Жаңа Парламент қандай болмақ?

Жаңа Парламент қандай болмақ?

Жаңа Парламент қандай болмақ?
ашық дереккөзі
19 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісті таратып, мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Негізі, биылғы бірінші жартыжылдықта депутаттар қайта жасақталатынын Президент былтыр күздегі Жолдауында айтқан болатын. Сайлау күні нақты 19 наурызға бекітілді. Бұл жолғы сайлау жаңа саяси жүйені құруға бағытталған өзгеше қадам болады деп сендіреді жауаптылар. Өзгешелігі сол – депутаттар құрамының белгілі бір бөлігіне халық жекелей дауыс беретін болады. Яғни сайлау жүйесі өзгереді. Сол арқылы конституциялық реформалар жалғасып, саяси институттар жаңарады деген сенім бар. Жалпы, жаңа Мәжіліс қандай болуы керек? VII шақырылым депутаттары нендей жұмыс атқарды? Сайлаудан не күтеміз? Жетінші шақырылымның жұмысы Мәжіліс құрамын жаңалауға бай­­­­ланысты жаңалықтарға тоқ­талмас бұрын ең алдымен тара­тыл­ған VII шақырылымның атқарған жұ­мы­сына аз-кем шолу жасап, тоқталып өтейік. Сонымен, 19 қаңтарда Мәжілі­сі­нің VII шақырылым депутатта­ры­ның өкілеттігі аяқталды. Наурызға дейін олардың жұмысын, яғни заң шы­ғару қызметін уақытша Сенат ат­қара­тын болады. 2021 жылғы қаңтарда жұ­мысын бастаған халық қалаулылары, ос­ы­лайша 2 жылдан соң таратылды. – Осы шақырылымның мерзімі қыс­қа болса да, қызметі сапалы әрі маз­мұнды болды деп ойлаймын. Де­пу­таттар өңірлерде туындаған проб­ле­ма­лар­дың, қызып тұрған мәселелердің бел ортасында жүрді. Маңызды конс­ти­туциялық заңдарды қабылдадық. Мем­лекетте түбегейлі институ­цио­нал­дық өзгерістер болды. Біз Президен­ті­міз­дің Мәжіліске жүктеген міндеттері мен тапсырмаларын толықтай орын­да­дық. Ең бастысы, әлеуметтік сала заң­намалық тұрғыда толықтай қам­та­ма­сыз етілгенін айтуымыз керек, – деді Мә­жіліс Төрағасы Ерлан Қошанов қо­ры­тынды сөзінде. Расымен де, бұл шақырылым де­пу­таттары уақытынан бұрын та­ра­тылды. Парламент Мәжілісінің рес­ми сайтындағы мәлімет бойынша VII шақырылымда 114 депутат жұмыс істе­ген. Жалпы, бұл шақырылымда жаңадан қосылған, өкілет­ті­гін мерзімінен бұрын тоқтатқан де­пу­таттар біршама болды. Мәжіліс Төра­ға­сы да ауысты, 2022 жылғы 1 ақпанда Нұр­лан Нығматуллиннің орнына Ер­лан Қошанов спикер болып тағайын­дал­­ды. Бекболат Тілеухан, Дариға Назар­баева, Айбек Паяев, Дмитрий Лег­кий, Зүлфия Сүлейменова, Елнұр Бей­сембаев, Азамат Әбілдаев, Файзолла Ка­менов, Сергей Решетников, Владимир Тох­тасунов сияқты бірқатар депутат әр­түр­лі себептерге байланысты жол ор­тасынан жұмысын тоқтатқан еді. Мәжілістің 7-шақырылым депу­тат­тары ұзын саны 264 заң жо­басын қараған. Олардың көпшілігі ма­құлданып, Сенатқа жолданыпты. Пре­зидент 188 заңға қол қойған. Мә­жі­ліске 28 заң қайтарылған, қабылдан­бай қайтарылған немесе кері қайтарып алған заң жоқ. Ал жолданған депутаттық сауал­дар­ға келер болсақ, Мәжілістің ресми сай­тында 784 сұрақ тіркелген, оларға 884 жауап қайтарылыпты. 