Серікбол Хасан балалар басылымының дамуына кедергі келтіретін мәселелерді атады

Серікбол Хасан балалар басылымының дамуына кедергі келтіретін мәселелерді атады

Серікбол Хасан балалар басылымының дамуына кедергі келтіретін мәселелерді атады
ашық дереккөзі
Елордада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Өңірлік мерзімді басылымдар» форумы өтті. Екі күнге жалғасқан форумда БАҚ-тағы басты мәселелер, өңірдегі басылымдардың жағдайы талқыланды. Соның ішінде балалар баспасөзіне қатысты мәселені ақын әрі журналист «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікбол Хасан көтерді.  Ол қазіргі заман балалары сөйлем құрауда қиналатынын, сондықтан оларға көмектесу керек екенін тілге тиек етті.
Қазіргі көптеген балалардың қиялы жұтаң, сөз құрай алмайды. Сондықтан оларға жәрдем беруіміз керек. Хәкім Абайдың «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген сөзі бар. Баланың ақылшылары үйіндегі ата-анасы, мектептегі ұстаздары. «Менің атым - Қожадағы» Рахманов ағайдың «Мен Сұлтанның шырағын жаға алмадым!» деп өкінетіні естеріңізде болар. Ата-анасынан кейін баланың шырағын жағатын, әрине, ұстаздары. Ұстаз – күнделікті сабақ беруші ғана емес, балаға бағыт-бағдар беруші болуы керек. Мектеп оқулықтарына қосымша көмекші құрал ретінде әдеби-танымдық кітаптар, балалар басылымдары бар, соларды оқуға ынталандыру қажет, - дейді ол.
Серікбол Хасан сөз арасында балалар журналының пайдасы туралы да айтып өтті.
Бұрын кішкентай балаға санамақ, жаңылтпаш, тақпақ жаттататын, жұмбақ жасыратын. Мұның бәрі неге керек деп ойлайсыз? Баланың зейінін ашу, тілін дамыту үшін қажет. Ештеңеге қызықпайтын бала болмайды, қызықтыра алмайтын ата-ана, ұстаз болады. Осы ретте айта кеткен жөн, «Балдырған», «Мөлдір бұлақ» журналдары баланың  шығармашылығын шыңдаушы құрал іспеттес. Балалар журналға өздерінің тырнақалды туындыларын (өлең, әңгіме, сурет, т.б) жолдап, жарыққа шығарады. Олар журналдан өз шығармасын көрген сайын шабыттанады. Осылайша әрқайсысы шығармашылық адамына айналуы мүмкін, - дейді Серікбол Хасан.
Ол балалар басылымдарындағы жаңашылдықты жасау үшін қаржы мәселесін ретке келтірген дұрыс деп есептейді.
Балалар басылымдарына сапалы иллюстрациялар, кәсіби суретшілер керек. Қазір сурет өте қымбат тұрады. Өзін бағалайтын иллюстраторлар әр суретіне кемі 20 мың теңге сұрайды. Мысалы, «Балдырған» журналында жарияланып жатқан әңгімелерге кемі 30-40 иллюстрация қажет. Тағы да мәселе айналып қаржыға тіреледі. Мысалы, «Ұлан» газетінде суретші де, фотограф та жоқ. Амалдың жоғынан бәрін интернеттен алып салады. Осыдан кейін қалай сапа болады?! - дейді ол.
Басылымдардағы ең маңызды фактордың бірі ретінде штат мәселесі назардан тыс қалмады.  width=
Мысалы, «Ұлан» газетінде 4 адам жұмыс істейді. Аптасына 16 бет болып жарық көреді. 4 адам бәріне бірдей үлгермейді. Газеттің қара жұмысынан қолы босамайды, жазылыммен айналысуға уақыты бола бермейді. Ал кеңес заманында «Қазақстан пионері» газеті 8 бет болып шықты, 8 адам жұмыс істеген. Ол уақытта хат бөлімінің өзінде бірнеше адам істейтін. Қазір жағдай басқаша. Бұл балалар басылымдарының алға басуына кедергі болып отыр.