Елбасы Универсиада алауын тұтатты

Елбасы Универсиада алауын тұтатты

Елбасы Универсиада алауын тұтатты
ашық дереккөзі

 Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік Универсиада ойындарының алғашқы алауын жақты.

Алау жағылған шырақ 3,5 сағат бойы Астананы араламақ. Шырақты ұстаған эстафеташылар оны қаланың орталық көшелері арқылы алып жүрмек.

Алдымен алау Назарбаев Университетінен «Бәйтерек» монументіне жеткізіледі. Кейін "Бәйтеректен" оң жағалаудағы қалалық әкімдікке жол тартады. Эстафетаның ұзындығы 12 шақырым болмақ.

Алауды барлығы 60 адам алып жүреді. Олардың арасында боксшы Данияр Елеусінов пен Василий Левит, гір көтеру спортының шебері Әлібек Наурызбайұлы, джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева мен шахматшы қыз Динара Сәдуақасова бар.

Ертең, 26 қаңтардан бастап алау біртіндеп Қазақстанның өзге де қалаларында жағыла бастайды. Әр қалада алау алып жүру эстафетасы ұйымдастырылмақ.

Шырақты Алматыға арнайы жолаушылар ұшағы жеткізіп, 29 қаңтар күні ол Универсиаданың ашылу салтанатында ортақ алау ыдысына біріктіріледі.

Айта кетейік, Универсиада алауы 22 500 шаршы метр жер арқылы жүріп өтеді. Оның ішінде 200 шақырым қашықтықты шырақ ұстаушылар еңсермек.