Жеке сот орындаушылар алимент мәселесіне немқұрайлы қарайды - Азамат БІРЖАНОВ
Жеке сот орындаушылар алимент мәселесіне немқұрайлы қарайды - Азамат БІРЖАНОВ
Жуырда «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы Атырау облысында іске қосылды. Бұл бастама арқылы тұрғындар тегін заңгерлік көмек ала алады. Жоба аясында заңгерлер Исатай, Индер, Мақат, Жылыой аудандары мен Атырау қаласына барып, тұрғындарға арыз-талап толтыру, өкілеттік ету, өзін қорғау мәселелері бойынша кеңес берген болатын. Комиссия атқарған жұмыстың нәтижесін білу үшін «AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржановқа бірқатар сауал қойған едік.
– «AMANAT» партиясы Атырау облысында іске қосқан «Құқықтық көмек» жобасы шеңберінде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету мақсатында бірқатар ауданды араладыңыздар. Нәтижесі қалай болды?
– Өткен жылы партия филиалына азаматтар тарапынан 134 600 өтініш келіп түскен болатын. Оның басым бөлігі заңгерлік көмекке, құқықбұзушылыққа байланысты болды. Осындай мәселелер төңірегінде көп өтініш түсуі бекер емес. Бұл – азаматтар арасында құқықтық нигилизм бар деген сөз. Өзінің құқығын біле бермейді. Осыдан кейін біз дабыл қаға бастадық. Бұл туралы партия Төрағасы Ерлан Қошановқа айтып, шешім қабылданды. Сөйтіп, жаңа жоба іске қосылды. «AMANAT» партиясының мүшесі, белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан «халыққа көмектесейік» деп өзі ұсыныс білдірген болатын. Содан кейін жұмысты бастап кеттік.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, заңнамалық көмек беруді көздейтін партиялық жоба 12 қаңтардан бастап Атырау облысында жүзеге асты. Комиссия мүшелері қала және аудан халқымен кездесіп, таңғы сағат 11-ден кешкі сағат 5-ке дейін азаматтарды жеке-жеке қабылдадық. Күніне 15-17 адам келіп, көкейінде жүрген мәселені айтты.
Жұмысты алдымен Исатай ауданынан бастадық. Одан кейін Индер, Мақат, Жылыой аудандарында жалғасты. Сөйтіп, бес күннің ішінде 95 адамды қабылдадық.
– Тұрғындарды негізінен қандай мәселе мазалайды? Азаматтарды қабылдау барысында комиссия мүшелеріне көбіне қандай сұрақтар қойылды?
– Қала, аудандарды аралап жүріп байқағанымыз, азаматтардың негізгі көтеретін мәселесі – тұрғын үйді жекешелендіру, жеке сот орындаушылардың қызметіне немқұрайлы қарауы, еңбек даулары, алимент төлемеу мәселелері. Содан кейін жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы құқықбұзушылыққа байланысты.
Қабылдауға келген он бір азаматтың мәселесі сол жерде шешімін тапты. Оның ішінде сот орындаушының кім екенін білмей, алимент ала алмай жүрген, заңсыз несие төлеп отырған азаматтар бар. 25 азаматтың сұрағы нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгеріс енгізуге қатысты болды. Содан кейін Ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарған Жанат деген азаматша келді. Қызмет барысында қарамағындағы қызметкер декларация тапсырмаған екен. Ал Жанат басшы ретінде оны дұрыс тексермеген, көрмеген. Осыдан кейін бөлім басшысына «жемқорлықпен ұсталды» деген жала жауып, заңсыз жұмыстан шығарған. Негізі, ол декларацияны ұмытып кеткен. Қабылдау барысында осы мәселелерді шешу жолын көрсеттік.
