Жаңа Парламент қандай болмақ?
Жаңа Парламент қандай болмақ?
19 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісті таратып, мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Негізі, биылғы бірінші жартыжылдықта депутаттар қайта жасақталатынын Президент былтыр күздегі Жолдауында айтқан болатын. Сайлау күні нақты 19 наурызға бекітілді.
Бұл жолғы сайлау жаңа саяси жүйені құруға бағытталған өзгеше қадам болады деп сендіреді жауаптылар. Өзгешелігі сол – депутаттар құрамының белгілі бір бөлігіне халық жекелей дауыс беретін болады. Яғни сайлау жүйесі өзгереді. Сол арқылы конституциялық реформалар жалғасып, саяси институттар жаңарады деген сенім бар.
Жалпы, жаңа Мәжіліс қандай болуы керек? VII шақырылым депутаттары нендей жұмыс атқарды? Сайлаудан не күтеміз?
Жетінші шақырылымның жұмысы
Мәжіліс құрамын жаңалауға байланысты жаңалықтарға тоқталмас бұрын ең алдымен таратылған VII шақырылымның атқарған жұмысына аз-кем шолу жасап, тоқталып өтейік.
Сонымен, 19 қаңтарда Мәжілісінің VII шақырылым депутаттарының өкілеттігі аяқталды. Наурызға дейін олардың жұмысын, яғни заң шығару қызметін уақытша Сенат атқаратын болады. 2021 жылғы қаңтарда жұмысын бастаған халық қалаулылары, осылайша 2 жылдан соң таратылды.
– Осы шақырылымның мерзімі қысқа болса да, қызметі сапалы әрі мазмұнды болды деп ойлаймын. Депутаттар өңірлерде туындаған проблемалардың, қызып тұрған мәселелердің бел ортасында жүрді. Маңызды конституциялық заңдарды қабылдадық. Мемлекетте түбегейлі институционалдық өзгерістер болды. Біз Президентіміздің Мәжіліске жүктеген міндеттері мен тапсырмаларын толықтай орындадық. Ең бастысы, әлеуметтік сала заңнамалық тұрғыда толықтай қамтамасыз етілгенін айтуымыз керек, – деді Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов қорытынды сөзінде.
Расымен де, бұл шақырылым депутаттары уақытынан бұрын таратылды. Парламент Мәжілісінің ресми сайтындағы мәлімет бойынша VII шақырылымда 114 депутат жұмыс істеген.
Жалпы, бұл шақырылымда жаңадан қосылған, өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан депутаттар біршама болды. Мәжіліс Төрағасы да ауысты, 2022 жылғы 1 ақпанда Нұрлан Нығматуллиннің орнына Ерлан Қошанов спикер болып тағайындалды. Бекболат Тілеухан, Дариға Назарбаева, Айбек Паяев, Дмитрий Легкий, Зүлфия Сүлейменова, Елнұр Бейсембаев, Азамат Әбілдаев, Файзолла Каменов, Сергей Решетников, Владимир Тохтасунов сияқты бірқатар депутат әртүрлі себептерге байланысты жол ортасынан жұмысын тоқтатқан еді.
Мәжілістің 7-шақырылым депутаттары ұзын саны 264 заң жобасын қараған. Олардың көпшілігі мақұлданып, Сенатқа жолданыпты. Президент 188 заңға қол қойған. Мәжіліске 28 заң қайтарылған, қабылданбай қайтарылған немесе кері қайтарып алған заң жоқ.
Ал жолданған депутаттық сауалдарға келер болсақ, Мәжілістің ресми сайтында 784 сұрақ тіркелген, оларға 884 жауап қайтарылыпты. 48 сұраққа жауап берілмеген. Депутаттық сауалдардың басым бөлігінде әлеуметтік, тұрмыс деңгейіне байланысты мәселелер, бағаның шарықтауы, бизнесті қолдауға бағытталған ұсыныстар, ауыл шаруашылығына қатысты проблемалар көтерілген. Одан бөлек, экология, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы ахуал да біршама алаңдатыпты. Жер мәселесі, жер қойнауын игеруге де назар аударылған. «Әліппе» мен «Ана тілін» қайтару бастамасы көтерілген. Пандемия кезінде вакцина, Ashyq жүйесіне қатысты депутаттық сауалдар жолданыпты. Одан бөлек, сауалдар тізімінен онлайн алаяқтық, цифрлық валюта, майнинг, жеке тұлғалардың банкроттығы, заңсыз қару айналымы, синтетикалық есірткі, офшорға заңсыз шығарылған қаражат, ЛРТ, импортқа салынатын көміртек салығы сияқты тақырыптар да қозғалған.
Бұл жолғы шақырылымда жаңа депутаттық топ құрылды. Бұдан бұрынғы жалғыз топ Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобының қатарына «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қосылды.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынаста трансформацияның қажеттілігі туындағанын және «Жаңа Қазақстанды» құру туралы қайта-қайта айтып жүр. Мұндай кешенді трансформация ең алдымен парламент қызметінде орын алып, мәжіліс қабырғасынан басталуы шарт. Сондықтан парламенттің төменгі палатасындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп және президенттің тапсырмаларын мәжіліс депутаттары тарапынан қадағалау мақсатында «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топтың құрылғанын ресми түрде жариялаймыз! – деп Еділ Жаңбыршин «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының құрылғанын мәлімдеді.
Әу баста депутаттық топтың құрамында 31 депутат енген еді. Соңғы ресми мәліметтер бойынша, топ құрамында 40 депутат болған.
Депутаттар да өз жұмысын қорытындылап, пікірін білдіріп, партия қолай көрсе, жаңа шақырылымда қайтадан жұмысын жалғастыруға мүдделі екенін айтып жатыр.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Парламент Мәжілісінің VII сайланым депутаты:
Парламентте 191 заң қабылданды
– Негізі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VІІ шақырылым депутаттары қысқа мерзімде сапалы және мазмұнды жұмыс атқарды деп ойлаймын. Мысалы, VІІ шақырылым енді басталғанда Мәжілістің жұмысында 50 заң жобасы болды. Оның 10-ы депутаттардың бастамасымен әзірленген Заң жобалары еді. Ал VII шақырылымдағы Мәжіліс жұмысында барлығы 264 заң жобасы болды. 191 заң жобасы қаралып, мақұлданып, Парламент Сенатына жолданды. Осы кезеңде Парламентте 191 заң қабылданды. Мемлекет басшысы 188 заңға қол қойды. Мен білім, ғылым, әлеуметтік саланың көкейкесті сұрақтарына арналған 54 депутаттық сауал жолдадым. 21 заң жобасының жұмыс тобында, 3 заң жобасы жұмыс тобының жетекшісі ретінде еңбек еттім. Қайтадан депутаттыққа келу-келмеуімізді партия шешетін болады.