Жеке сот орындаушылар алимент мәселесіне немқұрайлы қарайды - Азамат БІРЖАНОВ

Жеке сот орындаушылар алимент мәселесіне немқұрайлы қарайды - Азамат БІРЖАНОВ

Жеке сот орындаушылар алимент мәселесіне немқұрайлы қарайды - Азамат БІРЖАНОВ
ашық дереккөзі
Жуырда «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы Атырау облысында іске қосылды. Бұл бастама арқылы тұрғындар тегін заңгерлік көмек ала алады. Жоба аясында заңгерлер Исатай, Индер, Мақат, Жылыой аудандары мен Атырау қаласына барып, тұрғындарға арыз-талап толтыру, өкілеттік ету, өзін қорғау мәселелері бойынша кеңес берген болатын. Комиссия атқарған жұмыстың нәтижесін білу үшін «AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржановқа бірқатар сауал қойған едік. – «AMANAT» партиясы Атырау об­лы­­сында іске қосқан «Құқықтық кө­мек» жобасы шеңберінде аза­мат­тарға заңгерлік көмек көрсету мақ­са­тында бірқатар ауданды арала­ды­ңыз­дар. Нәтижесі қалай болды? – Өткен жылы партия филиалына аза­­маттар тарапынан 134 600 өтініш ке­ліп түскен болатын. Оның басым бөлігі заң­герлік көмекке, құқықбұзушылыққа бай­ланысты болды. Осындай мәселелер төңірегінде көп өтініш түсуі бекер емес. Бұл – азаматтар арасында құқықтық ни­ги­лизм бар деген сөз. Өзінің құқығын біле бермейді. Осыдан кейін біз дабыл қаға бас­тадық. Бұл туралы партия Төрағасы Ер­лан Қошановқа айтып, шешім қабыл­дан­ды. Сөйтіп, жаңа жоба іске қосылды. «AMANAT» партиясының мүшесі, белгілі құ­қық қорғаушы Абзал Құспан «халыққа кө­мектесейік» деп өзі ұсыныс білдірген бо­латын. Содан кейін жұмысты бастап кет­тік. Халықтың құқықтық сауатты­лы­ғын арттырып, заңнамалық кө­мек беруді көздейтін партиялық жоба 12 қаң­тардан бастап Атырау облысында жү­зеге асты. Комиссия мүшелері қала жә­не аудан халқымен кездесіп, таңғы са­ғат 11-ден кешкі сағат 5-ке дейін аза­мат­тарды жеке-жеке қабылдадық. Күніне 15-17 адам келіп, көкейінде жүрген мә­­се­лені айтты. Жұмысты алдымен Исатай ауда­ны­нан бастадық. Одан кейін Ин­дер, Мақат, Жылыой аудандарында жал­ғасты. Сөйтіп, бес күннің ішінде 95 адам­ды қабылдадық. – Тұрғындарды негізінен қандай мә­селе мазалайды? Азаматтарды қа­былдау барысында комиссия мү­ше­ле­ріне көбіне қандай сұрақтар қойыл­ды? – Қала, аудандарды аралап жүріп бай­қа­ғанымыз, азаматтардың негізгі кө­тере­тін мәселесі – тұрғын үйді жекешелендіру, жеке сот орындаушылардың қызметіне нем­құрайлы қарауы, еңбек даулары, али­мент төлемеу мәселелері. Содан кейін жұ­­мыс беруші мен қызметкер арасындағы құ­қықбұзушылыққа байланысты. Қабылдауға келген он бір азаматтың мә­селесі сол жерде шешімін тапты. Оның ішін­де сот орындаушының кім екенін біл­мей, алимент ала алмай жүрген, заңсыз не­сие төлеп отырған азаматтар бар. 25 аза­маттың сұрағы нормативтік-құ­қық­тық құжаттарға өзгеріс енгізуге қатысты бол­ды. Содан кейін Ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарған Жанат деген азаматша келді. Қызмет барысында қара­ма­ғындағы қызметкер декларация тап­сыр­маған екен. Ал Жанат басшы ретінде оны дұрыс тексермеген, көрмеген. Осыдан кейін бөлім басшысына «жемқорлықпен ұстал­ды» деген жала жауып, заңсыз жұ­мыс­тан шығарған. Негізі, ол декларацияны ұмытып кеткен. Қабылдау барысында осы мәселелерді шешу жолын көрсеттік. Сонымен қатар бір топ азамат 2020 