Сонымен қатар бір топ азамат 2020 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытында қызмет етіп жүрген кезде заңсыз қысқартуға ұшырағанын жеткізді. Тұрғынның бірі ұзақ уақыт бойы құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр екен. Өйткені оның атына іс жүзінде өзі иелік етпейтін автокөлік ресімделіпті. Мұнымен қоса, бірқатар тұрғын пәтерлерді жекешелендіру кезінде пайда болған мәселелер бойынша шағымын жеткізді. Айтуынша, оларға тұруға жарамсыз ескі үйлер берілген. Олар үй ішін өз бетінше қалыпқа келтіріп, жөндеу жұмысын жүргізу үшін осы пәтерлерді жекешелендіргісі келетінін жеткізді.
– Тұрғындарды толғандырған мәселені шешу үшін қандай шешім қабылданды?
– Жол, үй, көпір салғанда мердігерлердің жауапкершілігін арттыру керек. Дұрыс салмай жатса немесе орта жолдан тастап кетсе, қылмыстық іс ретінде қарастыруға болады. Жуырда Ерлан Қошановпен болатын кездесуде осындай ұсыныстарды енгізу жайлы сөз қозғамақпыз. Тағы бір ұсыныс сот орындаушыларына қатысты. Олар алимент мәселесімен көп айналыспайды. Неге десеңіз, бұл жерде сот орындаушылардың қалтасына түсетін қаржы аз. Ай сайын шамамен 2-3 мың теңге болуы мүмкін. Олар үшін ең тиімдісі банк пен бизнес арасындағы іске араласу. Бұл жерден олар үлкен қаржы табады. Мысалы, банк бизнестен ақша сұрамай жатса, егер сол қаржыны банкке қайтаратын болса, олардың қалтасына біраз ақша түседі.
Алимент бойынша сот орындаушылар мемлекеттік және жеке болып екіге бөлінеді. Енді алиментпен тек мемлекеттік сот орындаушылар жұмыс істеуі керек деген ұсыныс енгізейін деп отырмыз. Олар қаражатты мемлекеттен алуы керек. Осыдан кейін жұмыс істеуге ықыласты болады. Бұл мәселені оңтайлы шешудің жолы деп білеміз.
Аудандарды аралағаннан кейін облыс әкімі Серік Шәпкеновпен кездесіп, жергілікті құзырлы органдар шеше алатын мәселелерді жеткіздік. Қазір азаматтарға заңнаманы ешкім түсіндірмейді. Газетке шықты ма, болды. Азаматтар заңнаманы білсе, көп дүниеден бейхабар болмас еді. Прокуратура, Ішкі істер министрлігі қызметкерлері азаматтармен жеке кездесіп, мәселені шешіп қана қоймай, заң нормаларын түсіндіріп отырса деген ұсыныс айттық.
Жылыой ауданы Құлсары қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілген үйлердің жағдайына қатысты ұсынысымызды да жеткіздік. Тұрғындар жуырда ғана салынған үйлер тұруға жарамсыз деп отыр.
– Жоба ары қарай жалғаса ма? Енді қай облыстарға баруды жоспарлап отырсыздар?
– Әрине, жоба жалғасын табады. Президент 19 наурызда сайлау өткізу туралы Жарлық шығарғанын білесіздер. Мәжіліс пен мәслихат құзыреттілігінен босатылды. Енді партиялар тайталасқа түседі. «Сайлау туралы» заңның 27-бабы 9-тармағына сәйкес, біз әзірге тұрғындарға қандай да бір көмек немесе кеңес бере алмаймыз. Өйткені заңға қайшы келеді. Сондықтан жұмысты уақытша тоқтатып отырмыз. Сайлау өткеннен кейін, яғни 1 сәуірден жалғастыратын боламыз.
Атырау облысында пилоттық режимде бастау алған «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы бойынша еліміздің барлық өңірін аралап шықсақ дейміз. Халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлердегі тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныс түсіп жатыр. Енді Түркістан облысына барсақ деген жоспар бар. Бұл – сайлаудан кейін шешілетін дүние.
– Әңгімеңізге рақмет!