Биатлоншы Бекентай
Биатлоншы Бекентай
Бір апта бұрын АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өткен Қысқы универсиадада қазақстандық студенттер үш алтын, төрт күміс және төрт қола еншіледі. Осылайша, олар әлемнің 50 елінен келген студенттер арасында жалпыкомандалық есепте он бірінші орынға тұрақтады. Қоржындағы үш алтынның екеуін екі жас биатлоншының салуы біздегі биатлон спортының болашағы жарқын болатынын көрсетіп берді. 15 шақырым қашықтықта жекелей жарыста Вадим Куралес алтын жүлдені еншілесе, 10 шақырымға спринт жарысында Бекентай Тұрлыбеков ешкімге дес бермеді. Бір қызығы, біз алғашқы алтынды қоржынға салған Бекентай екен деп ойлап, оған ыстық лебізімізді білдіріп, хат жазғанда ол «Ештеңе етпейді. Бірақ жеңімпаз мен емес қой» деп жауап қатқан еді. Арада екі күн өткен соң расымен чемпион атанған ол «Енді мені расымен құттықтасаңыз болады!» деп қуанышын жасырмады. Универсиада біте сала Швейцариядағы Еуропа ашық чемпионатына аттанған Бекентайға хабарласып, шағын сұхбат алған едік.
– Бағамдап қарасақ, біздегі қысқы спорт түрімен айналысатындардың көбі қысы ұзаққа созылатын аймақтарда туып-өскен. Ал сен қай жақтан боласың? Шаңғы спортына емес, неліктен биатлонға әуес болдың?
– Мен – Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Имантау ауылының тумасымын. Біз жақта жарты жыл бойы қар жатады. Сондықтан онда туып-өскен балалар ерте жастан шаңғы тебумен айналысады. Сол секілді мен де алдымен шаңғы тебуді үйрендім, сосын ата-анаммен қысқы спорттың қай түріне шындап кірісу туралы ақылдасқан кезде таңдауым биатлонға түсті. Сөйтіп, 7 жасымнан бастап бұл спортпен айналыса бастадым. Бүгінде ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқарып жүрген Александр Мухин мен алғашқы бапкерім Сәуле Мухина екеуі мені бұл спортқа баулып, жаныма серік етуге ықпалын тигізді. «Неліктен биатлонға әуес болдың?» дегенге келсем, бұл болжап-білуге болмайтын спорт болғандықтан оған қатты қызықтым. Байқасаңыз, мұнда соңғы межеге дейін кімнің жеңімпаз атанатыны белгісіз. Спортшы құйындатып шаңғы теуіп қана қоймай, құралайды көзге атқан мерген секілді болуы керек. Ол үшін жарыс бойы эмоцияға берілмеген абзал. Ату алаңына келгенде жүрегіңнің соғу жиілігі 160-170-ті көрсетіп тұрса да, сабырлық сақтап, салқынқандылық танытуың тиіс. Сондықтан әдетте ату алаңдарында жарыс басында алдыңғы шепке шыққан көшбасшылар ауысады да, көрермендер мәре сызығына дейін кімнің айы оңынан туып, оза шауып келетінін білмей, дал болады. Бұл кімді болса да қызықтырмай қоймайтыны анық.
– Универсиададағы жетістігіңнен кейін берген бір сұхбатыңда алтын жүлде алуыңды күтпеген жағдайға теңедің. Неге?
– Бұл – халықаралық жарыстардағы алғашқы медалім. Оған дейін мен Қазақстан чемпионатында биатлоннан бірнеше сында жеңімпаз және жүлдегер атанған болатынмын. Шынымды айтсам, Универсиадада жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаз атанғанда қатты таңғалдым. Әлбетте, қуанышымда шек болмады. Әйтеуір бір жүлдеге ілінермін деп үміттендім, бірақ бәрін басып озып, чемпион атанамын деп ойламадым. Жарыс бойы қарқынды ұстап тұруға қасымда жүгіріп жүрген бапкерлер мен команда менеджерлерінің көмегі көп тиді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жолы ату жаттығуын мүлтіксіз орындадым. Барлық нысанаға дәл тигіздім. Сайыс кезінде толассыз қар жауғандықтан жарысқа араласу бізге қолайсыз болды, дегенмен ату сайысында бірде-бір рет мүлт кетпегендіктен бірінші орынды соңына дейін сақтап тұрдым. Универсиада кезінде мені қолдағандар да жақсы өнер көрсетуіме септігін тигізді. Онда АҚШ-тағы Қазақстан елшісімен кездесу ұйымдастырылды. Елшілік қызметкерлерінің қолдауы ерекше серпін беретіні айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ универсиада кезінде біздің шаңғышылармен жолай кездесіп, бір-бірімізді қолдап жүрдік. Бірақ жаттығу жұмысынан қол тимегендіктен басқа спортшыларымызға қолдау білдіре алмадық.
