Биыл үлкен қалалар 15 пайыз 5G интернетпен қамтылады

Биыл үлкен қалалар 15 пайыз 5G интернетпен қамтылады

Биыл үлкен қалалар 15 пайыз 5G интернетпен қамтылады
ашық дереккөзі
Жыл соңына дейін республикалық маңызы бар қалалар 15 пайызға 5G интернетімен қамтылады деп күтілуде. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов мәлім етті деп хабарлады turkystan.kz. «5G енгізу республикалық маңызы бар 3 қалада (Астана, Алматы, Шымкент) пилоттық режимде жүріп жатыр. Өткен жылдың желтоқсанында 5G радиожиіліктеріне аукцион ұйымдастырылды. Сонымен қатар байланыс операторларына лицензиялық міндеттер жүктелді. Оған сәйкес, биыл жыл соңына дейін Астана, Алматы және Шымкент қаласы 15% 5G интернетпен қамтылуы тиіс. Ал 2027 жылға қарай аталған қалалардың 75% 5G енгізіледі. Сол сияқты, 2024 жылдан бастап 5G облыс орталықтарына енгізіле бастайды», - деді Ержан Мейрамов аталған министрліктің кеңейтілген алқа отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып. Айта кетсек, Үкімет басшысы елімізде 5G енгізуді 2027 жылға дейін аяқтауды тапсырған еді. «Министрлік ұялы байланыс пен интернеттің сапасына талдау жүргізуі қажет. Соның негізінде тиісті іс-шаралар әзірленіп, ол «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде қабылдануы тиіс. Бүгінде елімізде 5G ұялы байланысын енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бірінші кезекте республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын қамту жоспарланып отыр. Аталған жұмыс 2027 жылы аяқталуы керек», - деген міндет жүктеді Әлихан Смайылов. Еске салайық, былтыр желтоқсанда елімізде алғаш рет 5G үшін радиожиіліктерге ашық аукцион өткен еді.