Баспасөздің болашағы талқыланған басқосу

Баспасөздің болашағы талқыланған басқосу

Баспасөздің болашағы талқыланған басқосу
ашық дереккөзі
Цифрлық технологиялар қарыштап да­мы­ған жаңа заман жағдайында баспа­сөз­дің рөлі қандай, болашағы нендей болмақ? Өңір­лік газет-журналдардың жағдайын қа­лай жақсартамыз? Баспасөз көне мен келе­шек­тің мүмкіндіктерін бір арнаға тоғыс­тыра ала ма? Осы және өзге де өзекті мәселелер 25-26 қаң­тар­да өткен Өңірлік мерзімді басылымдар фору­мын­да талқыланды. Жиынға Премьер-Министр­дің орынбасары Алтай Көлгінов, Ақпарат және қо­ғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, сена­тор Нұртөре Жүсіп, Президент жанындағы «Орта­лық коммуникациялар қызметінің» дирек­торы Асқар Омаров және басқа да белгілі ме­диа­мамандар қатысты. Бірінші баспасөз форумы Бүгінде ел бойынша 5 мыңнан аса БАҚ тір­келген. Оның 70 пайызы – мерзімді ба­сылымдар. Әр өңірден келген өңірлік БАҚ өкіл­дерінің басын қосқан жиын Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігінің бастамасымен ұйым­дастырылды. Айтып өту керек, бұл – елі­міздегі баспа БАҚ-қа арналып өткізіліп отыр­ған алғашқы ауқымды форум. Форумға елі­міз­дің әр өңірінен 200-ден астам делегат қатысты. Та­қырыбы өңірлік басылымдарға қатысты болғанымен, екі күндік жиында көтерілген мә­селелер – барлық баспа БАҚ-қа ортақ түйт­кіл. Екі күн бойы түрлі сессиялар, мастер-клас­тар, тағылымды талқылар ұйым­дас­тырылды. Нақты айтар болсақ, өңірлік БАҚ-ты да­мыту, журналистің ықпалы мен мәр­тебесі, газеттегі жарнама және монетизация әдіс­тері, конвергенттік журналистика, газет та­рату және жеткізу, баспа БАҚ-та балалар кон­тентін қалыптастыру секілді 7 панельдік сес­сияда маңызды мәселелер талқыланды. «Мәселелерді атқарушы билікпен бірлесе шешу қажет» Жиында Премьер-Министрдің орын­басары Алтай Көлгінов өңірлік БАҚ мә­селелерін жақсарту үшін жауапты ми­нистр­лік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуі керек екенін айтты. Ол ми­нистр­лікке аймақтардағы бұқаралық ақпарат құрал­да­рын дамыту бойынша бірқатар тапсырма бер­ді. Сондай-ақ қазақстандық медиа кеңіс­тік­тің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
– Баспасөз басылымдар тарихымыз бен мә­­дениетімізді, рухани ұлттық құнды­лық­та­ры­мызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші не­гізгі ақпарат құралы болып отырғаны сөзсіз. Алаш ары­сы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деген да­налық әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оған дәлел ретінде баспасөз басы­лым­да­рын жыл санап көбейіп келе жатқаның ай­туы­мызға болады. Мемлекет басшысы сайлауалды бағдар­ла­масында еліміздегі ақпараттық саясаты, жастар саясатын, азаматық қоғаммен байланыс тетіктерін жетілдіру бойынша нақты тап­сырмалар беріп, міндеттер қойды. Осы тұр­ғыда өңірлік БАҚ мәселелері, атап айтқанда, оқы­рмандар саны мен басылым таралымын қай­та көбейту, қаржыландыру және техни­ка­лық жаңарту, уақытылы жеткізу мен жергілікті БАҚ ахуалын жақсарту бағытында министрлік және жергілікті атқарушы органдармен бірге тиімді әрі нақты шешу жолдарын пысықтау қажет деп есептейміз. Сол үшін еліміздегі БАҚ өкіл­дерінің кәсіпқойлығы мен сапасын одан әрі арттыру жұмыстарын жалғастыруымыз қа­жет. Халықты арзан дүниелермен емес, пай­далы ақпаратпен сусындатып, рухани, мәдени, та­нымдық, ұлттық құндылықтармен байыта біл­геніміз абзал, – деді Алтай Көлгінов.
«Интеллектуалды журналистиканы дамытуға мүдделіміз» Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дар­хан Қыдырәлі аймақтағы басылымдарды қар­жыландыру тетігі мен ережелері қайта қа­растырылып жатқанын айтты. Министр елі­міздегі БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тап­сы­рыс­тың талаптарын жеңілдету көзделіп отыр­ғанын жеткізді.