– Универсиадада біраз азулы қарсыласты артқа тастап, жеңіс тұғырына көтерілген сенен жетістікке жетудің басты формуласын сұрауымыз әбестік болмас.
– Негізі, спортшының жетістікке жетуіне көп фактор әсер етеді. Ең әуелі, бағын аша білген бапкер, сосын команда ішіндегі ахуал күшті ықпал етеді. Былайынша, көп нәрсе спортшының өзіне байланысты. Біздің спортта сенің басты қарсыласың – өзің. Шаңғыны жақсы тепкеніңмен, нысанаға дәл тигізе алмай, ату сайысында «құртып» алсаң, жарыс ортасына дейін жинаған жетістігің құрдымға кетеді. Біз әр жарыс сайын өткен жарыстағыдан да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Сондықтан жетістіктің басты формуласы бір орында тұралап қалмай, әркез алға қарай ұмтылу деп білемін.
– Вадим екеуіңнің жетістігіңнен кейін спортсүйер қауым біздегі биатлон спортының дамуына көңілі толатынын, сендерге үлкен сенім артатынын айтып, сүйінші сұрағанын байқадық. Өзің Қазақстандағы биатлон спортының ілгерілеуін қалай бағалайсың?
– Қазақстанда биатлон спортшының болашағы зор деп айта аламын. Биатлон десе ішер асын жерге қоятын өскелең ұрпақ өсіп келе жатқаны қуантады. Байқасаңыз, қазір бізде әлемдік деңгейдегі ірі жарыстар өткізілетін болды. Мысалы, биыл наурыз айында Щучинскіде жастар мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтеді. Мұның өзі отандық спортшыларды жігерлендірмей қоймайтыны анық. Бірнеше жыл бұрын ұлттық командада түбегейлі өзгеріс болғандықтан, құрама қатары жас спортшылар мен білікті бапкерлермен толықты. Біздің бапкерлердің біліктілігі жоғары, олар үнемі спорттық тестілеулер өткізіп, жұмыс істеудің жаңа әдістемесін енгізіп, жанталасып жүр. Жаттығу жиындарына тың дүниелер мен өзгерістер енгізу ұзақмерзімді процесс екені анық. Қазір мұның жемісі ретінде түрлі жарыстарда бірте-бірте көңіл қуантарлық нәтижелер тіркеліп жатыр. Негізінен, біздің жасөспірім спортшылар өз бабында екенін дәлелдеп, мықтылығымен көзге түсіп жүр. Мен қазір ол құрамадан ересектер командасына өттім. Десе де, біз де халықаралық сайыстарда медаль алудан жасөспірімдерден қалыспай келеміз.
– «Генерал болуды армандамайтын сарбаз болмайды» демекші, қазіргі бар дайындық үш жылдан соң Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына іріктелуге бағытталған шығар?
– Әлбетте, құрамадағы барлығымыз 2026 жылы Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына іріктеу жарыстарына қатысуды көздеп отырмыз. Олимпиадаға дейін IBU кубогі мен әлем кубоктарында жеңіс тұғырына көтерілгім келеді. Дәл қазір біз құрамамен бірге Еуропа ашық чемпионатына қатысу үшін Швейцарияға келдік. Мұнда да топ жаруды көздеп отырмыз. Сосын командамен бірге Германияда өтетін әлем чемпионатына қатысамыз. Одан кейін маусым аяқталады. Сосын қайта дайындық жұмыстарына кірісеміз. Жаз бойы роллермен жаттығамыз. Қысқы спорт түрімен айналыссақ та, жазда тыңғылықты жаттығу жұмыстарына қатысамыз. Сондай-ақ қазір мен магистратура бөлімінде оқимын. Сондықтан оқуға да көңіл бөліп, дипломдық жұмысымды толықтыра түссем деймін.
– Әңгімеңе рақмет!
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