«Бақайдың баласы» – Талғат Теменов

«Бақайдың баласы» – Талғат Теменов

«Бақайдың баласы» – Талғат Теменов
ашық дереккөзі
Бүгінде театрларда көркемдік жетекшіні актерлардан қою үрдіске айналды. Мен білетін осы жетекшілердің біреуі тек жақсы артист қана емес, сұңғыла жетекші болса, енді бірінің интеллектісі төмен, шала білімді Карл Маркс пен Габриэль Гарсиа Маркесті ажырата алмайтындар толып-артылады. Жалпы, жақсы актерге бұл керек емес деймін. Көзім көрген ұлы актерлар – Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков, Қасым Жәкібаев, Ыдырыс Ноғайбаев, Байділдә Қалтаев, Алтынбек Кенжековтер бұл аурудан ада болды. Ал Ресейдегі Ефим Копелян, Иннокентий Смоктуновский, Олег Янковский бастаған ұлылар да қарапайым күй кешкен. Ал, біздегі жетекшілердің ішіндегі осы креслодан өзін орынсыз сезінетін бірден-бір жан болса, ол – Медғат. Қазіргі таңда Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрының актері һәм көркемдік жетекшісі. Оның көркемдік жетекшілігін уакыт өзі пайымдап жатар. Ал, мен оның актерлік қабілетін, талантын, оның өз ісіне деген жауапкершілігіне тоқталғым келеді. Осыдан 5-6 жыл бұрын театр директоры Нұрнияз Мұханов мені қоярда-қоймай шақырған. Онда да өзіміздің Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театрының сахнасында қойған Шыңғыс Айтматовтың повестерінің желісі бойынша қойған «Аққудың көз жасы» болсын деп тілек айтты. Мен өз басым облыстық театрларға көп қоя бермеймін. Көбінде уакыт деген құдіреттің құлы боламыз. Шабыт «Өнер университетінде режиссерлік курсым болса, одан тыс қоғамдық жұмыстар жетіп артылады. Дейтұрғанмен сыйлас азамат болған соң бардым. Бұл спектакльдің өзегі «Жәмилә» повесі мен «Ғасырдан да ұзақ күн» романындағы әйгілі Раймалы мен Бегімайдың оқиғасын қостым. Ұлы қаламгердің осы екі шығармасы бір-бірімен сабақтас. Екеуінде де ортақ тақырып – махаббат тақырыбы. Медғатқа Раймалы рөлін бердім. Бұрын фестивальдерде көргенім болмаса оны жыға танымаймын. Алайда актердің фактурасы, ұзын бойы, екі иығына екі адам сиятын батыр тұлғасы, әсіресе оттай жарқыраған екі көзі кім көрінгенді де тартатынын бірден сездім. Сөйлеп кеткендегі күмбірлеген дауысы да құлаққа жағымды, көрерменнің құлақ құрышын қандырар артист екенін амалсыз мойындайсың. Медғат бойындағы осы қасиеттерін білсе де, өмірде өте қарапайым, елгезек. Сосын өте адал жан. Бойында титтей де менмендік, тәкаппарлық, іштарлық, көреалмаушылық, болмаса өтірік намаз оқып, оқшаулануға тырысатын пенде емес. Не істесе де, оның тазалығы мен таланты көрініп тұрады. Осы спектакльде негізгі тақырып – «Бегімайдың әні». Мен осы әнді оркестрге түсіріп, өңдегенде жанып кетті. Ал Медғат – Раймалы өте көрікті ақын әрі сері, бойында бір міні жоқ нағыз салдың өзі боп шыға келді. Бұрын ойымда жоқ ұсынысты да Медғат айтты. «Раймалының әнін өзім айтсам қалай болады?» - деп. Актердің құлшынып тұрғаны қандай бақыт. Қуана келістім. Алайда, ән айтқаны қалай болар екен деген ойдың да болғаны рас. Оркестрге түсіріп, әлгі әнді студияда жазғанымызда орынсыз ойлар быт-шыт болды. Актердің күмбірлеген қоңыр дауысы, әсіресе актерлік бояулары жан-дүниеңді еріксіз елітеді. Раймалы Медғаттың үлкен актер екенін дәлелдеді. Нағыз даланың дара ұланы, сыры кетсе де сыны кетпеген дара әншінің, кешегі Біржан мен Ақанның өзіндей, сөзіндей. Егде тартса да ұлы күш махаббат үшін өлімге барған өміршең шайыр... Ақсүйек текті тұлға... Тентек тұлға емес