48 сұраққа жа­уап берілмеген. Депутаттық сауал­дар­дың басым бөлігінде әлеуметтік, тұр­мыс деңгейіне байланысты мәсе­ле­лер, бағаның шарықтауы, бизнесті қол­дауға бағытталған ұсыныстар, ауыл шаруа­шылығына қатысты проблемалар кө­терілген. Одан бөлек, экология, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы ахуал да біршама алаңдатыпты. Жер мә­селесі, жер қойнауын игеруге де на­зар аударылған. «Әліппе» мен «Ана ті­лін» қайтару бастамасы көтерілген. Пан­демия кезінде вакцина, Ashyq жүйе­сіне қатысты депутаттық сауалдар жол­даныпты. Одан бөлек, сауалдар тізі­мінен онлайн алаяқтық, цифрлық валю­та, майнинг, жеке тұлғалардың банк­роттығы, заңсыз қару айналымы, син­тетикалық есірткі, офшорға заңсыз шы­ғарылған қаражат, ЛРТ, импортқа са­лынатын көміртек салығы сияқты та­қырыптар да қозғалған. Бұл жолғы шақырылымда жаңа депутаттық топ құрылды. Бұдан бұрынғы жалғыз топ Қазақстан халқы Ассам­блеясының депутаттық тобының қатарына «Жаңа Қазақстан» депутат­тық тобы қосылды. – Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қа­ты­наста трансформацияның қажет­ті­лігі туындағанын және «Жаңа Қазақ­стан­ды» құру туралы қайта-қайта ай­тып жүр. Мұндай кешенді трансфор­ма­ция ең алдымен парламент қызметінде орын алып, мәжіліс қабырғасынан бас­талуы шарт. Сондықтан парла­мент­тің төменгі палатасындағы жұмыс­тар­ды жаңа деңгейге көтеріп және пре­зи­денттің тапсырмаларын мәжіліс депу­тат­тары тарапынан қадағалау мақса­тын­да «Жаңа Қазақстан» атты депутат­тық топтың құрылғанын ресми түрде жа­рия­лаймыз! – деп Еділ Жаңбыршин «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының құрылғанын мәлімдеді. Әу баста депутаттық топтың құ­ра­мында 31 депутат енген еді. Соң­ғы ресми мәліметтер бойынша, топ құрам­ында 40 депутат болған. Депутаттар да өз жұмысын қо­ры­тындылап, пікірін білдіріп, партия қолай көрсе, жаңа шақырылым­да қайтадан жұмысын жалғастыруға мүд­делі екенін айтып жатыр. Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Парламент Мәжілісінің VII сайланым депутаты:

Парламентте 191 заң қабылданды

– Негізі, Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісінің VІІ шақы­ры­лым депутаттары қысқа мерзімде сапа­лы және мазмұнды жұмыс атқарды деп ойлаймын. Мысалы, VІІ шақырылым енді бас­талғанда Мәжілістің жұмы­сын­да 50 заң жобасы болды. Оның 10-ы де­путаттардың бастамасымен әзір­лен­ген Заң жобалары еді. Ал VII шақырылымдағы Мәжіліс жұ­­­­мысында барлығы 264 заң жобасы бол­ды. 191 заң жобасы қаралып, мақұл­да­нып, Парламент Сенатына жолданды. Осы кезеңде Парламентте 191 заң қа­был­­данды. Мемлекет басшысы 188 заң­ға қол қойды. Мен білім, ғылым, әлеуметтік са­­­­ланың көкейкесті сұрақта­ры­­на арналған 54 депутаттық сауал жол­дадым. 21 заң жобасының жұмыс то­бында, 3 заң жобасы жұмыс тобының же­текшісі ретінде еңбек еттім. Қай­та­дан депутаттыққа келу-келмеуімізді пар­тия шешетін болады.
