Миландықтарды қазақ көйлегімен тамсандырған Анастасия әлемді бағындырғысы келеді

Миландықтарды қазақ көйлегімен тамсандырған Анастасия әлемді бағындырғысы келеді

Миландықтарды қазақ көйлегімен тамсандырған Анастасия әлемді бағындырғысы келеді
ашық дереккөзі
Өткен аптада сән әлемінің астанасы саналатын Милан көшелеріне ұлт­тық киімімізді киіп, қолдарына Көк туы­мызды ұстап шыққан үш қазақ­стан­дық туралы видео кеңінен таралды. Жолай кез­дескен италиялықтардың түгелін там­сандырып, тіпті олармен бірге суретке түсу­ге ұзынсонар кезекке тұрғанын көр­ген көп қолданушының әлгі видеоның астына бойын мақтаныш кернегені, тіпті кө­зіне жас алғаны туралы жарыса жаз­ға­нын байқадық. Бір қызығы, көпшілік әл­гі үш қазақстандықты модельдер, ал бұл киімді қазақ дизайнер тікті деп ойлап қал­са керек. Ал расында олар – Миландағы сән апталығы ойдағыдай өтпегеніне на­лып, жағалауға шыққан Roma Nova сало­ны­ның негізін қалаушы, елімізге белгілі дизайнер Анастасия Романова мен оның қыз­меткерлері. Әлемге аты шыққан сән­герлер қызығатын Миланда подиумға емес, жағалауға шығуға не түрткі болға­нын білу үшін Анастасиямен кездесіп, сұх­баттасқан едік. – Біздің түсінігімізде дизайнер киім тігуде ештеңені талғамай, көңілі қа­ла­ған киімді тігетін секілді көрінеді. Сұх­бат басталарда сіз «Мен қалыңдық көй­­­легінің дизайнері ретінде танылып жүр­мін» дедіңіз.  width=– Негізі, мамандығым бойынша мен – ин­терьер дизайнерімін. Бірақ бала кезімнен киім тігуге қатты әуес болдым. Киімдердің өзіме ұнамаған жерін сөгіп, өзіме ұнай­тын­дай етіп қайта тігетінмін. Ал «Неге тек қа­лың­дық көйлегін тігуге ден қойдыңыз?» деп сұ­ра­ғыңыз келсе, мұны өзімнің неке тойым­нан кейін бастадым. Тойдың алдында қия­лымдағы, өзіме ұнаған көйлекті таба ал­май, шарқ ұрып іздедім. Сосын өзімнен артық ешкім білмес деп, қалыңдық көйлегін өзім тік­тім. Кейін оның суретін интернетке жүк­тегенім сол еді, желі қолданушылары «Мына көй­лекті кім тікті?», «Маған да тура осындай көй­лек керек» деп жаза бастады. Содан бас­тап қалыңдық көйлегін тігу тиімді екенін тү­сіндім. 2010 жылы Астанадағы «Хан ша­тыр» сауда орталығының ашылуына орай ша­қырылып, онда жас дизайнер ретінде мини коллекциямды таныстырдым. Ол кез­де онша танымал емеспін, жеке шеберханам да жоқ. Үйде тігетінмін. Сол кезде көпшілік на­зарына ұсынған қалыңдық көйлектері де бә­ріне ұнады. Менің «туындым» екенін білген жұрт менімен бірге суретке түскені есім­де (күліп). Шынында, бұл – жай ғана киім тігу емес, қызық процесс. Үлкен жауап­кер­шілік жүктейді. Әрбір қыздың өміріндегі ең маңызды сәтке қатысың бар болғаны ке­­­ремет емей немене?! Дегенмен басында сіз ой­лағандай көңілім қалаған киімдерді тіге­тінмін. Біздің «қорда» классикалық үлгідегі, күн­делікті және кеңседе киімдер де болды. Бірақ оларды тігу барысында қалыңдық көй­легін тіккен кездегідей рахат ала алмайсың. Қалың­дық көйлегін тігу – шығармашылық процесс, эксклюзив. Осы уақытқа дейін қан­ша қалыңдық көйлегін тіксем, сонша рет қызық пен рахатқа баттым деп айта аламын. – Ал этникалық стильдегі киімдерді ті­гуге