Қазақстанда балаларға папиллома вирусына қарсы вакцина салынады

Қазақстанда балаларға папиллома вирусына қарсы вакцина салынады

Қазақстанда балаларға папиллома вирусына қарсы вакцина салынады
ашық дереккөзі
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі халыққа онкологиялық көмек көрсету бойынша 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірлеп жатыр. Бұл туралы аталған ведомствоның басшысы Ажар Ғиният айтты деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «Қазіргі кезде министрлік халыққа онкологиялық көмек көрсетуді жақсартудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп жатыр. Бұл жоспарда адам папиллома вирусына қарсы вакцина егу қарастырылған. Сонымен қатар, аталған іс-шаралар аясында қатерлі ісік ауруларына қарсы тиісті қадамдар ескерілген. Атап айтқанда, бұл бағытта тиісті жұмыс атқарылады және оны ата-аналардың келісімін ескере отырып іске асырамыз», - деді А. Ғиният Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып. Оның айтуынша, биыл аталған жоспарға қатысты дайындық жүргізіледі. «2023 жылы егжей-тегжейлі талқылау, нормативтік-құқықтық актілерді даярлау, бюджетті қорғау жұмыстары ескерілген. Бюджет бекітілгеннен кейін аталған іс-шаралар келер жылдан басталады. Бұл тұрғыда кәмелетке толмаған балалар қамтылады. Егер бұл іс-шаралар ұлттық күнтізбеге енгізілсе, оның барлығы ақысыз болады», - деді министр. Еске салсақ, 2013 жылдың қыркүйек айынан бастап жасөспірім қыздарға папиллома вирусына қарсы вакцина егілетіні хабарланған еді. Аталған папиллома вирусына қарсы егу жұмыстары қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында жүргізіледі.