Әріптестерім «әртіс», «тиктокер имам» деп те мысқылдады
Әріптестерім «әртіс», «тиктокер имам» деп те мысқылдады
Жаңа технология қарыштап дамыған сайын интернет адам өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналып барады. Қазір уақытымыздың көп бөлігі әлеуметтік желіде өтетіні рас. Әсіресе, бұл жастар мен балаларға кері әсерін тигізіп жатқанын айтып, дабыл қағатынымыз да бар. Десе де, арамызда жасөспірімдердің сүйікті желісі TikTok арқылы танылып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, отбасылық құндылықтарды насихаттап жүрген жандар да кездеседі. Соның бірі – имам, дінтанушы, теолог, психолог Нұрлан Байжігітұлы. Дініміз бен дәстүрімізді дәріптеу арқылы желідегі жұртшылықтың жүрегіне жол тауып, сан түрлі сауалдарына жауап беріп жүрген оның айтқандары бүгінде ел аузында.
Тәрбие – тал бесіктен
– «Он бес жасымнан бастап имам болдым» деген сөзіңізді естіп қалып едім. Жастайыңыздан дін жолына келуіңізге не түрткі болды? Қайда білім алдыңыз? – Бисмиллахир Рахманир Рахим! Мұны төл бесікте берілген тәрбие деуге болады. Бұл жолға түсуіме себепкер бірінші – Алла, екінші – нағашы атам. Одан кейін имани бесігін тербеткен аппақ анам. Бала кезімнен атамнан бір елі қалмай мешітке баратынмын. Ол кездері мешіттің жамағаты – ауыл ақсақалдары. Баланың тақиясы болмаған соң басыма үлкендердің тақиясын киіп алып, үнемі жандарында жүретінмін. Шіркін-ай, әңгімелері толқын, сөздері көл, ойлары теңіз, иманы мұхит еді. Бүгінмен салыстырсам, ол жарықтықтар өз дәуірінің әулиелері екен. Тіпті, өзара сөз қағыстырып, қалжыңдасатындары да есімде. Біреуі мені бөтенсімейтін, басымнан сипап, алдарына алып, «Бұл – имам болатын бала» дейтін. Құдайы астардың тәттілерінен құр қалдырмайтын. Мейірімді сол жандардан да алдым десем болады. Мектеп қабырғасында жүргенімде де мешіттен еш алыстамадым. Таңертең сабағыма барамын, одан шыға сала мешітке қарай жүгіремін. Кешке дейін сол жерде боламын, бірақ сабақты беске оқыдым. Құдайдың берген бір қасиеті болар, оқығанымды жадыма тез сақтау қабілетіммен озық болдым. Содан шығар, мектептегі білімнен сүрінбедім. Кейін діни білім ордасы – медресе ашылып, іргетасы Меркіде қаланды. Ол Қазақстандағы алғашқы медресе болды. Атам марқұм басы-қасында жүріп, балалардың оқуына, тамағына қарайласып, қамқорлық жасады. Бүгінде менімен үзеңгілес имамдардың дені діни әліппені сол жерде оқыды десем болады. Алланың қалауы, атамның дұғасы, анамның тілегі болар, он бес жасымда Рәтбек қажыдан алғаш рет бұйрық алдым. Одан кейін қазіргі Қостанай облысы Әулиекөл ауданында имам болдым. Сырт жаққа шығып, өзімді сынап көргім келді. Сақалдары аузына түскен үлкен қария аталар мен ақ жаулықты қарт аналар мені баласынбады. Маған атамдай кісілердің алдына шығып, намазға ұйыту оңай болмады. Десе де, жүрегімдегі махаббатыммен, бала даусыммен уағыз-насихат айтқаным рас. Құрбан айт күні жергілікті телеарна түсірген бейнетаспаның