 width= Келесі құрам қалай жасақталмақ? 30 жыл ішінде елімізде Мәжілісті жа­сақтау әдісі бірнеше рет өз­­­герді. Ең алдымен, мажоритарлы жүйе қолданылды, одан кейін аралас жүйе­ге ауыстық. Содан соң тек про­порционалды әдіске көштік. Енді был­тыр­ғы референдумның қортындысы бойынша, депутаттарды сайлау жүйе­сіне тағы да өзгеріс енгізіледі: аралас жүйе­ге қайта оралатын болдық. Түсініктірек болуы үшін әрқай­сы­ның ерекшелігіне жеке-жеке тоқталып өтейік. Мажоритарлы жүйе бойынша сай­лау өтеді, сайлаушылар же­ке адамға, кандидатқа дауыс береді, көп дауыс жинаған үміткер сайланады. Кан­дидат өзін-өзі ұсынады. Бұл жүйе­нің өзі іштей абсолюттік және салыс­тыр­малы болып екіге бөлінеді. Абсо­лют­тік мажоритарлы жүйе бойынша кан­дидат билік органына сайлану үшін 50 пайыздан астам дауысқа ие болуы шарт, ал екіншісінде үміткер өз қар­сы­лас­тарына қарағанда көбірек дауыс жи­наса болғаны. Ал пропорционалды жүйеде үміт­кер­лер жеке тұлға ретінде емес, пар­тия­ның атынан, партиялық тізім арқылы сай­ланады. Сәйкесінше, оларды партия ұсы­нады. Яғни, бұл – партияның жи­наған дауысы мен жеңіп алған мандаты ара­сында пропорционалдылық прин­ци­піне негізделетін сайлау жүйесі. Про­­­порционалды жүйенің «ашық» жә­не «жабық» деген екі түрі бар. «Ашық ті­зімде» сайлаудың әдісіне байланысты бір немесе бірнеше үміткерге дауыс бе­рі­леді немесе партиялық тізімдегі үміт­керлердің реттік орны анықталады. «Жа­бық тізім» сайлаушылар тек пар­тия­лық тізім бойынша дауыс береді. Өз­деріңізге белгілі бізде Мәжіліс депу­тат­­тары партиялық тізім негізінде сай­­­­ланып келді, яғни пропорционалды жүйенің ішінде «жабық тізімі» қол­да­нылады. Енді осы екі жүйені біріктіретін, үшін­­ші, аралас сайлау жүйесі бар. Бұл тәсіл бойынша барлық мандат­тың белгілі бір бөлігі мажоритарлық әдіс­пен, қалған бөлігі пропорционалды әдіс арқылы бөлінеді, үлестіріледі. Яғ­ни, үміткерлердің бір бөлігі партиялық ті­зіммен, қалғаны өзін-өзі ұсынып, сай­лауға түсу арқылы депутат болады. Пар­ламент сайлауы кезінде сайлау­шы­лар жекелеген тұлғаға және партияға екі бөлек дауыс береді. Бізде 1999 жылы Мәжіліс депу­тат­тары осы аралас тәсіл арқы­лы жасақталған еді. Сайлаудың бұл жүйе­сі екінші рет 2004 жылы қол­да­ныл­ды. Одан соң 2007 жылы Конс­ти­туция­ға өзгертулер мен толықтырулар ен­гізіліп, Мәжіліс депутаттарын сайлау жүйе­сі пропорционалды әдіске ауыс­ты­рылған болатын. Содан бері осы тә­сіл арқылы 4,5,6,7-шақырылым депу­таттары жасақталды. Енді міне, араға 19 жыл салып, 8-ша­қырылым депутаттарын қайтадан аралас жүйе арқылы таңдайтын бола­мыз. Осылайша, Парламент Мәжілісінің белгілі бір бөлігі халықтың өзі таңда­ған, әр өңір жұрты үмітін артып, сені­мін аманаттаған азаматтардан құры­лады деген үміт бар. Сонымен, одан әрі нақтырақ тоқ­талар болсақ, наурыздан бастап жұмысын бастайтын Парламент Мәжі­лі­сінің 30 пайызы мажоритарлы, 70 пайы­зы