жазып-сызып жү­ріп-ақ оқырманға әбден танымал болды, бі­рақ сол күнделікті, шаруашылықтық дең­гейде мәңгі қалып та қойған жоқ. * * * Табыл аға туралы сөз қозғағанда со­нау келмеске кеткен кеңестік заман­да­ғы қуатты журналистік қару-жарақтың бі­рі – фельетон жанры еске түспей қал­май­ды. Тәкең түйреген, Тәкең зарлатқан, Тәкең «қаң­ғытып жіберген» талай ірілі-ұсақты пен­делер осы фельетондардың кейіпкерлері еді. Міне, қазір, сол фельетон жанрының да ба­сына қара бұлт төніп тұр, газеттің бұл жан­ры қазір «Қызыл кітапқа» енген жан­уар­лар мен өсімдіктер тәрізді жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр. Дегенмен қазір еліміздің пы­сық адамдары түрлі мерейлі даталарды атап өтудің түрлі жолдарын тауып алып жа­тыр ғой. Енді біраз замандардан кейін аяқ астынан «Қазақ фельетонының 100 жы­л­дығы» немесе «Алғашқы қазақ фельето­ны­ның жарық көргеніне 150 жыл» деген тә­різді мерекелік шаралар ұйымдастыры­лып, қазақ фельетонының тарихы қайта тү­генделетін болса, сол шежіредегі тізімнің кеу­де тұсында Табыл Құлиястың есімі жү­ре­тіндігіне ешқандай дау жоқ. Ал жемқорлар мен жебірлерді, бюрократтар мен бере­ке­сіз­дерді аямай әшкерелейтін фельетондарды біз, журналистер қауымы, өз қолымызбен өзі­міз жойып келе жатқанымыз Тәкеңді ес­ке алу сәтінде қайтадан жадымызға ора­лып отыр. Рас, арада пәленбай жылдар өткеннен кейін ағамыздың «Ойыл» газетінен бастау алған фельетондарын түгелдеп шы­ғуд­ың мүмкіндігі жоқ екені белгілі. Дегенмен сол фельетондардың бірқатары кейін әде­би­лендіріліп, кейіпкерлердің есім-жөндері мен мекемелерінің атауы өзгертіліп, та­ғы сондай-сондай ұсақ-түйек жөндеулер жүр­гізіліп, бұл туындылар автордың сати­ра­лық жинақтарына сықақ әңгімелер бо­лып жария­ланғанын көпшілік біледі. * * * Табыл ағам сонау алпысыншы жыл­дары өзінің алғашқы фельетон­дары­на кейіпкер болған жерлестерінің арасында – Ойылда қала бергенде не болар еді? Еш­теңе де болмас еді. Әрі кеткенде, түзелмейтін кейіпкерлерін түзетем деп шаршаумен 87 жас­­қа аяқ басқан шал болар еді. Бәлкім, жер­­гілікті маңызы бар фелье­тондарын жа­зу­ды қояр еді. Енді, өйтпегенде ше, неме­ре­сі­мен жасты балалармен қа­шан­ғы арпа­лы­сады? Дегенмен берідегіні әріден ойлайтын Тәкең Ойылда қала бермеді. Қазақ­станды шарлап кетті. Шап-шағын нүкте Қараойдан, одан әрі Жекендіден, Жетікөл­ден, Ойылдан, Темірден, Ақтөбеден асқан жол Көкшетауға, Жамбылға (қазіргі Тараз­ға), Арқалыққа, Алма­тыға, Ақмолаға (қазіргі Астанаға) сүйреді. Сатиралық дүниелерін шығаруға кірісті де кетті: «Кесілген бұрым», «Жал­мауыз», «Сауда сақал сипағанша», «Қоңы­раулы күл­кіграмма», «Ши оқ», «Қа­ра те­рең», «Ақмылтық», «Же­гі», «Миға қойылған бомба» тәріз­ді сатиралық жинақтары бірі­нен соң бірі жарық көріп жатты. Бұларға бер­тінде саяси қуғын-сүргін, ашаршылық жыл­дарының деректерімен нәрленген «Қан жо­са ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу» тә­різді кі­таптары, қарымды жазушы, қай­раткер жур­налист Жиенғали Тілепбергенов туралы жа­зылған «Аңыздың ізімен» деп аталатын ро­маны, ХVІ-ХVІІ ғасырда ғұмыр кешкен қаһар­ман жырау, әскербасы туралы баян­дайтын «Жиембет батыр» роман-эссесі қо­сылды. Осы кітаптарды