көшірмесі әлі сақтаулы. Үзінділері желідегі парақшаларыма жүктелген. Бұл – имани тәрбиенің алғашқы жемісі, ал нәтижесі бүгінде ел алдында. Қырғыз Республикасы Қара Балта қаласындағы «Хазіреті Осман» атындағы Ислам институтында «Имам-хатиб, Мударрис» біліктілігін игердім. Кейін еліміздегі «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде дінтану мамандығы бойынша сырттай оқыдым. Діни білімді жыл сайын жетілдіріп отырдым. Кейінгі жылдары психология саласына көңіл бөліп жүрмін. Тереңіне үңілмесем де, өзіме қажеттіні игеруге уақыт бөліп келемін. – Қазіргі қызметіңіз жайлы да айта отырсаңыз. – Жалпы, дін қызметінде жүргеніме отыз жылға таяды. ҚМДБ бұйрығымен 2017 жылдан қазірге дейін Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылдық «Зәм-зәм» мешітінің имамдық қызметіндемін. Жергілікті халық бірден жақсы қабылдады. Аллаға шүкір, бірінші күннен емес, бірінші жұмадан бастап жамағат қатары көбейіп келеді. Оған дейін үш облыста өкіл имамдық қызмет атқардым. Мен үшін діни орданың үлкен-кішісі жоқ. Алла разылығы үшін жердің шалғайы, елдің аздығына көңіл аудара қоймайды екенмін. Алдымда бес адам отырса да, Алланың ақ дінін жеткізу – мен үшін ұлы бақыт.«Жастардың санасын жақсы жаққа бұру керек» деген мақсат жолымнан тайдырмады
– Әлеуметтік желіге, соның ішінде TikTok-қа тіркелуіңізге қазіргі балалар мен жасөспірімдердің іс-әрекеті, тәрбиесі себеп болған екен. Бұл бәлкім, тәрбиені тал бесіктен бастай алмай, бетімен жіберудің кесірі шығар, қалай ойлайсыз? Осы орайда ата-аналарға құлаққағыс ретінде қандай кеңес айтар едіңіз? – Негізі, менің TikTok желідегі парақшам әлемдік пандемиядан кейін ашылды. Оған дейін екі жылдай мешітке адам келмей қалды. Алған білімімнің зекетін беруім керек. Содан жайлап алдымен Instagram-ға шықтым. Онда қаралым аз болды, бірақ ақырындап жүргізе бердім. Әрине, басында «Қалай болар екен?» деген қобалжу болды. Содан бір кеште ұлдарыммен әңгімелесіп отырғанымда үлкен ұлым «Әке, қазір TikTok деген жастардың желісі шықты. Менің сыныптастарым отырады, тіпті онда үлкен апайлар да бар. Жаман нәрселер көп екен, соған еліктеген қазақтар да бар. Мүмкін, сіз шығып, уағыз айтарсыз» деді. Содан желіні телефоныма жүктеп қарасам, шынымен де ойын-сауық, ән-би, бір-бірін, тіпті ата-анасын тортпен ұрып «пранк» жасағандар. Сұмдығы сол, анайы контенттер де болды. Әрі қарай қарауға дәтім бармады, жауып қойдым. Дегенмен ұлымның айтқан сөзінен кейін өзіме «Шынымен бұл қалай болар екен? Егер жастармен қатар отырмасам, оларды қалай тәрбиелеймін?» деген сауал қойып, екі ай бойы ойланып жүрдім. Осы аралықта ҚМДБ тарапынан «TikTok желісі харам!» деген үкім шықты. Кейін Президентіміздің «TikTok – жастардың отыратын жері. Жастармен бірге болайық!» деген сөзін бәріміз естіген шығармыз. Осыдан кейін ұлымның ұсынысын қабылдап, түсірілімге қажетті керек-жарақтарды сатып алып, нартәуекел деп бастап кеттім. Шыққаныма өкінбеймін. Расымен, жастардың талпынысына зер сала білуіміз керек. Дұрыс бағыттағы жастарға неге қолдау көрсетпеске? Бұрыс жолға түскенге неге көмек бермеске, неге ақылымызды айтпасқа? Ал оны қалай береміз, мешітте отырып па? Қазір мешітке жастардан бұрын, олардың ата-аналары келмейді. «Анау харам, мынау харам» дегенімізге бақандай отыз жыл өтті. Одан не өзгерді, жалпы нені өзгерттік? Нені өзгерткіміз келеді? Ойландық па осыны? Отызға келген адам да «Мен осы не бітірдім?» деп ойланатын шығар. Сондықтан заман талабына орай, бүгінгінің мінбері осы әлеуметтік желі болып тұрғандықтан, оны бос қоюға хақымыз жоқ. Осыған күш-жігерімді салып, кірісуіме рух берген осы бүгінгі жастар болды. TikTok желісі мені бірден қабылдады деп айта алмаймын. Басында түсініспеушілік, яғни тікелей эфирде менің тарапыма қарсы пікірлер болмады емес, болды. «Неғып отырсың?», «Шал, кет», «Ұялмайсың ба?», «Нұримам» деген сияқты, тіпті боқауыз сөздің неше түрі айтылды. Мұндай негативтерге ренжімедім, бірақ ескерту бере отырып, зерттеу жүргіздім. Ерінбей скриншот үлгісімен сол адамдардың парақшаларын ақтарғанымда, бірі ересек, бірі жас, енді бірі мектеп оқушысы болды. Тіпті, өз әріптестерім де ту сыртымнан «Әртіс имам келе жатыр», «Тиктокер имам» деп мысқылдағандары да болды. Алайда алған бағытымнан қайтпадым. Жастардың санасын жақсы жаққа бұру керек деген мақсатым мені жолымнан тайдырмады. Ересектер мен жастарға емес, желідегі мектеп оқушыларына қайран қалдым. «Олар желіде не істеп отыр?», «Сабақтары қайда, ата-аналары қайда?», «Тәрбие қайда?» деген сұрақтар мені әлі күнге дейін мазалайды. Бір жайтты айта кетейін. Қыз өсіріп отырған ана шырылдап жекеме хат жазды. «Он үштегі қызым әлеуметтік желіден көгілдірлердің тірлігін ашықтан-ашық көріп, соны өзіне қолданған. Енді не істеймін?» деп жаны күйіп тұр. Осы жерде кімді кінәлау керек, баланы ма, ата-ананы ма? Бүгінгі ата-аналарға қатаң түрде «Балаңызды жіті бақылауға алыңыз. Түздегісіне де, үйдегісіне де қарауыл болыңыз! Әрбір қылығына, затына, ішіп-жеміне, киер киіміне дейін назар аударыңыз. Қандай әлеуметтік желіде отыр, не көріп жатыр? Не іздеп жатыр, не қызықтырады? Қандай арманы, мақсаты бар? Ойын білу үшін күн сайын диалог құрыңыз. Жақсылықтың ерте-кеші болмайды. Еркіне жіберіп алған болсаңыз, әлі де кеш емес. Сіздің бүгініңіз – ертеңгі болашағыңыз!» дер едім. – Ал тыңдамай, шектен шығып кеткен баланы жөнге салу үшін аздап шапалақпен тартып қалуға бола ма? – Анасы тартсын. Ал әкенікі есінде қатты сақталып қалады. Әкенің қолы қатты, қабағы қатты, сөзі қатты. Сосын ұрғаннан кейін тоқтай алмай қалатын әкелер бар. «Бала таяқ жеген жерін ұмытса да, тамақ жеген жерін ұмытпайды» дейді қазақта. Сондықтан анамыздың омырауына басымызды қоямыз. Ал әкеге неге өйтпейміз? Өйткені әке – асқар тау. Сондықтан оның артында тұрамыз. Бір қыз менімен бірге әкесін жетектеп, Меккеге алып барды. Сонда «Мына әкем мені талай ұрған» деп