Жол полициясы жаңа бейнебақылау жүйесімен қамтылды

Жол полициясы жаңа бейнебақылау жүйесімен қамтылды

Жол полициясы жаңа бейнебақылау жүйесімен қамтылды
ашық дереккөзі

Атыраудағы жол-көлік полициясы соңғы үлгідегі бейнебақылау жүйелерімен  қамтамасыз етілді, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Атыраудағы  жергілікті полицияның жеке құрамы үшін 100 жаңа қызметтік автокөлік берілді. Соның 90 данасына бүгінгі заман талабына сай бейнебақылау қондырғылары орнатылған. Жаңа қондырғының техникалық мүмкіндіктері де заман талабына сай.

Телеарнаның хабарлауынша, автокөліктердегі бақылау жүйесінің артықшылықтары жетерлік. Жолда келе жатқан кез келген көліктің мемлекеттік нөмірі арқылы толық деректі сол мезетте анықтауға болады.  Төленбеген салық, айыппұлдар мен көлік иесі жайындағы мәліметтер орталықтандырылған база арқылы жолда тұрған инспекторға бірден түседі.

Қазіргі уақытта жаңа қондырғы 90 автокөлікке орнатылып үлгерді. Ал қала көшелерінде бір мезетте  25-30 көлік жұмыс істейтін болады. Бүгінгі күні инспекторлар жаңа қондырғының жұмысымен танысты.

«Енді қазіргі уақытта бұл автокөліктер жергілікті полиция қызметіне қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар енді жандандырылып, осы автокөліктермен жұмыс жүргіземіз», – дейді Атырау қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Ерлан Биғамбаев.

Әлбетте, бұл жаңа техникаларды алмас бұрын мамандар жан-жақты зерттеулер жүргізген. Сөйтіп, жаңа қондырғылардың пайдасы дәлелденген соң  барып қана қолданысқа енгізу туралы шешім қабылданған.   Атырау облыстық ІІД техникалық қызмет басқармасының басшысы Даниил Макатуханың айтуынша, бейнетіркеуіш қондырғысына 4 камера орнатылған екен. «4 камераның үшеуі көлік ішінде. Шатырдағы бейнекамера 360 градусқа айналады және алда келе жатқан көліктердің белгісі мен жүргізушінің іс-әрекетін 30 есеге дейін үлкейтіп көрсетеді. Сондықтан жолда жүру ережесін бұзған кез келген жүргізушіні дер кезінде анықтауға техникалық мүмкіндік толығымен жеткілікті», – дейді  Атырау облыстық ІІД техникалық қызмет басқармасының басшысы Даниил Макатуха.

Айта кетейік, жаңа бейнебақылау жүйесі адамнан дербес, автоматты түрде қосылып-ажыратылады. Сондықтан инспекторлардың жағдайды бұра   тартуына жол берілмейді. Мамандардың айтуынша, барлық мәліметтер жедел-басқару орталығындағы  операторларға онлайн жүйесі арқылы түсіп отырады. Сондықтан инспектордың да, автожүргізушінің де сыбайластық әрекетке жол беруіне мүмкіндік жоқ.