Былтыр өндірістегі оқыс оқиғалардан 203 адам қаза тапты

Былтыр өндірістегі оқыс оқиғалардан 203 адам қаза тапты

Былтыр өндірістегі оқыс оқиғалардан 203 адам қаза тапты
ашық дереккөзі
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1465 жұмыскер зардап шекті. Оның 203-і қаза тапты деп хабарлады turkystan.kz. 2022 жылы өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,22 құрады.
«Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында - 180 адам, ШҚО-да – 169 адам, Қостанай облысында – 142 адам, Павлодар облысында – 112 адам, Ақтөбе облысында – 103 адам, Алматы қаласында 114 адам зардап шекті», - делінген хабарламада.
Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 16,2% және құрылыс саласында – 15%.
«Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (33,9%); өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (29%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (9,4%); қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерін бұзу», - делінген хабарламада.
Соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,5%-ға түсті. Профилактика мен бұзушылықты алдын алу мақсатында еліміздің 2800 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.