жылап айтып жатыр. Көрдіңіз бе, қанша уақыт өтсе де ұмытпаған. Төрт баласы жан-жаққа кеткен. Ал «Сен адам болмайсың» деп түртпектеген перзентіне Алла бақ беріп, Меккеге алып келді. Алда қандай өмір күтіп тұрғанын ешқайсысымыз білмейміз. Сондықтан әкелер баласын ұрмасын деп айтар едім. – Бала тәрбиесі – ата-ана үшін жауапты міндет. Өзіңіз балаларыңызды қалай тәрбиелейсіз? – «Баланы өз заманымен тәрбиеле» деген ерте заман ғұламасының ұлы қағидасы бар, оны ұмытуға болмайды. Ата-бабаларымыз тәрбие беруде қалыс қалған ба? Әлбетте жоқ. Қазақтың психологиясы да өз алдына бір керемет дүние, тәрбиеге міндетті түрде қолданамыз. Өйткені біз – қазақпыз. Бала осыны түсінуі керек, яғни өзінің туған елін, жерін, туын, тегін, дінін, ділін, тілін біліп өсуі керек. Аллаға шүкір, балаларымның үлкені үшінші курс студенті, кішісі үшінші сыныпта оқиды. Бесеуі бес түрлі болса да, бір тәрбие алып жатыр. Анасы екеуміз балаларымызды патшадай күтіп, құлша жұмсап, сырлас досы болып келеміз. Тәрбие негізінен ата-ананың өзінен басталады. Ал бала сол ата-ананың көшірмесі болады. Себебі бала көзін ашқаннан ата-ананың істегенін қайталайды, яғни, балаға бағыт беруші өзіміз. Құдайға шүкір, балаларымның бәрі туғаннан мейірім көріп, еркелеп өсті. Мен өз әкем мен анама қандай құрмет жасаймын, қалай жақсы көремін, олар да дәл солай біздерге құрмет көрсетеді. Менсіз дастарқанға отырмайды, менен бұрын тамаққа қолын созбайды. Күніге таңда сабаққа барарда бәрі қатар бетімнен сүйіп, келгенде қолымды сүйеді. Аналары осыған тәрбиелеп қойған. Күнара сабақ үлгеріміне көңіл бөлемін, көңіл күйіне дейін сұраймын. Олар көрген-білгендерімен бөліседі. Тәрбиелері жайлы кешкі дастарқан басында жеке өзіміз ақылдасып, бірге дұға етеміз, жоспар құрамыз. Ең бастысы, олардың ойларымен санасып, армандарын анықтап, мақсаттарын тыңдап, қажет кезде таңдау жасауға, қажет еместе шешім қабылдауға үйретіп отырамыз. Міндетті түрде аптасына бір рет ескертусіз ұялы телефондарын жинап, толығымен тексерістен өткіземіз. Әлеуметтік желілер жайлы ақпарат оларға жан-жақты ескертілген. Бұл – біздің тәрбиеміздегі үйреншікті әдебіміз.Әр қазақ – менің бауырым
– Жолдасыңыз туралы да білгіміз келеді. Ол кісі де дін жолында ма? – Балаларымның анасын марқұм енем арқылы танып-білдім. Ол кісі мешіт жамағаты болатын. Анасына еріп, мешіттегі Құран сабағына қатысатын. Екі рет сөйлестік. Қазақы дәстүрмен құда түсіп, үйлендім. Марқұм атам да, енем де жақсы адамдар еді. Күйеу баласы болсам да, кеткенше маған «Сіз» деп өтті. Мені өз балаларынан кем тұтпады, тіпті олардан бетер жақсы көрді десем, артық емес. Шамам келгенше, уақытым жеткенше қызметтерінде болдым. Үнемі дұғаларына қосып жүретін. Өмірден озарында атам мен енем батасын беріп, ризалығын білдірді. Жұбайым – намаздағы адам, мектепке дейінгі балалар педагогикасы мамандығын тәмамдаған. Қазір үйде балаларымның тәрбиесімен айналысады. – Тойшыл халықпыз. Бірақ тойдың бәрі ішімдіксіз өтпейді. Мұндай жиынға шақырған жағдайда не істейсіз? Жалпы, тойға жиі барасыз ба? – Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында қазақтың тойлары қалай өтетін еді, есіңізде ме? Менің әлі күнге есімде, бірде-бір той айқай-шусыз, төбелессіз өтпейтін. Бір үйде той болады десе, ауыл жастары сол үйді алыстан торуылдап, айналшықтап жүріп, той иесіне ішімдік алдыртып, өздерінше сыртта бір той жасайтын. Ащы суға сылқия тойып алғаннан кейін біреудің тойы біреуге керек пе? Бас салып тойдың ортасына кіріп барып, жиналған жұрттың шырқын бұзып, ақырында іші мен сырты қырылысып тынатын. Ал екінші он жылында той қалай өтті? Арақтан теперіш көре бастаған халқымыз оны азайтты. Бірақ оның орнын ессіз шашылу басты. Үшінші он жылында бірін-бірі қуалап, жарысқан бәсекелестердің тойы өтті. Осылайша, біз отыз жыл бойы өзімізді өзіміз «тойшыл халықпыз» деп көтеріп келдік. Тойшылдығымызды, тіпті пандемия да тоқтата алмады. Одан басқа, асабалардың арсыз ойындары мен биі, ашық-шашық көріністер ше? Ес жиғандардың адал тойын арам етіп, шәйнекпен «шәй ішетін» қазақтар әлі бар. Әкемізден қалған ас емес, бірақ неге соған осынша құмар ел болдық екен? Өз басым бес жылда бір тойға баратын шығармын. Оның өзінде таза, сенімді, күндізгі қазақы тойларға ғана. Арақ-шарабы бар тойларға мені шақырмайды да, шақырса да бармайтынымды біледі.Халықтың иманға келмеуін «Алланың қалауы» деп қоя саламыз ба?
– Шет мемлекеттен сұрақ қойған оқырмандарыңыздың әрқайсысына өз тілінде жауап беріп жатасыз әрі қасиетті сапарда жергілікті халықпен еркін тілдесіп жүргеніңізді байқаймыз. Неше тіл білесіз? – Халқымыздың «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім ілесің» деген дана сөзімен, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ұлағатымен, «Мұсылман адам жеті тілді білу керек» деген өсиетпен өскен өз заманымыздың өреніміз. Ана тілім басқа тілдерден жоғары тұрады. Бұл – менің ұлтшылдығым емес, ұлтжандылығым. Әр қазақ – жалғызым, бауырым. Мейлі ол жаман болса да. Мен білетін қырғыз, өзбек, әзербайжан, түрік тілдеріне таңданудың қажеті жоқ. Бұл тілдерді білу әр қазаққа жарасады, өйткені біз түркі тілдес халықпыз. Араб тілі – Құран тілі, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың тілі. Орыс тілі – көршімнің тілі. Тіл – қарым-қатынас құралы. Әр халыққа осы арқылы жол таба білу өзіндік амал-тәсілім деген дұрыс шығар. – Дін жолынан бөлек, психолог мамансыз. Бұл салада арнайы білім алуыңызға қоғамда болып жатқан жайттар әсер етті ме? – Осыдан бес-алты жыл бұрын психолог ханымдар туралы сөз желіде желдей есті. Ал оларға лап қойған қазақ әйелдерінің әрекеті бірінші себеп дер едім, яғни бір сөзбен айтқанда, іштегі іріңнің иісін сезе бастадым. Өз басым мұны отыз жыл орнымызда отырып айтқан Алланың асыл діні еліміздің ең нәзік жандарына жетпегені деп түсіндім. Мұндай қадамға ешкім еріккеннен бармайды ғой. Олардан рухани