кім себепкер болды? – 2014 жылы бір қыз ұзатуға киетін ұлт­тық киім тігуге тапсырыс берді. Бұл мен үшін тың нәрсе болды, width= себебі оған дейін қазақ ұлт­тық киімін тігіп көргенім жоқ. Ол киімді тігу үшін бір ай бойы тыңғылықты дайын­дал­­дым. Кітапханаға барып, бірнеше әде­биет­­тің бетін ақтардым. Жан-жағымнан сұрас­тырдым. Ұлттық киімнің тарихын біл­мей жатып, оны тігу мүмкін емес. Бұл тап­сырысты орындаған соң тағы бір кісіден ұлт­тық бұйым әзірлеуге тапсырыс келіп түс­ті. Сөйте-сөйте қазақ мәдениетін, әсіресе ұлт­тық ою-өрнекті тереңінен зерттей бас­тадым. Әр өрнектің өзіндік мағынасы бар еке­нін білдім. Дегенмен көп дизайнердің кол­лекциясына арқау болған тарихи киім­дерді қайталағым келмеді. Мен костюм бойын­ша суретші емеспін ғой, мен – құрас­тырушымын. Коллекцияларымды көрген кей­біреулер «Бұл тіпті де қазақ стилі емес. Қа­зақтар бұрын-соңды мұндай киім ки­ме­ген» дегенді алға тартады. Иә, бұрын кимеген. Бірақ қазіргілер киеді, себебі бұл – этникалық стильдегі заманауи киім. Әрі бұл – ди­зай­нердің қиялынан туындаған дүние. Біз жүз жыл бұрынғы сәнді қайталай алмаймыз ғой. Өзекті болмайды. Мен жаңа әрі жеңіл дүние жасағанды құп санаймын. Бәрінен бұрын біздің өнімдердің жеңіл екені байқалып тұрады. Біз тығыз тоқылған, «ауыр» мата­лар­ды қолданбаймыз. Қалыңдық өз тойында өзін барынша қолайлы сезіну үшін қолы­мыздан келгеннің барлығын жасаймыз. Сосын бізді өзгелерден ерекшелейтін автор­лық техника бар. Қазір көп дизайнер біздің стилистиканы қайталайтынды шығарыпты. Желі қолданушылары «Міне, қараңыз. Сіздің техникаңызды қайталап жүр» деп ара-тұра хабардар етеді. Әлбетте, сонша уақыт жұм­сап, ойлап тапқан дүниеңді әлдебіреулердің көшіріп алғаны көңіліңді қынжылтады. Алайда бізді көшірсе, демек біз алдыңғы шеп­теміз. Біздің бағытымыз дұрыс. – Былтыр Мәскеудегі көрмеде көп­ші­лік­тің көңілінен шыққан коллек­ция­ңыз – «Ұлттар достастығы» туралы бірер сөз айта отырсаңыз. – 2021 жылдың қараша айында келер жы­лы наурызда Мәскеуде өтетін қалыңдық көйлегінің көрмесіне шақыру алдым. Жаңа кол­лекция дайындауға үш айдай уақытым бол­ғандықтан, «Мәскеу жұртшылығын таң­ғал­дыру үшін қайтсем болады?» деп бас қа­тырғаным бар. Ойлана келе коллекциямда біз­­дің байтақ жерде көп ұлт тұратынына ба­­сымдық бергім келді. «Бізде тұратын өзге ұлт­тың қыздары қазақтардан үлгі алып, өз той­ларында неге өз ұлттық киімдерін киіп шық­пасқа?» деген ой маза бермей қойды. Сөй­­тіп, орыс, украин, қазақ, өзбек, кавказ ха­лықтарының ұлттық киімдерін кіріктіріп, «Ұлттар достастығы» коллекциясын әзірлеп шы­ғардық. Коллекцияның жартысын Аста­нада өткен көрсетілімде таныстырдық. Ал қал­ғанын Мәскеудегі көрмеге апардық. Онда біз­ге таңғалмаған адам аз шығар. Біздің стенд көп «бояуға» толы болды. Мәскеуліктер біз­ді есінде сақтап қалғанына еш күмәнім жоқ. Көрме аяқталған соң ұлттық киім­дерімізді киіп алып, Қызыл алаңды жүріп өт­­кіміз келген, бірақ сол кезде күн қатты суық болғандықтан ол ойымызды іске асыра ал­мадық. Стенд маңында ғана жүрдік. Ке­лесіде Мәскеуге барғанда міндетті түрде Қы­зыл алаңға қазақ ұлттық киімін киіп шы­­­­ғамыз деген жоспарымыз бар.  width=– Ал көпшілік қа­зір сөз етіп жүрген Милан жаға­лауына ұлт­тық киімі­міз­ді киіп шығу идея­сы да әлдебір көр­ме немесе көр­сетілімнен кейін туды ма? – Иә. Былтыр мамыр айында Тараз қа­ла­сын­да Aspara fashion week сән апталығына қа­­тыстық. Онда біз жоғарыда атап өткен «Ұлт­тар достастығы» коллекциясын таныс­тыр­дық. Бұл коллекция шетелдік мамандарға ұна­са керек, сол көрсетілімнен кейін бір­не­ше елде өтетін сән апталығына қатысуға ұсы­ныс келіп түсті. Соның арасынан тамыз айын­да Түркияда өткен Fashion week Cappadocia апталығын таңдап, ақырында онда­ғы сән өнерін бағалайтындар тарапынан жо­ғары бағаға ие болдық. Сол апталықта қыр­күйек айында Италияның Милан қала­сында өтетін Milano Fashion Week-ке шақыру ал­дық. Онда тағы сол «Ұлттар достастығы» кол­­лекциясын алып баруды көздедік, деген­мен қазақ ұлттық киімдеріне басымдық беру­ді бәрінен жоғары қойдық. Өкініштісі сол, бұл көрсетілім мен ойлағандай жоғары дең­гейде өтпеді. Дегенмен еуропалық көр­се­тілімдерге бірінші рет қатысып тұрған­дық­тан бұл бізге үлкен сабақ болды. Мұндағы көр­сетілімдердің қалай өтетінінен бейхабар бол­дық. «Уау, Еуропа» дегенге көп нәрсе күт­тік, әсіресе «бәрі керемет деңгейде өтетін бо­­лар» деп үлкен сенім арттық. Шынымды айт­сам, Еуропаға қарағанда Қазақстанда сән ап­талықтары өте жоғары деңгейде өтетін секілді. – Миланда әлдебір келеңсіз жағдайға тап болдыңыздар ма? Не болды? – Біздің киімдерді подиумға киіп шық­қан модельдерге кәсіби шеберлік жетің­кіре­меді. Қалыңдық көйлектерінің топтамасын апа­ра жатқан соң ұйымдастырушылармен ал­дын ала хабарласып, жас модельдердің бар-жоғын сұрадым. Олар 18-25 ара­лы­ғын­дағы кәсіби модельдердің көмегіне жүгі­не­тіндерін айтты. Ал ол жаққа барғанда біздің коллекцияны отыз жастан асқан, кәсіби шеберлігі аз модельдер таныстыратынын айтты. Әлбетте, олардың арасынан лайығын таңдап алу қиын болды. Мейлі, бірнешеуін таңдадық, киіндірдік, көрсетілім аяқталды. Дегенмен біз күткен эмоцияны ала алмадық. Бір жақсысы, Африка, Америка, Еуропа ди­зайнерлері қатысқан бұл іс-шараға Мем­лекеттік туды алып барған біз ғана екенбіз. Туды көкке желбіретіп ілгеніміз көңілімізге медеу болды. Көрсетілімнен кейін қыздарға «Қазақтың ұлттық киімдерін өзіміз киіп, көшені аралап шықсақ қайтеді?» деп ұсыныс тастадым. Сөйтіп, Милан жағалауына барып, көпшіліктің ықыласына бөленіп, әсерлі шақты бастан өткердік.  width=– Демек, сіздер Миланда өздеріңіз қа­тысқан сән апталығынан гөрі, Милан көшелеріндегі қарапайым халық ал­дын­да болған көрсетілімнен әлдеқайда керемет әсер алдыңыздар ғой. – Дәл солай! Коллекциямызды подиумда ой­дағыдай көрсете алмаған соң «Олай болса көшедегі қарапайым халыққа өзіміз көр­се­тейік» деп оқталдық. Заттарымызды жи­нас­­тырып, қонақүйге бардық. Онда Милан­ның қа­лың жұртшылығы жағалау жақта жүре­ті­нін біліп алдық. Сөйтіп, ұлттық киімдері­міз­ді шабаданға салып алып, сол жағалауды бет­ке алдық. Жолай жағалауға жақын орна­лас­қан кафенің дәретханасына кіріп-шығу­ды сұрандық. Шығарда кафе