Италияда Қазақстанды дәріптеп жүрген студент Уәли

Италияда Қазақстанды дәріптеп жүрген студент Уәли

Италияда Қазақстанды дәріптеп жүрген студент Уәли
ашық дереккөзі
Италияға жыл сайын миллиондаған турист ағылады. Бірі Римдегі Колизейді көргісі келсе, бірі Миланның сұлулығына тамсануға барады. Ал Италияның жыл сайын мыңдаған студентке грант бөлетінін көп адам біле бермейді. Оның ішінде биыл Италия үкіметі  Қазақстан азаматтарына арнайы мың грант бөлген. Арасында бағы жанып оқуға түсіп кеткен жерлесіміздің бірі Уәли Сағынбай Италияның білім жүйесі мен мәдениеті жайлы айтып берген еді. - Қазіргі жастардың көбі Түркия, Америка, Испания және Франция елдерінде оқығысы келеді. Сіз Италияны қандай ерекшелігі үшін таңдадыңыз? - Иә, дұрыс айтасыз! Білуімше, қазақстандық жастардың 30%-ы білім іздеп, шет мемлекеттерге кетеді. Мен оқуға түскен Италия елі студенттерге тегін оқу мен шәкіртақы тағайындап, жақсы жағдай жасайды. Алғашқы оқыған мамандығым – заңгер. Әрі қарай білімімді толықтырғым келді. Заңгер болғандықтан, маған ең алғашқы конституция жазылған Рим империясының тарихы қызық болды. Кейін Ежелгі Рим жайлы оқи бастадым. Зерттей келе, осы бағыттың Италияда жақсы дамығанын, орныққан жүйенің барын түсіндім. Одан бөлек, бұл елдің шетелдік студенттерге мемлекеттік грант бөлетінін білдім. Келесі қадамым   «оқуға қалай тапсыруға болады, қандай құжаттар жинау керек, іріктеуден өту үшін не істеу керек?» деген сұрақтарға жауап іздеу болды. Жолын іздестіріп, кірісіп кеттім. Бірақ процесс біздегідей оңай емес. Қол қойдыратын, мөр бастыратын құжаттары өте көп. Қалай да болса Италияға оқуға түсу ішкі қалауым болды. Арманым орындалды! - Қазір қай қалада, қандай мамандықта оқып жатырсыз? Оқуға іріктеу қалай жүргізілді? - Италияның оңтүстігіндегі Сицилия провинциясының Мессина деген қаласында оқимын. Бұл – Сицилиядағы ең ірі үш қаланың бірі. Университетіміздің атауы да Мессина. Мамандығым – халықаралық қатынастар. Осы оқуға қабылдау кезінде математика, логика және ағылшын пәндерінен емтихан тапсырып, іріктеуден өттім. Айтып кеткендей, алғашқы мамандығым осы саланың төңірегінде болғандықтан көңілім қалап түстім. Мұны әдейі айтып отырмын, себебі шетелге оқуға тапсыратындардың көбі грант болса болды, қалғаны маңызды емес деп ойлайды. Мұнда сондай қыз-жігіттерді көп кездестірдім. - Қазақстан мен Италияның білім жүйесіндегі қандай айырмашылықтарды байқадыңыз? Еуростандартқа көңіліңіз тола ма? - Еуростандарттың бір ұнаған жері – еркіндік. Студентке ешбір қысым көрсетілмейді. Сабаққа қалаған уақытыңызда кіріп, шығасыз. Мәселе - не қаласаң соны істеу емес, мәселе -  адамдардың қалауын орындауына рұқсат беруінде. Қаламасаңыз, университетке мүлде келмеңіз, қаламасаңыз, оқудан шығып кете беріңіз. Еуропада университет тек білім алғысы келетіндерге арналған. Біреу біреуді қыстамайды. Сондықтан да мұнда білімді шынайы түрде алғысы келетіндер келеді екен. Ал қалауы бар адамнан нәтиже шығатыны шындық қой. Студенттерге барлық жағдай жасалған. Мысалы, біз тұрып жатқан қалада студенттер қоғамдық көлікпен тегін жүреді, университеттің асханасы екі уақыт тамақ береді және студенттік карта арқылы көп жерлерде жеңілдік алуға болады. Ешқандай қиындық жоқ. Сондай-ақ Италияның білім жүйесінде бір пәннен тоғыз