Кемелбек Ойшыбаев «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы қызметінен кетті
Кемелбек Ойшыбаев «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы қызметінен кетті
Кемелбек Ойшыбаев «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы қызметінен кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол бұл туралы Фэйсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына жазды. «Құрметті достар! «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы қызметінен кетуді ұйғардым. Оқу туралы іске асырылмай қалған ойларым бар еді, соларды жалғастырсам деймін. Аз уақыт ішінде көп шаруа бастадық. Менiң кеткенiме қарамастан, жалғасы болады деп үмiттенемiн. Ең бастысы - жақсы адамдармен таныстым, кәсіби мамандар, керемет орта. Корпорацияның болашағы зор! Өзім үшін қазақ телевизиясының қара шаңырағында қызмет ету үлкен тәжірибе болды. Әрiптестерiме де, барлық жанашырларыма да көп рахмет!», - деп жазған К.Ойшыбаев. Айта кетейік, Кемелбек Ойшыбаев бұл қызметке 2016 жылдың 1 қазанында тағайындалған болатын. Ойшыбаев Кемелбек Бақтығұлұлы 1977 жылы 13 шілдеде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін Журналистика мамандығы бойынша, Қазақ Гуманитарлық-Заң университетін заңгер мамандығы бойынша, Халықаралық бизнес академиясын корпоративті менеджмент мамандығы бойынша тәмамдаған, сонымен қатар Geneva Business School - MBA мектебін бітірген. Орталық коммуникациялар қызметінің директоры қызметін атқарды. Сонымен бірге «Қазмедиа орталығы» бас директорының орынбасары, «Zaman Қазақстан» республикалық газеті бас редакторының орынбасары, «Қазақтелеком» АҚ корпоративтік сатылымдар дирекциясының бас директоры қызметтерін атқарған.