қызметкерлері дәретханаға күнделікті киіммен кіріп, үсті­мізге сәнді киім, басымызға сәукеле киіп шық­қан бізге қарап, аң-таң болды (күліп). Сол кезде жағалауда жүрген бұқара халық­тың назары бізде болды десем артық айт­пай­мын. Қасымыздан өткеннің барлығы ар­тына бұрылып қарап, бізге жақындап «Қай­дан боласыздар?», «Мынау қайдан кел­ген әдемілік?», «Мынау қай елдің ұлттық киі­мі?» дегендей сұрақтарды төпелете қойды. Қала берді, бізбен суретке түсті. Кейбірі «Сіз­дер осында өтіп жатқан Milano Fashion Week-тен келе жатқан жоқсыздар ма?» деп дәл тапты (күліп). Видеодағы үш қыздың бірі – мен, бірі менімен жұмыс істейтін – декора­тор, үшіншісі – мобилограф. Төртінші қыз бізді видеоға түсіріп жүрді. Қазақстанның Туын ұстап жүрген соң, бірі Қазақстаннан екенімізді таныса, енді бірі «Украинаның туы емес пе?» деп қасымызға жақындап сұрады. Біра­зы Қазақстанды Геннадий Головкин мен Димаш Құдайбергенов арқылы тани­тын­дарын айтты. Мұндай реакцияны күтпеген біз бойымызды мақтаныш кернеп, төбеміз көк­ке екі-ақ елі жетпей қалды. – Былтыр қыркүйек айында тү­сіріл­ген бұл видеоның енді кеңінен тарала бас­тағаны қызық болып тұр. – Негізі, былтыр қыркүйек айында ин­тер­нетке жүктегенімде де бірнеше паблик бұл туралы жарыса жазған. Сосын өткенде қа­­­­расам, ол кезде қысқа видео салыппын. Сөй­тіп, бұған дейін еш жерде жарияланбаған біраз видеоларды өңдеп, TikTok-қа салғаным сол екен, ол видеом қыркүйектегіден де әл­деқайда көп таралды. Көп паблик мені бел­гілемей салғаны болмаса, қазақтың ұлттық киімін бұлай таныстырғанымызға көпшілік разы болғанын байқадым. Біраз қыз біз се­кіл­ді ұлттық киімді киіп, «шетелдің біраз кө­­шесін аралағым келіп кетті» дегендей пікір­лер жазыпты.  width=– Сол видеода бірі сізді дизайнер емес, модельер деп ойлап қалса, енді бірі «Екі қазақ қызының қасында жүр­ген орыс қызы да өзімізге ұқсап қапты» де­гендей пікір қалдырған. Білгіміз келе­тіні, біздегілердің қазақ ұлттық киімін киіп алған орыс қызына реакциясы қан­дай? – Көбіне оң көзқарас танытады. Арасын­да жағымсыз пікірлер жазатындар да бар, әсіресе TikTok-та өмірінде ештеңе жасап көр­­­­мегендер көңіліме қаяу түсіргісі келеді. Бірақ мен олардың пікірін шыбын шаққан құрлы көрмеймін. Маған мені қолдайтын кө­кірегі ояу көпшіліктің айтқаны қуат бе­реді. Жазда мынадай бір эксперимент өткіз­дім. TikTok-қа жүктеген видеомның астына әл­дебіреу мысқылдап «Мынадай ұлттық киім­мен тойдан басқа қайда баруға болады?» деп жазады. Сосын ұлттық киімді киіп алып, сауда жасауға, анда баруға, мында баруға бо­ла­тынын тізіп шыққан едім, тағы бір қол­данушы «Онда осы киіммен нан алуға барып көріңіз» дейді. Сосын ұлттық киімді киіп алып «Хан шатырға» нан алуға бардым (кү­ліп). Сауда орталығындағылардың реак­ция­сы күшті болды. Қызыға қарап, іштей алғыс ай­тып тұрғанын түсіндім. Жалпы, көбі маған қазақ киімдері жарасатынын айтады. Анам да ма­ған орыс әйелдері киетін ұлттық бас­киім – кокошникке қарағанда сәукеле әл­деқайда жақсы жарасатынын айтады. Жал­пы, мен күнделікті өмірде түрлі ұлттың киім­­­­дерін киіп, этникалық бұйымдарды