рет емтихан тапсыруға болады. Бұл жалқауларға арналған жақсы жүйе сияқты көрінеді. Екінші жағынан, студенттің басына сол білімді қондыруға арналған негіздеме сияқты. Яғни, оқыған пәніңізді міндетті түрде меңгеруіңіз керек. - Шетелде оқыған студенттердің көбі Қазақстанға оралмайды. Себебі неде деп ойлайсыз? - Соңғы жылдары осы тақырып қатты талқыға түсіп жатыр ғой. Отанға оралмауының бірнеше факторы бар деп ойлаймын. Біріншісі, шетелге оқуға кететін адамның әу баста білім алуға деген ниетінің болмауы. Көбі тек басқа жаққа кетсем, өзге мемлекеттерді араласам, бәрін қойып жұмыс істесем деп топшалайды. Екіншісі, ащы да болса бір шындық – шетелге шығатындардың көп бөлігі отаншыл емес азаматтар. «Қайда жүрсекте маңызы жоқ, бәріміз бір әлемнің тұрғынымыз» деген түсінікпен өмір сүретіндер. Әрі ондай адамдардың біразы орыстілділер... - Жергілікті тұрғындардың шетелдік студенттерге деген көзқарасы қандай? - Көзқарастары түзу. Жол сұрасақ түсіндіреді, көмек керек боп жатса жәрдемдеседі. «Біз де бұрын студент болғанбыз, сондықтан сендерді түсінеміз. Шетте жүру оңай емес» деп қолдау білдіріп жатады. Мысалы, біз тұрып жатқан пәтердің иесі жағдайдың бәрін жасайды. Үй суық болып жатса, жылытатын құрылғы әкеліп, бірдеңе бұзылып қалса, өзі келіп жөндеп беріп кетеді. Дос болып араласып жүрген Дарио деген италиян ағамыз бар. Үйіне қонаққа шақырып тұрады. Мұсылман екенімізді біліп, арнайы түрде халал еттен тамақ дайындап береді. Италиялықтар өте консервативті. Әр адамның ұлтына, тіліне, дініне құрметпен қарайды. Өзгелерге тек оң қабақ танытады. Қалада танысып қалған тұрғын Қазақстаннан келгенімізді білгенде бірден сұрақтарын жаудыра бастайды. Әсіресе, егде жастағылары ғұндар мен Алтын Орданың тарихы жайлы сұрайды. Жер көлемі жағынан үлкен мемлекетте небәрі 19 млн адам тұратынына таңғалады. Біз оларға жиі тарихымыз бен мәдениетіміз туралы әңгімелеп береміз. Кейбірі міндетті түрде Қазақстанға барамыз деп қалады. Елімізге туристердің келгені жақсы. Басқа мемлекеттер сияқты айтатын, көрсететін дүниелеріміз көп. - Қазақтар мен италиялықтардың ұқсастықтары бар ма екен? - Мен бұған дейін Польшада тіл қурсын оқыдым. Поляктар адамның уақтылы жүретінін қатты жақсы көреді. Ондай азаматқа бір істі сеніп тапсыра алады. Оқуда жүргенде ылғи сабаққа 5-10 минут ерте барып алатынмын. Соның бәрін қадағалап жүрген профессорлар бакалаврдағы оқудың ақшасының жартысын төлемеуге жеңілдік берді. Әрі қарай оқимын деп отырғанда карантин басталып кетті. Артынан экономикалық қысымның салдарынан  университет жабылып қалды. Кешігу мәселесіне келгенде бір қызық жағдай бар. Біз де, италиялықтар да, бір жерге барарда асықпаймыз. Қазақтар көбіне тек тойға кешігеді ғой, ал италиялықтар бүкіл жерге асықпай барады. Ол бір қалыпты жағдай болып кеткен. Маңызды деген кездесулер сағат 11-ге белгіленсе, 12-де келеді. Екінші бір ұқсастық, италиялықтар да біз сияқты көпшіл. Отбасы, туыстық қарым-қатынас бірінші орында тұрады. Еуропаның көп елі жалғыз өмір сүргенді ұнатады ғой, ал бұлар ондай емес. Аптаның соңын отбасылық күн ретінде белгілеп, жақын адамдардың бәрі бір үйде жиналып, дастархан жайып думандатып отырады. - Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан - Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ.