Жеңіс Қасымбек интернетке қатысты астаналықтардың шағымына жауап берді

Жеңіс Қасымбек интернетке қатысты астаналықтардың шағымына жауап берді

Жеңіс Қасымбек интернетке қатысты астаналықтардың шағымына жауап берді
ашық дереккөзі
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Астанада интернеттің сапасы мен жылдамдығы қалай арттырылатынын айтты, - деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «Қаламызда мұндай проблемалар бары жасырын емес. Негізінен, құрылысы жүріп жатқан жаңа аудандар мен елді мекендерде кездеседі. Сондай-ақ интернет құрылыс қарқынына ілесе алмай келе жатқан жағдай да бар» деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында. Әкімнің сөзінше, құрылыс компанияларына байланыс ғимараттарының да құрылысын ескеру тапсырылатын болады. Ал байланыс операторлары мен өзге де жауапты органдар құрылысты жоспарлауға қатысады. Бұл мәселелерді Ж.Қасымбек Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен, «Қазақтелеком» басшысы Қуанышбек Есекеевпен, ұялы байланыс операторларының өкілдерімен және тағы басқа органдармен пысықтаған. «Қалада интернеттің сапасын жақсарту үшін бірнеше механизмді қолданамыз. Олар – оптикалық байланыс желілерін, антенна-діңгек құрылысын, FWA (Fixed Wireless Access) технологиясы бойынша базалық станцияларды орнату. Бұл жұмысқа инвесторларды да жұмылдырамыз. Сонымен қатар жарықтандыру және электр желісінің тіректері бойынша оптикалық байланыс желілерін жүргізу мәселесі пысықталды. Бұл елді мекендердегі интернет сапасын едәуір жақсартады. Көктал-1, Агроқалашық, Интернациональный, Оңтүстік-Шығыс, Промышленный, Телман, Мичурин, Қазқалашық, Кирпичный елді мекендерінде оптикалық байланыс желілерін салу жұмысы жүріп жатыр. Тағы 3 елді мекен бойынша инвесторлар тартамыз. Бірақ мұның өзі де жеткіліксіз. Қала күннен-күнге өсіп жатыр, ал елорда тұрғындары жыл сайын 50-60 мың адамға артып келеді. Қолда бар инфрақұрылымға мән беріп қана қоймай, болашақты ойлап, алдын ала дамыту қажет. Сол себепті алдымызда мұндай проблемалар санын азайту әрі құрылыс кезеңінде байланыс құрылымдарын қоса салу міндеті тұр», - деді Жеңіс Қасымбек.