Жаңалықтар

Паралимпиада жеңімпазы Сиязбек Дәлиев жастармен кездесті

ашық дереккөзі

Паралимпиада жеңімпазы Сиязбек Дәлиев жастармен кездесті

30 қаңтар күні «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Пара Азия ойындарының жеңімпазы Сиязбек Дәлиев студенттермен кездесті. Мотивациялық кешке Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 60-тан аса студенті қатысты.

Сиязбек Дәлиев балалық шағында болған жазатайым оқиға салдарынан екі қолынан айырылған. Тағдырдың сынағынан сүрінбей, жігері жасымай, екі қолынан айырылса да алға ұмтылған спортшы жастарға қоғамның мүгедектігі бар азаматтарға деген көзқарасы, отбасының қолдауы мен паралимпиада ойындарына дайындығы жайлы әңгімелеп берді.

«Ең бірінші қатысқан халықаралық жарысым – 2009 жылы Токиода өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары. Бұл жарыста мен 2 күміс, 2 қола жүлде иелендім. Жеңістің дәмін татқаннан кейін менде үлкен мотивация пайда болды. 12 жасымда қос бірдей қолымнан айырылып, жарты жыл үйде жаттым. Сол кезде ата-анам аяушылық танытпады, мүсіркеген жоқ. Соның арқасында қоғамнан өз орнымды таптым деп ойлаймын. Бүгінде 2 баланың әкесімін. Жарым Эльвирамен осы университетте таныстым. 2015 жылы үйлендік. Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы университетте (дене шынықтыру және спорт) білім алдым. Мен үшін нағыз мотиватор – Криштиану Роналду. Сондай мықты спортшылардың деңгейіне жетсем деп армандаймын», - деді Сиязбек.

Бүгінде Сиязбек Қазақстандағы жүзу бойынша паралимпиада құрамасының мүшесі, 2009, 2011 жылдары «Жыл спортшысы» аталымы бойынша «Жыл адамы» атанған. 2011 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен әлем ойындарының чемпионы, 2009 жылы Токиода өткен Азия ойындарының күміс және қола медаль иегері, 2014 жылы Кореяда өткен Азия ойындарында қола медаль иегері, сондай-ақ 2015 жылы Сочиде өткен жарыста күміс және қола медаль иегері атанған.

«Экология» мамандығы бойынша 4-курс студенті Ұлжан Кусетова кездесуден алған әсерімен бөлісіп, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен еркін форматта тағлымы мол тұлғалармен жиі кездесу өткізілетінін жеткізді.

«Сиязбек ағамыз еңбекқорлықтың, табандылықтың арқасында кез келген жетістікке қол жеткізуге болатынын дәлелдеді. Әлеуметтік әділеттілікті ту етіп, өзін қоғамның ешкімнен кем емес бір мүшесіндей сезінуіне жағдай жасалуын мақсат тұтқан бұл жобаның жастарға берері мол. Спортшының 12 жасында басынан өткен қайғылы оқиғасы бәріміздің жүрегімізді елжіретті. Қиындыққа мойымай, қоғамнан өз орнын табуы жігер сыйлады», - деді Ұлжан Кусетова.

Айта кетейік, «Кедергісіз келешек» жобасы ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға жәрдемдеседі. Атап айтқанда, басты мақсат - мүгедектігі бар азаматтар үшін «кедергісіз орта» құру, инклюзивтік білім беру, мүгедектігі бар азаматтардың өз бетінше табыс тауып, жұмысқа орналасуға көмектесу мен еліміздің осы саладағы заңнамасын жетілдіру.