Министр жоғары жалақы алатын хоккейшілерге қатысты пікір білдірді

Министр жоғары жалақы алатын хоккейшілерге қатысты пікір білдірді

Министр жоғары жалақы алатын хоккейшілерге қатысты пікір білдірді
ашық дереккөзі
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Барыс» хоккейшілерінің жоғары айлығына қатысты пікір білдірді деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Бүгін Сенатта өткен баспасөз мәслихатында тілшілер министрден «Барыс» хоккей клубындағы ойыншылардың жоғары жалақысына қатысты сұрақ қойды. Өз кезегінде Е. Жамаубаев командаларға шетелден жаппай спортшыларды тарту дұрыс емес екенін айтты.
«Чемпионаттарды, ірі жарыстарды көріп жүрсіздер. Футболдан өткен чемпионатта Месси бастаған топ жеңіске жетті. Мәселен, Аргентинаның ұлттық құрамасындағы Месси басқа бір бай клубта өнер көрсетіп жатыр. Сондықтан мұндай мықты ойыншылардың келуі ел чемпионатының күшеюіне мүмкіндік береді. Жеңіс тұғырынан көріну үшін өте мәнерлі әрі ұшқыр ойнайтын спортшылар керек. Дегенмен шетелден жаппай спортшыларды сатып алу дұрыс деп санамаймын, алайда мықты ойыншылардың болуы халықаралық тәжірибе», - деді Е. Жамаубаев.
Сонымен қатар ол осыған дейін елімізде республикалық және жергілікті бюджет есебінен осындай клубтарды қаржыландыруға тыйым салынғанын айтты.
«Біздің негізгі мақсатымыз – бұқаралық спортты дамыту. Жасөспірімдер арасынан мықты спортшыларды тәрбиелеуге екпін қойылып отыр. Шығынға қатысты тиісті аргументі бар. Біз екі жақты да тыңдауымыз керек қой. Егер «Барыс» клубында жай ойыншылар ойнайтын болса, онда клубтың керегі де жоқ. Арасында көшбасшы хоккейшілер болуы керек. Әрине, бірақ көрпеге қарай көсілген дұрыс. Бүкіл ақшамызды спортшыларға жұмсамай, баланс табу керек. Атап айтқанда, бюджет есебінен танымал ойыншыларды тартуға қаражат бөлуді тоқтаттық», - деді Е. Жамаубаев.