аштықты байқадым. Жанына түскен жарасын жазатын жылы сөзге мұқтаж екендерін аңғардым. Өміріне өзгеріс сәулесі қажет екенін ұғындым. Екіншіден, Тәуелсіздігімізге отыз жыл болғанда әрбір қазақ саналы түрде өткеніне есеп береді деп ойлаймын. Сол сияқты мен де өткеніме ой жүгірттім. Мешіт мінберінде дінді уағыздап жүргеніме ширек ғасыр өтіпті. Ал елімізде дінді игергендердің статистикасы – халық санының он пайызы. Бұл – отыз жылдағы дін насихатының көрсеткіші. Сонда халықтың иманға келмеуін «Алланың қалауы» деп қоя саламыз ба? «Қай ісім дұрыс емес, қай сөзім өтпей жатыр?» деген сұрақтар мазалады. Үшіншіден, көкейімде «Психологтарға жүгінген қазақ әйелдерінің күйеуі қандай?» деген сұрақ тұрды. Ең негізгі себепті дәл осы жерден табатынымды сездім. Менің айтып отырғаным – отыз жылдың салдары. Қалай айтсақ та, әр нәрсенің себебі болады. Сондықтан осы мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуге үлес қосу үшін Ресейдегі Мәскеу гуманитарлық университетінің психология факультетін төрт жыл сырттай оқып бітірдім. Жалпы, адамзатқа түскен кез келген сынақ өміріне сабақ болуы керек. Осыдан екі жыл бұрынғы әлемдік пандемияның өзі бізге көп нәрсені үйретті, дүниеге деген көзқарасты өзгертті. Сол тұста бәріміз аңтарылып қалдық, есімізді жидық, қарыштаған қадамдарымызға бір сәт тоқтам жасадық. Қайтадан рухымызды қайрайтын жаңа бір жол іздедік. Алайда өмірдің өз айласы барын ұмытпайық. Қазір сол күндерді де ұмытып, жайбарақат күй кешіп жатырмыз. Бұл ізденісім бүгінде өз жемісін бере бастады деп айта аламын. Өйткені қазақ әйелдері психологияға бір «сүңгіп» шықты. Оның не екенін көрді, уақытша екенін түсінді. Ат айналып қазығын тапқандай, дінге деген махаббаты ояна бастады. Адам қателесіп, сүрініп-жығылуы да керек. Сонда ғана алға ұмтылады, дамиды. – Екі саланы қатар алып жүрудің өзіндік артықшылығы да бар шығар. Олай дейтінім, жаңа өзіңіз айтқан әйелдердің мәселесінен бөлек, тіпті жыныс ауыстырғысы келетін жастармен жұмыс істеп, бетін бері қаратуға ықпал еткен екенсіз... – Батыста ғана емес, бізде де осындай жағдай көбейіп бара жатқаны қатты алаңдатады. Сондай 3-4 жігітпен жұмыс істедім. Соның екеуі теріс жолдан толық бас тартып, ата-бабасының дәстүріне, отбасына оралды. «Мешітке барсам, «Харам, харам, кәпір» деп қуып жібереді. Харам екенін біліп тұрмын, бірақ қалай емделуге болады? Жол көрсетіңізші» деп келді. Алты ай бойы жұмыс істедік. Бала кезінен бастап зерттегенде, ол адамның басында проблема көп екенін түсіндім. Адамның өзі ақ қағаз сияқты. Ал оған қоршаған ортасы, қоғам, дос, араласып жүрген адамдары жан-жақтан жиналып қара дақ түсіре берсе, не болады? Бұған отбасындағы қысымды қосыңыз. Әкесі анасын ұрып жатқанын көрген. Өкінішке қарай, осындай жағдай жиі кездеседі. Мұндайда алдымен адамның құндылығын көтеру керек. Құндылығы қалай көтеріледі? Әрине, рухани сеніммен. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