Жаңалықтар

ТМД бойынша Қазақстан алғаш рет күміс деңгейдегі турнир өткізді

ашық дереккөзі

ТМД бойынша Қазақстан алғаш рет күміс деңгейдегі турнир өткізді

23 қаңтар күні Астана қаласында алғаш рет күміс деңгейдегі Astana Meeting World indoor tour турнирі өтті. Оған 100-ге жуық спортшы қатысты деп хабарлады turkystan.kz. Турнирді ресми түрде ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов және ҚР Жеңіл атлетика федерациясы президенті Даниал Ахметов ашты. «Он бес ел спортшылары бүгін тұңғыш рет өтетін «Astana Silver Grand Prix Meeting» турниріне қатысу үшін Астанаға арнайы келді. ҚР биыл АҚШ, Германия, Франция, Сербия, Словакия, Чехия мемлекеттерімен бірге жеңіл атлетика сериясының күміс деңгейін ұйымдастырушылар құрамында», - деді Даниал Ахметов. Аталмыш турнир отандық жеңіл атлетиканы дамытуда үлкен серпін беріп, спортшылар арасындағы бәсекелестікті арттырады. Әйелдер арасында 60 м жүгіруден отандасымыз Ольга Сафронова (7.30 сек) португалиялық Ариалис Гандуллаға (7.18 сек) есе жіберіп, мәре сызығын екінші болып кесті. Үшінші орынға аустралиялық Магдалена Линдер (7.43 сек) жайғасты. Әйелдер арасында ұзындыққа секіруде өзбекстандық Дарья Резниченко 6.32 м нәтижесімен топ жарды. Отандастарымыз Анастасия Рыпакова (5.89 м) 2-орын, Алина Чистякова (5.84 метр) жүлделі 3-орынға жайғасты. Ерлер арасында 800 м-ге жүгіруден 1-орынға хорватиялық Марино Блудек (1:48.23), кениялық Николас Киплангат 1:48.31 нәтижесімен 2-орынға, ал 3-орынға словениялық Жан Вукович (1:48.72) жайғасты. 1500 м қашықтыққа жүгіруден Джаринтер Мвасья (Кения) 4:14.26 нәтижесімен 1-орын, Хирут Мешеша (Эфиопия) 4:14.40 нәтижесімен 2-орын, Камила Гомес (Португалия) 4:26.63 нәтижесімен 3-орын иеленді. Турнирдің ең тартысты додаларының бірі әйелдер арасында биіктікке секіру болды. Нәтижесінде жүлделі 3 орынға отандастарымыз жайғасты. Олар: Надежда Дубовицая (1.93 м) – 1-орын; Кристина Овчинникова (1.89 м) – 2-орын; Елизавета Матвеева (1.89 м) – 3-орын.