– Өңірлік басылымдардың сайттарын жа­сау және қолдау әлеуметтік желілерді тиімді пай­далану бойынша әдістемелік көмек көр­се­ті­леді. Сайттары жоқ кейбір аудандық газет­тер­дің сайттарын жасап беруге біз қолдау көр­сетеміз. Өңірлік газет-журнал қызмет­кер­лері­нің біліктілігін шыңдау мақсатында жа­қын­да ғана қайта құрылған «Қазақ газетте­рін­де» және Қазконтентте тәжірибе алмасу жо­басы іске қосылады. Жыл бойы баспа басы­лым­дарының өкілдері Egemen Qzaqstan және «Ка­захстанская правда» сияқты іргелі басы­лым­дарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Аймақтағы басылымдарды қаржыландыру те­тігі мен ережелерін қайта қарастырып жа­тыр­мыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсы­рыс­тың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау та­риф­­тері 2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Со­ған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жос­парлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тә­сіл­де өңірлік мемлекеттік ақпараттық тап­сы­рысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сон­­дай-ақ жергілікті БАҚ-қа жаңа серпін бе­ріп, оң әсер етеді деген үміттеміз, – деді ми­нистр.
Одан бөлек, Дархан Қыдырәлі журна­лис­­тердің құқықтық мәртебесін көте­ріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы» заң қабылдау көзделіп отыр­ғанын айтты. Қазір ол жұртшылық тал­қы­лауына шығарылған.
– Бұл заң жобасы кәсіби журналистің қо­ғамдағы орнын айқындап, әлеуетін көтереді деп ойлаймыз. Сонымен бірге ақпаратқа қол жет­кізу мәселелері жөніндегі заңға түзетулер әзір­ленуде. Ұсынылған өзгерістер, азамат­тар­дың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шек­теген мемлекеттік органдардың жауап­кер­шілігін күшейтеді. Екіншіден, Ақпараттық док­трина талқылаудан өтті. Сондай-ақ Ақпа­рат саласын дамытудың 2023-2030 жылдарға ар­налған тұжырымдамасын дайындауға кіріс­тік, – деді Дархан Қуандықұлы.
Сонымен қатар ол журналистердің тә­жіри­бе алмасып, білігін көтеруге бағыт­та­латын шаралар жалғасын табатынын айтты.
– Басылымдардың келбетін қалып­тас­тыру­да сапалы дизайн мен фотоның орны ерекше. Осы ретте газет дизайнын, макетін жетілдіру ба­ғытында халықаралық тәжірибелерге не­гіз­делген арнайы дәрістер ұйымдастыру жос­пар­да бар. Сонымен қатар фотожурналис­тиканың да­муына ықпал ететін іс-шаралар ретін бастап та кеттік. Өздеріңізге белгілі, Орталық Азия ме­диа форумына келген Пулитцер сыйлы­ғы­ның иегері, фотожурналист Лиу Шин жур­на­листерге мастер-класс өткізді. Әйгілі фотог­рафпен бірлескен жоба талқылануда. Өңірлерге сапарлар және осы форумға дайындық кезінде аймақтардағы кей­бір басылымдардың тіпті сайты да жоқ екенін анықтадық. Ал кейбір өңірлік басылымдар рес­­­публикалық деңгейде тарап отырғанын, сайт­тарының да жақсы жұмыс істейтінін көр­дік. Осыны ескере отырып, өңірлік басы­лым­дардың сайттарын жасау және қолдау, әлеу­мет­тік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдіс­темелік көмек көрсетіледі, – деді министр.
Со­нымен қатар шалғай аймақтардағы ба­сы­лымдарда шыңдалып шыққан жас жур­на­лис­терді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мә­селесін де назарда ұстау керек екені айтыл­ды. Бұл буын алмасуы, дәстүр сабақтастығын сәтімен жалғауға негіз болмақ. Одан бөлек, онлайн-платформалар мен интернет-жарнаманың қызметін рет­тей­тін жаңа заң әзірленіп жатқаны да мәлім бол­ды. Бұл заң жобасы шеңберінде қолдану­шы­лардың жауапкершілігі күшейеді. Осы орай­да басылымдарымыздың жарнама беру­шілермен жұмысты жүйелеуге баса мән беруі керек екені де ескертілді.