үне­­мі тағып жүремін. Бір күні тақия кисем, екін­­ші күні кокошник, одан соң кав­каз­дық­тар­дың киімін киемін. Маған осылай киінген ұна­йды. Бірақ әдейі көзге түсу үшін киін­бей­мін. Бәрі кездейсоқ «құрастырылады». Осы­лай эксперимент жасау арқылы клас­си­ка­лық стильге қарағанда этникалық стиль көп ұнайтынын түсіндім. Еуропадағы тренд­тер­дің өкшесін басқанша, коллекцияңа тари­хи кітаптарды ақтарып, өз ортаңа ортақ эле­менттерді қосқан абзалырақ. – Дегенмен сіз секілді ұлттық киім ті­гетін өзге бәсекелестеріңіздің кол­лек­ция­сын бақылап тұратын шығарсыз? – Әлбетте, бірақ олардың топтамасына қа­рап шабыт аламын деп айта алмаймын. Тек қандай жаңашылдық width= енгізгенін білгім ке­леді. Дегенмен жоғарыда айттым ғой, мен кі­таптарды, зерттеулерді көп қараймын. Та­рихи жерлерге жиі барамын. Жуырда Аста­на­дағы Ұлттық музейді аралап жүргенде ұлт­тық киімдер бейнеленген, интернетте жоқ картиналар мен кітаптар тауып алдым. Ай­тып тұрмын ғой, зерттеу жүргізбесең, тарихты білмесең, тың дүние жасау мүмкін емес. Музейдегі бір картинада салынған кос­тюмді өзбектердікі деп ойлап жүрсем, бұрын қазақтар осындай костюм киген екен. Сосын қа­зақтардың бұрын киген аяқкиімдерін кө­ріп таңғалдым. Тағы бір байқағаным, сәу­ке­лені қазір біз жасап жүрген конус пішіннен бөлек басқа пішінде де тігуге болады екен. Бір киімнен көп ұлтқа тән элементтерді де бай­қадым. Негізі, зерттей түссең, ортақ негізі бар көп киім тауып алуға болады. Этника деген­ге бәзбіреулер ескі сәндегі киімдер ғана тігуі мүмкін деп ойлап қалуы мүмкін, алайда біз этника мен заманауи стилистиканың қос­пасынан коллекция әзірлейміз. Мысалы, был­тыр мен күртеше секілді күнделікті сырт­қа киюге болатын шапан тіктім. Жалпы, бізде қалыңдық көйлектерінен бөлек, сырт­қа киетін киімдер коллекциясы да бар. Дайын нәрсені кигенді ұнатпаймын. Өзіме арнап тігемін. Өзіме шақтап тіккен әлгі ша­пан­ды әлеу­меттік желіге салған едім, ертесі тап­­сырыс көптеп түсті. Қазақ­станды айт­­па­ған­да, Германия, Испания, Францияда тұра­тын қазақтардан көп тапсырыс түсіп жатыр. Жаңа ғана Тай­ландта тұратын бір қазақ әйел қызының бір жасқа толуына орай ұлттық киім көйлек керек екенін айтып, хабарласты. – Әдетте дизайнерлер көлеңкеде жүр­­генді қалайтын секілді. Көп жағ­дай­да коллекцияны кім ойлап тапқанын по­диумға шыққанда ғана байқап жата­мыз. – «Басқа кезде дизайнердің кім екенін біл­­­мейміз» деңізші (күліп).  width=– Соны айтқалы жатқанмын. – Бірақ бұл әңгіменің маған қатысы жоқ. – Сән апталықтарынан басқа уа­қыт­та ол киімдерге ешкімнің қолы ти­мей­тін секілді. Ал сізде керісінше. Қызыл алаң­ға, Милан жағалауына киіп шығу­дан бөлек, Астана саябақтарында мо­де­ль­­дермен бірге фотосессия жасап, ха­лықпен етене араласқанды жақсы кө­ретініңізді байқадым. Бұл «Өз туын­дым­ды өзімнен артық ешкім таныстыра ал­майды» дегенге келе ме? – Иә. Біріншіден, мен жеке брендімді да­мытумен айналысамын. Бізде тығыз бай­ланыс орнатқан модельдер бар. Фотосессия ке­зінде де түрлі модельдердің көмегіне жүгінемін, себебі мен көп жағдайда біз талап еткен форматқа келе