ерен... Баяғыда орыстың Москвин деген актерінен «Трагедияны ойнауға не керек?» - дегенде, ол: «Дауыс, дауыс және дауыс», - депті. Оған қазір көзіміз жетті. Сахнада актерге керегі ең алдымен таланттан тыс бойы, дауысы және көзі қажет. Қазақ театр өнерінде дарынды осы қасиеттерді бір бойына жинаған артистер аз болған жоқ. Шахан Мусин, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков пен Әнуар Боранбаев ортамызда жүрген Тұңғышбай Жаманқұловтар... Жақсы артист тек сахнаның ғана сәні емес, қазақ деген елдің де көзайымы... Медғат та сол... Тіл-көз тасқа... Медғат бүгінде осы биікке көтерілген мәдениетті де аяулы азамат. Өткен жылы көптен қол үзген өз ортам киноға қайта оралдым... Талай министр келді, талай министр кетті. Соның бірде-біреуі менің киноға оралуыма қол ұшын бермеді. Мүмкін, оларға менің театр деген кішкентай аралдай ауылда қалғаным тиімді болды ма, әлде өзімнің де сол жылы ұядан шыға алмағаным ба, кинодан қол үзгенім хақ... Қайран, бекерге кеткен күндерім деп кейде бармағымды тістейтінім тағы бар. «Қара қыз» деген үлкен кино жобаны түсіргем. Шықпай жатқан шығармаға да қаншама іштарлар қарсы болды, қаншама тапсырыс мақала болды... Алайда, апам айтпақшы: «Аққа құдай жақ», - деп, киномызды түсірдік. Ол қандай қиындықпен өмірге келді, ол басқа әңгіме. Айтпағым, осы жобада Медғат басты кейіпкердің әкесін ойнады. Медғат жас. Бар болғаны, қырықтың қырқасына енді ғана шыққан. Ал, біздің сценарийдегі кейіпкер елуді еңсерген 55-56 жастағы еркек. Екінші соғыста ерлер ең алдымен аштықты, қала берді репрессияны көрген, жоқшылық пен ауыр жұмыстан арқа бой арқа болып шаршаған, шалдыққан ұрпақ. Алайда өмірдің тоқпағын көргенмен тобықтай тәубесін жоғалтпаған жан. Оның үстіне азаматтық, арлылық ер азамат үшін айдай анық. Біз үшін бұл оңай шаруа емес-ті. Алайда, нар тәуекел! Медғатқа айтқаным, жастық пен кәріліктің бірінші айырмасы кейіпкердің жүрісін салу керек дедім. Керек болса, етікке тас салармыз дедік-те. Сырт келбеті гриммен келер, ал актердің ішкі қуатын, жанын, жүрегін бермесе болмайды. Медғат алғашында қиналды. Күйзелісін сыртқа шығара алмай, шат-шадыман қалыптан ада болды. Осының бәрін байқасам да үндегем жоқ. Түк болмағандай, көңіл аудармауға тырыстым. Яғни, актерге сенім білдіргенім болды. Медғаттың киімі де, сөз сөйлеу мәнері де күн өткен сайын өзгере берді. Оның экрандағы жүріс-тұрысы, яғни, образы нанымды, шынайы болды. Әсіресе, ең соңғы сахна... әкесінің соғыста іздеп жүріп, жаралы болып, госпитальға жатқан сахнасы. Медғат әке міне төсектен әзер тұрған... соңғы дем, соңғы күш... Не құдірет екені белгісіз... әйтеуір әлсіз қолдарымен терезеге үңілген... телмірген... бәсе, бәсе... Осындай... осылай болуы тиіс... әне, ұлы... жалғызы... тұяғы... Көрді әке ұлын... аман-сау екеніне көзі жетті... Шүкір, енді өлсе де арман жоқ. Әкенің соңғы демі осылай үзіледі... Медғат Өмірәлиев осы сахнада өзінің үлкен дарынды актер екенін көрсетті. Әрине оны біздер ғана, тек түсіру тобы ғана көрдік... Қазір монтаж... Осы жылдың күзінде «Қара қыз» қазақ еліне жол тартады... Медғатқа көрермен сол кезде тағы да риза боларына мен сенімдімін... Медғат бауырым! Жолың болсын! Қырғыздар айтпақшы, сен «Чон актерсин...». Сонау Алатаудың бір тармағы – Бақай шыңындай биіксің... Бақай шыңы – басынан қашанда қар кетпейтін ерек шың... Сен де сондай ерек артист боларсың деп сенем...

Құрметпен Қазақстанның Халық артисі, профессор Талғат Теменов