«AMANAT» партиясы жанындағы Кеңес бірқатар меморганның жауапкершілігі төмен екенін атап өтті
«AMANAT» партиясы жанындағы Кеңес бірқатар меморганның жауапкершілігі төмен екенін атап өтті
«AMANAT» партиясының мүшелері латифундистерден жерді тәркілеу процесін бақылауда ұстайды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров мәлімдеді.
Ол қазіргі уақытта мемлекетке Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер мемлекетке қайтарылғанын атап өтті. Бұған дейін Бас прокуратурамен бірлесіп жүргізілген жұмыс барысында Болат Назарбаевқа тиесілі жалпы аумағы 244 гектар болатын 59 жер телімі анықталған еді.
«АМАНАТ» партиясының Қоғамдық алаң ретінде әрбір азаматтың еншісі болып табылатын ұлттық байлықты мемлекетке қайтару басты миссиясы деп білеміз! «Бармақ басты, көз қыстымен» жымқырылған халық ырыздығын қайтару жұмысын жүйелі жүргіземіз. Мәртебелі фамилияға, «бұрынғы еңбегіңізге», қалтаңыздың қалыңдығына қарамаймыз. Халықтың меншігіне қол салдыңыз ба? Қайтарасыз. Алмақтың да салмағы бар және ол ауыр», - деді Ерлан Саиров.
Кеңес төрағасының орынбасары жұртшылықтың шағымын тудырып отырған елордадағы құрылыс мәселелеріне жеке тоқталды.
«Елордада бей-берекет құрылыс жалғасуда. Мысалы, Astana Mall СОО маңына 15-тен астам тұрғын үй кешені салынды және бірде-бір мектеп жоқ. Бұл әкімдіктің әлеуметтік нысандарды: балабақшаларды, мектептерді, емханаларды салу процесін мүлдем қадағаламай, үйлер салуға рұқсат беретіндігін айғақтайды. Бұл процесс мүлдем реттелмеген, қажет жерге мектеп салынбаған», - деп атап өтті ол.
Айта кету керек, партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында екі жыл ішінде Астанада 19 мектеп, 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 21 медицина нысаны, 400 мың шаршы метрден астам коммерциялық үй-жай салынды. Тек 2022 жылы 30 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.