Астанада 55 жастағы жолаушы ұшақтан түсірілді (ВИДЕО)

Астанада 55 жастағы жолаушы ұшақтан түсірілді (ВИДЕО)

Астанада 55 жастағы жолаушы ұшақтан түсірілді (ВИДЕО)
ашық дереккөзі

55 жастағы жолаушы ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелеріне бағынбағаны үшін рейстен түсірілді деп хабарлады Turkystan.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәлімет бойынша, 27 қаңтарда Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне Qazaq Air әуекомпаниясының өкілдерінен Астана-Шымкент бағытындағы рейстің жолаушысына қатысты шара қабылдау туралы хабарлама келіп түскен. Құқықбұзушы акт бойынша көлік полицейлеріне берілді.

Тексеру барысында полицейлер масаң күйінде болған және ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелеріне бағынбаған Шымкент қаласының 55 жастағы тұрғынын анықтады. Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, ол «жеңіл дәрежелі» алкогольдік масаң күйінде болған.

Ер адамға қатысты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі («Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу») бойынша, ҚР ӘҚБтК-нің 566-бабы 1-бөлігі («Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу») бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, 8 айлық есептік көрсеткіш (27 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салды.