Жаңалықтар

Аутизм: белгілері, мемлекет қолдауы, қаражаттың жетпеуі – зерттеу

ашық дереккөзі

Аутизм: белгілері, мемлекет қолдауы, қаражаттың жетпеуі – зерттеу

Әлемде аутизм дертіне шалдыққан сәбилер қатары жылдан-жылға көбейіп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметінше, 2020 жылы әлемдегі әрбір 54-балаға аутизм диагнозы қойылады. 2022 жылы елімізде 8 796 бала аутизмге шалдыққан, ал бейресми деректер бойынша, 30 мыңнан асады. Орегон мемлекеттік университетінің (АҚШ) аутизм институты директоры Эрик Фон Бонның сараптамалық бағалауы бойынша, Қазақстанда 60 000 балада аутизм белгілері бар. Аутист балалардың алғашқы белгілері қандай? Оларды біржола емдеудің жолы бар ма? Елімізде қандай көмектер көрсетіледі? Turkystan.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп, зерттеу жасады. АУТИЗМ ДЕГЕНІМІЗ НЕ? Аутизм – ми қызметінің бұзылуы салдарынан айналадағы адамдармен қарым-қатынас пен байланысқа түсу қиыншылықтарын тудыратын психикалық ауытқу. Негізінен, бұны ауру деп айту қиын, бұл – психикалық дамудың бұзылуы: шындықтан ауытқу, өз-өзінен кету, немқұрайлылық немесе сыртқы құбылыстарға жауапты қимыл әрекеттердің болмауы. Мұндай балалар ортамен қарым-қатынаста өте сезімтал болады. Миы ақпараттарды қабылдамайды, себебі миының сенсорлы жүйелері дұрыс істемейді. Бала көп түсіп жатқан ақпарат пен жаңалықтардан қорғана бастайды. Мамандар бұны былай түсіндіреді: дені сау бала дамуға жұмсайтын күшті, аутист бала қорғану механизмін құруға жұмсайды. Сол себепті, үнемі өз әлемінде, ешкіммен жұмысы жоқ болады, тіпті, ең жақын адамы болатын анасымен байланысуға қорқады. 10-қайта қаралымдағы Аурулардың халықаралық жіктеуі бойынша, аутизм спектрі бұзылулары (АСБ) «Психологиялық дамудың жалпы бұзылулары» айдарына кіреді және F 84.0 – 84.5 диагноздарын қамтиды. Аутизмнің түрлері. Қазір аутизмның келесі типтері белгілі: - Каннердің ерте балалық шақтағы аутизм синдромы (Каннер аутизмі) – балаларда кездесетін аутизмнің классикалық түрі; - Аспергер синдромы – аутистикалық психопатия; - Ретта синдромы; - А типті аутизм – шезофрениядан кейін пайда болатын немесе процессуалды аутизм. Сандуғаш Шортанова –  ерекше баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Ұлының 1 жас 8 айында дамуындағы ерекшелігін көрген. «Аутизм - бала дамуының бұзылысы. Артықшылық деп санауға болмайды, себебі аутизмі бар балалар әртүрлі болады. Бірі тез сөйлеп, Савантизм көрсетіп жатса, бірі мүлде дамымауы мүмкін. Ондай кезде балаға коррекциялық жұмыс керек. Ол – қалыпты өмірге дағдылау, өзіне керекті нәрсені сұрап алып, күнделікті іс-әрекетке бейімдеу», – дейді ол. МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚАНДАЙ КӨМЕК БАР? Елімізде АСБ бар балалар мен жасөспірімдерге амбулаториялық, стационарлық көмек ұйымдарының базасында тегін медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ Қазақстанда 2015 жылдан бері «Асыл Мирас» аутизм орталығы тегін ем көрсетіп келеді. 10 қалада орталығы ашылған (Алматы, Астана, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Петропавл, Қарағанды, Павлодар, Тараз). Онда 11 мыңнан астам бала толықтай тегін білікті көмек алды. Орталық АСБ-ны анықтауға және сөйлеу, тұрмыстық дағдылардағы кемшіліктерді жоюға бағытталған алты бағдарлама бойынша жұмыс істейді. «Асыл Мирас» орталықтарында әр бала жылына бір мәрте 3 айлық оқыту курсынан тегін өтеді. Егер кезек бойынша мүмкіндік туса, онда бірнеше рет тегін сабақтарға қатысады. Сондай-ақ ата-анасына да оқу семинарлары арқылы консультативтік көмек көрсетіледі.