– Министрлік «Қазпошта» акционерлік қ­о­ғамымен баспа басылымдарын уақтылы жет­кізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау тура­лы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар жаңа заң аясында басылымдардан қосымша құн салығы алынып тастау қарастырылып жа­тыр. Бұл жұмыстар да өз нәтижесін береді де­ген ойдамыз. Ақпараттық қауіпсіздік мә­селесі де назарда болуы керек. Сондықтан ел­дің шекаралас аудандарында отандық ра­дио­ха­барлармен қамтуды кеңейту жұмысы кү­шей­тіледі. Шекаралас аймақтарды радиохабар таратумен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр, – деді Дархан Қыдырәлі. Жиынға «Қазпошта» өкілдері де қа­тыс­ты, форум қатысушылары өздерін ма­залаған маңызды сауалдарға жауап алуына мүм­кіндік туды. – Газет – тілдің өрісі. Әлемдік тәжірибе көр­­сеткендей, көптеген жаңа терминдердің ор­нығуында газет журналистерінің еңбегі орасан. Газет тіл құнарлығын сақтап, оқу мә­де­ниетін қалыптастырады. Сондықтан интел­лек­туалды журналистиканы дамытуға мүд­деліміз. Өйткені сапалы да салмақты дүниелер әр­дайым оқырман талғамына, уақыт талабына жауап берері анық, – деді министр қорытын­дылай келе.
Жаңа заман және баспасөз Ақпарат министрлігінің ақпараттық даму ко­митетінің төрағасы Қанат Ысқақов іс-ша­ра­ның басты мақсаты – заманауи медиа саласы бойынша оңтайлы тәсілдер қарастырып, бір-бірімізбен тәжірибе алмасу, оған қоса мерзімді бас­пасөз саласындағы өзекті мәселелер бойын­ша пікірталас алаңын ұйымдастыру екенін нақ­тылады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жол­дауын­­да бүгінде БАҚ бәсекеге қабілетті әрі ер­кін болуы керек екенін атап өтті. Бұл қағи­дат кез келген өркениетті мемлекет үшін маңыз­­ды болып қала бермек, – деді Қанат Ысқа­­қов. Сондай-ақ ол Қазақстандағы медиа­ны одан әрі дамыту үшін министрлік жыл сайын өткізіп отыратын «Тұмар» мен Astana Media Week іс-шараларында өңірлік БАҚ сала­сына қатысты мәселелер қозғалатынын атап өтті.
«Жаңа жағдайдағы баспа БАҚ» тақыры­бын­­да өрбіген бірінші панельдік отырыста қа­зіргі заманғы баспасөздің ахуалы, жаңа за­манға бейімдеу сияқты мәселелер талданды. Тақырыпты «Қазақ газеттерінің» Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Айқын-Литер» ЖШС ди­ректоры Ысқақ Егембердиев, М.Нәрікбаев атын­дағы КАЗГЮУ Университеті Басқарма тө­ра­ғасының орынбасары Ерболат Мұха­мед­жан, National Geographic Qazaqstan журналы­ның жауапты редакторы Айбын Шағалақ талқылап, өз баяндамаларын жасады. Баяндама соңы пікірталасқа ұласып, спикерлер сұрақ-жауап алмасты. Нәтижесінде, өңірлік газеттерге жаңғыру, жаңашылдық қажет деген қоры­тындыға келді. Яғни, баспа БАҚ жаңашылдыққа, әлеуметтік желілерге бейімделіп, мүмкін­дік­терді пайдалануы керек екені айтылды. «Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егем­бердиев газеттер әлі де бәсекеге қабілетті екенін, қажетті менеджменттің тетіктерін білу арқылы оқырман санын әлдеқайда көбейтуге болатынын айтты.
– Кез келген газетке жарнама берген тұ­тыну­­шы ең алдымен сол газеттің сапасы мен са­нына мән береді. Әлеуметтік желідегі па­рақ­шалар қаншалықты жылдам болса да га­зет­тердегідей ақпаратты жан-жақты то­лыққанды бере алмайды. Сол себепті газет пен сайт­тың ұжы­мы бөлек. Олар бір-біріне бағын­байды, сон­дықтан да олар дербес. Сонымен қатар заман көшіне ілесу қа­жет. Мысалы, біз TikTok пен YouTube әле­­­м­іне өзіміз еніп, кеңінен пайдалануымыз ке­рек. Басқа жол жоқ. Аудитория біздің соңы­мыз­дан емес, біз аудиторияның соңынан жү­руі­міз керек, – деді «Айқын-Литер» ЖШС ди­рек­торы Ысқақ Егембердиев.
Ал М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Басқар­ма төрағасының орынбасары Ерболат Мұха­мед­жан шетел тәжірибесіне сүйеніп, әлем бойынша баспасөздің ахуалы туралы сөз қоз­ғады. Спикерлерге өңірлерден келген қаты­су­шылар түрлі сұрақ қойып, пікір алмасты. Форумның екінші күні де түрлі тақырыпта тал­қылаулар өтті. Талқылау соңында министр Дар­хан Қыдырәлі бірқатар сұрақтарға жауап берді. Қорытындылай келе, баспасөз форумы дәстүрлі жиынға айналатыны айтылды. Осылайша, басқосу баспа құралдарының дамуына жаңа серпін беріп, баспасөздің мәртебесін биіктете түсуге ықпал етеді деген деген үміт бар.