бермеймін. Десе де, өз қиялымнан туған киімдерді сыртқа өзім киіп шыққан ұнайды. Расында, көпшілік «Киім­ді тігіп шыққан дизайнерден артық та­нытатын ешкім жоқ» дегенді алға тартады. Шы­нымен де, ол киімнің әуел бастағы идея­сын білгендіктен, оны көпшілікке қалай та­­­ныстыру, қалай ұсыну керек екенін мен ға­на білемін. Екіншіден, мен кезінде актриса болуды армандайтынмын. Бүгінде ол арманым орындалмаса да, басқа арманым жүзеге асты. Бірақ бұл жұмыс процесінде де әртістік қырымнан танылуға болатынын тү­­­сіндім. Сондықтан өз киімдерімді киіп, сыртқа көп шығамын, суретке көп түсемін. – Әлгі кеңінен таралған видеоның ас­­­­тындағы пікірлердің бірі мынадай: «Біз­дің дизайнерлер осылай ерекше кол­лекция арқылы әлемге танылған соң, шетелге тайып тұрады». Бұған не дей­сіз?  width=– Бұл пікірдің де маған қатысы жоқ. Мен – Қазақстанның патриотымын. Алғаш рет Еу­ропаға барған кезде онда көшу туралы ой бол­ғанын жасырмаймын. Кейіннен ол райым­нан қайтып қалдым. Сосын тек Қазақ­стан­да тұрғым келетінін, қазақтың ұлттық киімдерін насихаттап, Қазақстанды әлемдік аренада танытқым келетінін түсіндім. Сөйте тұра, әлем азаматы да бола аламын. Көңілім қалаған жерге саяхаттап бара аламын, бірақ Қазақстанды ешбір жерге айырбастамаймын. Біздің тұрғындар басқалардан ерекшеленеді. Әсіресе, қазақтар – мен кездестірген ең мейі­рім­ді, жылы шырайлы халық. Біздің елде бір шаңырақ астында татулықта өмір сүріп жат­қан ұлттардың, әсіресе қалыңдықтардың өз тойларында ұлттық киімдерін кигенін қа­лаймын. Мысалы, орыстар құдалық пен үй­лену тойы кезінде өздерінің ұлттық киім­дерін кисе екен деймін. Жалпы, үйлену тойда кие­тін ақ түсті көйлектер бізге Еуропадан кел­ді ғой. Кезінде ІІ Елизавета патшайым ки­ген соң барлығы жаппай тойға осы түстегі киім­дерді кие бастаған. Бұл сол замандағы сән­ге құрмет, мұның бізге қатысы жоқ. Мы­салы, қазақтар бұрын тұрмысқа шығарда ақ киім кимеген. Олар көбіне қызыл, алтын түс­тес көйлектер киген. Сондықтан әрбір ұлт өз тарихына үңіліп, өз ұлтына тән киімді кисе екен деймін. Менен көбі «Мемлекеттен неге көмек сұрамайсың? Бұл коллек­ция­ла­рың­ды неге Еуропаға танытпасқа?» деп сұрай­ды. Ешкімге қарыз болғым келмейді. Бә­ріне өзім қол жеткізгім келеді. Дегенмен мем­лекеттің мүддесін жоғары қоятын жо­ба­лармен коллаборация жасағым келетінін жа­сырмаймын. Спортшылар және әртіс­термен жұмыс істегім келеді. Былтыр Қысқы Олимпиада ойындарының ашылуында орыс спортшы қыздың қазақтың ұлттық киімін киіп шыққан көрген көпшілік «Неге ондай айту­лы іс-шараға арналған киімді өзіміздің Анас­тасия Романова тікпеді?» деп жазғанын оқыдым. Бірақ бұл тендер арқылы іске асы­рылған жоба секілді, ал мен тендерге қа­тыс­паймын. Дегенмен осындай ірі жобаларға қуа­на-қуана қатысар едім. Өткенде ұйым­дастырушылар «Әлем аруына» қатысатын отан­дасымызға киім тігіп бергенімді қалады, бірақ олар тегін қызмет көрсеткенімді қа­ла­ды. Кез келген еңбектің ақысы болуға тиіс. Сон­дықтан бас тарттым. Дегенмен биыл ірі жо­баларға қатысамын деп үміттенемін. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