жылы Атырау мұнай өңдеу зауы­тын­да қызмет етіп жүрген кезде заңсыз қыс­қартуға ұшырағанын жеткізді. Тұр­ғын­ның бірі ұзақ уақыт бойы құзырлы ор­ган­дардың табалдырығын тоздырып жүр екен. Өйткені оның атына іс жүзінде өзі иелік етпейтін автокөлік ресімделіпті. Мұ­нымен қоса, бірқатар тұрғын пәтер­лер­ді жекешелендіру кезінде пайда бол­ған мәселелер бойынша шағымын жет­кізді. Айтуынша, оларға тұруға жарамсыз ескі үйлер берілген. Олар үй ішін өз бе­тін­ше қалыпқа келтіріп, жөндеу жұмысын жүргізу үшін осы пәтерлерді жеке­ше­лен­діргісі келетінін жеткізді. – Тұрғындарды толғандырған мә­се­­ле­ні шешу үшін қандай шешім қа­был­данды? – Жол, үй, көпір салғанда мер­ді­гер­лер­дің жауапкершілігін арттыру керек. Дұ­рыс салмай жатса немесе орта жолдан тас­тап кетсе, қылмыстық іс ретінде қарас­ты­­руға болады. Жуырда Ерлан Қошанов­пен болатын кездесуде осындай ұсы­ныс­тар­ды енгізу жайлы сөз қозғамақпыз. Та­ғы бір ұсыныс сот орындаушыларына қа­тысты. Олар алимент мәселесімен көп ай­налыспайды. Неге десеңіз, бұл жерде сот орындаушылардың қалтасына түсетін қаржы аз. Ай сайын шамамен 2-3 мың тең­ге болуы мүмкін. Олар үшін ең тиімдісі банк пен бизнес арасындағы іске араласу. Бұл жерден олар үлкен қаржы табады. Мы­салы, банк бизнестен ақша сұрамай жатса, егер сол қаржыны банкке қайтара­тын болса, олардың қалтасына біраз ақша түседі. Алимент бойынша сот орындаушылар мем­лекеттік және жеке болып екіге бө­лі­неді. Енді алиментпен тек мемлекеттік сот орындаушылар жұмыс істеуі керек де­ген ұсыныс енгізейін деп отырмыз. Олар қаражатты мемлекеттен алуы керек. Осы­дан кейін жұмыс істеуге ықыласты бо­лады. Бұл мәселені оңтайлы шешудің жо­лы деп білеміз. Аудандарды аралағаннан кейін облыс әкімі Серік Шәпкеновпен кездесіп, жер­гі­лік­ті құзырлы органдар шеше алатын мә­селелерді жеткіздік. Қазір азаматтарға заң­наманы ешкім түсіндірмейді. Газетке шықты ма, болды. Азаматтар заңнаманы біл­се, көп дүниеден бейхабар болмас еді. Про­куратура, Ішкі істер министрлігі қыз­меткерлері азаматтармен жеке кездесіп, мә­селені шешіп қана қоймай, заң нор­ма­ларын түсіндіріп отырса деген ұсыныс айт­тық. Жылыо­й ауданы Құлсары қала­сын­да «Нұрлы жер» бағдарлама­сы бойынша берілген үйлердің жағдайына қатысты ұсынысымызды да жеткіздік. Тұр­ғындар жуырда ғана салынған үйлер тұру­ға жарамсыз деп отыр. – Жоба ары қарай жалғаса ма? Ен­ді қай облыстарға баруды жоспар­лап отырсыздар? – Әрине, жоба жалғасын табады. Пре­зидент 19 наурызда сайлау өткізу туралы Жар­лық шығарғанын білесіздер. Мәжіліс пен мәслихат құзыреттілігінен боса­тыл­ды. Енді партиялар тайталасқа түседі. «Сай­лау туралы» заңның 27-бабы 9-тарма­ғы­на сәйкес, біз әзірге тұрғындарға қан­дай да бір көмек немесе кеңес бере ал­май­мыз. Өйткені заңға қайшы келеді. Сон­дық­тан жұмысты уақытша тоқтатып отыр­мыз. Сайлау өткеннен кейін, яғни 1 сәуір­ден жалғастыратын боламыз. Атырау облысында пилоттық режим­де бастау алған «AMANAT» партиясының «Құ­­қықтық көмек» жобасы бойынша елі­­міз­дің барлық өңірін аралап шықсақ дей­міз. Халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңір­­лердегі тұрғындар тарапынан бір­қа­тар ұсыныс түсіп жатыр. Енді Түркістан об­­лысына барсақ деген жоспар бар. Бұл – сай­лаудан кейін шешілетін дүние. – Әңгімеңізге рақмет!