пропорционалды әдіс бойын­ша сайланады. Яғни, басым бөлігі пар­тия тізімі арқылы мандат алса, қалған бө­лігі жеке-жеке сайланады. Одан бөлек, сайлауға түсетін пар­тиялар тізімінде, оларға қойы­латын талаптарға қатысты жаңалық бар. Партия мүшелерінің санына қа­тыс­ты талап өзгерді. Оның төменгі шегі 4 есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақ­та­ғы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді. Осы өзгерістен кейін елі­м­ізде жаңадан екі саяси партия Әді­лет министрлігінен арнайы рұқсат алып, тіркеуден өтті. Сонымен, сол жаңа­дан қатарға қосылған «Байтақ» жә­не «Республика» партияларын есепке алғанда, қазір елімізде ресми тіркелген 7 саяси партия бар. Дегенмен Орталық сай­лау комиссиясы олардың барлығы бір­дей мандатқа таласа алмауы мүмкін еке­нін мәлімдеді. Себебі жаңадан тір­келген партиялардың үлгермеуі мүмкін. Кандидаттарды ұсыну 20 қаң­тар­да басталған болатын, 8 ақпан­да аяқталады. Кандидаттарды тіркеу мер­зімі 18 ақпанда Астана уақытымен кеш­кі сағат 18.00-де бітеді. Үгіт-насихат ке­зеңі 18 ақпан кешкі сағат 18:01-де бас­талып, 18 наурызда түнгі сағат 00:00-де аяқталады. Ал сайлау республиканың барлық ау­ма­ғында, бір мезгілде өтеді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, оған 12 миллионға жуық сайлаушы қа­тысады. Ең көп сайлаушы Түркістан об­лысында – 1 млн 177 мың. Ал электо­рат саны ең аз аймақ – Ұлытау облысы. Мұн­да 138 мыңнан аса адам сайлауға қа­тыса алады. Егер де азаматтарға өзі­нің тұрғылықты жерінен басқа жерде дауыс беруге тура келетін болса, онда 17 ақпанға дейін әкімдіктерге өтініш беруі керек. Комиссия өкілдерінің мәліме­тін­ше, сайлау кезінде 10 мың 215 сай­лау учаскесі жұмыс істейді. Деген­мен олардың саны науқан жақындаған тұста өзгеруі де мүмкін. Ал қаражат мәселесіне келсек, Қар­жы министрлігінің алдын ала таратқан мә­ліметі бойынша, 2023 жылы Мәжіліс әрі барлық деңгейдегі Мәслихат депу­тат­тарын сайлауға 33,4 миллиард теңге қа­растырылып отыр. 2025 жылға ар­нал­ған бюджеттің жобасында бұл ма­құл­данған. Алдағы сайлаудың нендей артық­шы­лығы болады, депутаттардың жаңа құрамы қандай болуы керек? Не күте­міз? Осы және басқа да сұрақтар төңі­ре­гінде саясаттанушы Талғат Жаныс­байдың пікірін білдік. Талғат ЖАНЫСБАЙ, саясаттанушы:

Сайлаудан күтер үміт көп

– Осы күнге дейін Мәжіліске ха­лық­тың көңілі толмай келді. Жалпы Мә­жіліске емес, біздің билік басын­да­ғыларға, Үкіметке, парламенттің қос палатасы бар, Сенаты бар, Мәжілісі бар, жер­гілікті Мәслихаттар бар, осының бар­лығына халықтың көңілі тола қой­ған жоқ. 2004 жылдары Шерхан Мұр­та­за, Мұхтар Шаханов, Амангелді Ай­талы сияқты ат төбеліндей депутаттар ел­дің, ұлттың мәселелерін көтере білді. Бірақ сол жылы сайланған Мәжіліс көп өт­пей тарқады да, қайтадан сайлау бол­ды. Дәл сол кезде аралас, яғни қазір енгізілген пропорционалды-ма­жори­тарлы жүйе қолданыста еді. Одан