Елена Рыбакина финалға жолдама үшін таласады

Елена Рыбакина финалға жолдама үшін таласады

Елена Рыбакина финалға жолдама үшін таласады
ашық дереккөзі
Аустралия ашық чемпионатында бүгін Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте өзінен бір саты жоғары тұрған Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен ойнайды деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. В.Азаренко Е.Рыбакинадан бақандай он жасқа үлкен, тәжірибесі де мол. 2012 және 2013 жылдары Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы болған В.Азаренко кезінде әлемнің 1-ракеткасы атанды. Кейінгі жылдары сәбилі болуына және жарақатына байланысты бұрынғы биігіне көтеріле қойған жоқ. Алайда биылғы Аустралия біріншілігінде шебер ойын өрнегін көрсетіп келе жатқан Виктория тағы бір чемпиондықтан үмітін үзген жоқ. Ал өткен жылы Уимблдон чемпионы атанған 23 жастағы Е.Рыбакина нағыз дер шағында. Сондықтан мамандар алдағы матчта екеуінің де мүмкіндіктері тең деп бағалап отыр. Қарсыластар бұған дейін өткен жылы Индиан-Уэллс (АҚШ) турнирінде кездесіп, онда Е.Рыбакина 6:3, 6:4 есебімен ұтқан еді. Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық теннисші 5 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың екеуін пайдаланған. В.Азаренко 3 эйс жасағанымен, бірде-бір брейкке қол жеткізе алмаған еді. Бұл жолы ойын қалай өрбиді, оны алдағы матч көрсетеді. Жартылай финалдық бәсеке Астана уақытымен сағат 14.30-да басталады.