Түрме басшысы кісі өлімінен кейін қызметінен кетті

Түрме басшысы кісі өлімінен кейін қызметінен кетті

Түрме басшысы кісі өлімінен кейін қызметінен кетті
ашық дереккөзі
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы түзеу мекемесінде болған адам өліміне байланысты сол мекеменің бастығы орнынан алынып, тағы бірнеше қызметкер жауапкершілікке тартылды деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. СҚО прокуратурасының мәліметінше, ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Айыртау ауданындағы мекемесінде анықталған бірнеше олқылыққа қатысты осы мекеменің екі бастығы қызметінен босатылды. Тағы бес қызметкер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Облыс прокуратурасының осы мекеменің қызметінде бірқатар елеулі бұзушылықтарды анықтаған ұсынысы СҚО прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұловтың қатысуымен ҚР ІІМ ҚАЖК алаңында қаралды. Тексерісті жүргізуге былтыр күзде Новоукраинка елді мекеніндегі түзеу мекемесінде бір сотталғанның екіншісін балғамен ұрып өлтіруі себеп болған. Оның қасақана өлтіргені бейнекамераға түсіп қалып, кейін бейнежазба әлеуметтік желіге тарап кетті. Облыс прокуроры орынбасарының айтуынша, тек осы бір факті ғана мекемедегі тәртіп үшін жауап беретін лауазымды тұлғалардың өз қызметіне жауапсыздықпен қарағанын көрсетіп отыр. Бақылаудың толықтай жоқтығы, мұндағы жазасын өтеушіге режимдегі, қорғалатын объектіде аса ауыр қылмыс жасауға жағдай жасаған. Қадағалау органы алдағы уақытта ұқсас жағдайларға жол бермеу үшін барлық тиісті шараларды қабылдауды және ведомстволық бақылауды күшейтуді талап етті. Естеріңізге салайық, Айыртау ауданы Новоукраинка елді мекеніндегі қылмыстық-атқару жүйесінің №51 мекемесінде 1994 және 1976 жылы туған сотталғандар арасында жанжал шыққан. Төбелестің салдарынан 1976 жылы туған жазасын өтеуші Айыртау ауданының ауруханасында алған жарақатынан есін жимастан қайтыс болды.