кейін 2007 жылдан бастап, заң өзгеріп, де­пу­таттар қайтадан партиялық тізім ар­қылы жасақталатын болды. Әрине, алғашқы жылдары жерге бөліну, руға бөліну сияқты мә­се­лелер өршіп тұрды. Бірақ дәл қазіргі жағ­дайда бүкіл қоғам, азаматтық қо­ғам­да жалпыұлттық деңгейдегі сана-се­зім қалыптасты деп ойлаймын. Қазіргі Парламент Мәжілісі көп жыл­дар бойы партиялық тізіммен жа­сақ­талып келді, бірақ Қаңтар оқиға­сы­нан кейін Жаңа Қазақстан деп қайта­дан аралас жүйеге қайтадан келіп отыр­мыз. Енді партиялық тізімде халықтың көп үміт артқан азаматтар бол­ған жоқ. Тек қана бір партияның ая­сын­да, яғни Aq jol мен Halyq партия­сы­ның депутаттары Nur Otan депутат­тары­ның көлеңкесінде болды. Қарсы дауыс беру, қарсымын деп тетікті басу бол­ған жоқ. Сондықтан, 3 партия бол­ғанымен, барлығы бірігіп бір партия­ның ғана қызметін атқарып келді. Енді міне, халық дауыс берген, референдум арқылы өзгерткен заңы­ның аясында жаңа азаматтар пар­ламентке барады деген үміт бар. Өйт­кені 30 пайыздың өзі – үлкен мүм­кін­дік. Егер әр өңірден белсенді, ұлтжанды, елге жаны ашитын азаматтар түссе, ха­лық сондай азаматтарды сайлайды деп ойлаймын. Қазір Мәжіліс сайлауына 6 партия түседі деп күтілуде. «AMANAT» болсын, Aq jol, жаңадан қосылған Respublica, Baitaq жасылдар партиясы болсын үл­кен трансформация жасап, құрамына ұлт­қа жаны ашитын азаматтарды қос­паса, партияларының бағдарлама­ла­рын жетілдірмесе, дәл сол бұрынғы аза­маттармен Парламентке баратын бол­са, халық тағы да наразылық біл­діруі мүмкін. Оны билік те біледі. Жал­пы қазір жер-жерде аза­маттардың сай­лауға түсуге құл­шы­нысы артып отыр. Және сайлауға түсе­мін деп мә­лім­деп жатқандар да біршама еке­нін байқауға болады. Сондықтан да, билік бұрынғы жүйе­нің жүйесіздігінен сабақ ала­­тын болса, алдағы көктемдегі сай­лау­ға жаңа тұлғаларды, шын лайық аза­маттарды өткізуге мүдделі болады. Өздеріңізге де белгілі, өңірлерде әкім­дердің 99 пайызы сол бұ­рын­ғы орнында отыр. Жаңарған жоқ. Сенатта да көп өзгеріс болған жоқ. Енді бір-ақ үміт қалды. Мәжілістің 30 пайы­зы елге белгілі, белсенділер баруы ке­рек. Алдағы Мәжіліс осындай болуы ке­­рек деп ойлаймын. Жаңа құрамның белгілі бір бөлігі, 15-20 пайызы жастар болуы керек. Қазір қо­ғам­да өз орны бар, жаңа, тың идеялары бар, елге жаңа ой айта алатын, билікке шындығын айта алатын жастар көп. Халық шын мәнінде жаңару күтіп отыр.

Мәжіліс жаңаша жасақталады десек те, аралас жүйе біз­ге таңсық емес. Не десек те, халық үшін, ел үшін Мәжі­ліс, оның жұмысының жүйелі әрі нәтижелі болуы аса маңыз­ды. Жауаптылар азаматтардың бір бөлігін халық арасынан жеке-жеке сайлау бәсекелестікке, әділдікке жол ашатынына сенімді. Осылайша, партиялар қаншалықты трансфор­ма­ция­ланады, жаңа партиялардан кімдер ұсынылады, кімдер сайлауға түседі, нәтижесінде Мәжіліс қаншалықты жаңа­ра­ды – бұл сұрақтардың жауабы осы көктемде белгілі болмақ.