бірінен соң бірі оқып жатқан жұрт әуелгіде Табыл Құлиястың қай жердің перзенті екенін білмей де дал болған болуы керек. Себебі ағамыздың шығармаларындағы жер-су, елді мекен, қала атаулары, кейіпкерлердің есім-сойлары қазақ елінің әр түкпірінен хабар беріп тұратыны бар ғой. Мұны Тәкеңе ар­на­ған өлеңінде ақын Серік Тұрғынбеков: «Жер бар ма екен біздің Тәкең бармаған, Шет­ке шығып шетелді де шарлаған» деп бас­тап, одан әрі: «Мейлі, мейлі, жүрсе дағы ол қайда, Жер-ананың шын перзенті бол­май ма? Туған жерін айту қиын тап басып, Ақтөбе ме, Ақмола ма, Торғай ма?», – деп кес­телей кетіпті. Осы ретпен келсек, журналист, газет­ші деген ағайынның бармайтын же­рі, баспайтын тауы жоқ екендігін іс жү­зінде дәлелдегендердің бірі Табыл Құлияс еке­нін өлеңнің осы жолдарынан-ақ бай­қау­ға болады. Оның үстіне, бұл кісі үнемі кеңсе ба­ғып, көкжем болған қаламын сорғылап оты­ратындардың сортынан емес-ті. Қай шақ­та да қырғын шаруаның ортасында, қи­лы мінезді адамдардың арасында жүрді. «Осы өмірімде жиырма бес жылға үш рет сот­талдым» деп мақтанатын торғайлық айт­қыш ағасын, «басыңыз жас қой, әлі та­лай сотталарсыз» деп жұбататын осы Табыл аға­мыз. Осылайша, «басқа пәле тілден» еке­нін білсе де, тілін тартып көрмегендердің бі­­рі және осы кісі. Осы сөзімізді қаузайық. Жалпы алғанда (көпшілік үшін) сүй­кімді, жекелей алғанда (кей­біреу­лер үшін) сүйкімсіздеу кәсіп, әлбетте, фе­льетоншы болу екені мәлім. Әрине, ойдан оқи­ға құрастырып фельетон жазу онша қиын да шаруа емес. Шөп шабу науқаны ке­зінде тұралап қалған техника, алты ай қыс бойы жабық тұратын клуб, құлап қала бере­тін көпір тәрізді тақырыптар көп. Бірақ фе­льетоншы Табыл ондайды місе тұтқан емес. Бұл кісінің қармағы ұсақ-түйектерден гөрі, қызметі ірі болған соң өзі де ірі сүйек асай­тындарға, мемлекеттің мүлкін оңды-сол­ды оңдырмай жымқыратындарға, ең ке­мі облыста «крышасы» бар менмен бю­рок­раттарға, міне, осындай-осындайларға тү­сетін. Ал мұндай фельетонның соңы ызы-қиқы айқай, тексеру, фельетоншыны құртып-жоюдың тәсілдерін ойластыру сияқ­ты әбігерлерге ұласады. Т.Құлияс сон­дай талай у-шуды бастан кешті. Тұтылып қалған кезі жоқ, ақ болды, ешкім де тіреп тұр­ған аспанын төбесінен тастап жібере ал­ған жоқ, ондай аспан ешкімде жоқ та екен. Қазір ұмытыла бастады ғой, бағзы бір замандарда үнемі май-шаңның ор­та­сында, денсаулыққа зиянды өндіріс ор­нын­да жүретіндерге тегін сүт беру туралы қау­лы шығып, мінсіз орындалған. Жур­на­лис­тикадағы денсаулыққа зиянды цех­тар­дың бірі һәм біріншісі осы фельетон еді. Бұл ретте біз кейіпкеріміздің газет-журнал­дар­да­ғы фельетондарын ғана айтып отыр­ға­ны­мыз жоқ. Осы күнгі аға буын өкілдері ер­теректе кинотеатрда әлдебір фильм бас­талар алдында киножурналдар, соның ішін­де «Фитиль» деп аталған сатиралық жур­нал ұсынылатынын ұмыта қойған жоқ. Дәл соның қазақша баламасы ретінде Тә­кең­­нің авторлығымен 37 номері жарық көр­ген «Жебе» деп аталатын сатиралық ки­но­журнал – Қазақ телевизиясының кейін қай­таланбаған жеке-дара қазынасы. …Сонымен, тәуелсіздік таңы атты, мәс­кеулік нұсқауларға алаңдаудың күні өтті. Ен­ді тарихшылар, философтар, әлеу­мет­та­нушылар секілді жазушылар да бұған дейін не жазып қойғандарына қайта үңілетін кез келді. Рас, Табыл Құлиястың аса қиналатын еш­теңесі жоқ-ты. Жемқордың аты жемқор, бю­рократ қашанда бюрократ, қысастық көр­гендердің көзі тірілерінің, кезінде сын садағына іліккендердің қай-қайсысының да «мен ол кезде ақ-адал едім, Құлиясов мені жа­зықсыз құртты» дей алмасы анық-ты. Кейінгі балалары да дау шығара алмас. Се­бебі істері әлдебір папкаларда қаттаулы тұр. Бұлардың не мемлекеттік құрылымға қа­тыс­ты саяси көзқарасы үшін, не ұлтқа жа­на­шырлық қимылдары үшін қудаланған еш­теңесі жоқ-ты. Кәдімгі жемқорлар. Олар ен­ді бүгіндері осы замандық заңның ай­налып өтуге болатын тұстарына тұмсық сұқ­ты. Бірақ сатирик Табыл ғұмыр бойы жем­қорлармен тартысуға міндеттеме алма­ған еді. Бұл көбеймегірлерден басқа да шаруа­лар қылаң берген. Соның бірі – өзі туып-өскен Ойылдың немесе Ойыл тәрізді қазақ өңір­лері­нің өткен-кеткен тарихи деректері. Жазу­шы Та­был Құлияс бұл кезде Ре­сейге кетіп ба­ра жа­татын, Ре­сейден келе жататын. «Төрт-бес күнге Орскіге (Жаман­қа­лаға) ба­рып архив­тің біраз шаңын қа­ғып шықтым», – дейді. Орын­­бор архивінде­гілермен арқа-жарқа дос-жолдас бо­лып кеткенін айтатын. Одан соң Астрахан, Барнауыл... Сол сапар­лардың нә­тижесі – жоғарыда тізімге енгі­зіл­ген «Қан­жоса ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу» кі­тап­тары. Тәкеңнің еңбегі лайықты бағаланды да. Халықара­лық «Алаш» әдеби сый­лы­ғының лау­реаты, ҚР Мәдениет қайрат­кері, сатирик Балғабек Қыдырбекұлы атын­дағы жур­на­листік сыйлықтың иегері, өзі туған Ойыл ауданының құрметті азаматы атан­ды. * * * Тәкеңнің творчествосы туралы талай ағалары мен інілері кезінде баспасөз арқылы толымды жылы лебіздер айтқаны мә­лім: Әбіш Кекілбаев, Әнес Сараев, сатира теоре­тигі Темірбек Қожакеев, ғылым док­тор­лары Серікқали Байменше, Дихан Қам­за­бекұлы... Тәкеңнің шығармашылықтан тыс өз болмысы туралы да ықыласты әң­гі­мелер жеткілікті. Кезінде ағасына арнап жаз­ған «Сынған айна» деп аталатын өлеңін­де көрнекті ақынымыз Есенбай Дүйсен­байұлы: «...Болып еді ен даладай егіндік, Ас­ха­насы қос жамбасқа тегін құт. Түсірген-ді қа­зан асып, той жасап, Мені – бала, Қыз На­зымды келін ғып» деп толғағаны бар. Жаңа­дан үйленген кезде Ес-ағаң жеңгеміз екеуі біраз уақыт Табыл ағасының бір жарым бөлмелік үйінде бірге тұрған ғой. Ал кейінгі буын қаламгер, торғайлық Азамат Есен­жол бір мақаласын: «Мені былайғы та­ныстар «Табылдың баласы» деп айтады. Ол кім десеңіз, сатирик-жазушы Табыл Құ­лияс ағамыз. Қалай айтса да, осы сөздің аста­рында бір ақиқат бар. Шынында да, ол кі­сіні жаныма жақын рухани әкелерімнің бірі көремін», – деп бастайды. Өзгелерге сыр­ғыта бермей, өз басыма да келсем, ағамыз бен Күләш жеңгеміздің мол шара­патын көргендердің қатарында өзім де бармын. 70-жылдардың басында Арқалықта облыстық «Торғай таңы» газетінде қызмет еткен шағымда осы отбасының бір баласы ретінде осы үйде тұрғанымды сол кездегі торғайлық журналистер жақсы біледі. Сол себепті үлкендерге үлгі, кішілерге өнеге болған Табыл ағам туралы айтарым бұдан әлдеқайда көп екенін де жасырмаймын.

Ертай АШЫҚБАЕВ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Ақтөбе қаласы