Риддердегі ЖЭО-да өрт салдарын жою жұмыстары жалғасуда

Риддердегі ЖЭО-да өрт салдарын жою жұмыстары жалғасуда

Риддердегі ЖЭО-да өрт салдарын жою жұмыстары жалғасуда
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында өрт салдарын жою жұмыстары жалғасуда деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Риддерде үйлерге жылу тұрақты беріліп жатыр. Өрт шыққан отын цехын қалыпқа келтіру жүріп жатыр. «Қазіргі уақытта жылу электр орталығында үйлерді жылумен қамтамасыз етуге қажетті отын қоры бар. Мазут та әзірге жеткілікті. Екі қазандыққа көмір көлемін арттырып отырмыз. Бұл қазандықтар аралас, яғни мазут және көмірмен жағылуда. Ал қалған қазандықтар тек мазутпен ғана жұмыс істейді», - дейді облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев. Оның айтуынша, жылу электр орталығындағы көмір қоры  20 мың тоннадан асады. Еске салсақ, 19 қаңтарда Риддердегі жылу электр орталығынан өрт шыққан болатын. Бірнеше сағаттың ішінде қызыл жалын ауыздықталды. Кейіннен жылу электр орталығының басшылығына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды. Сондай-ақ облыс әкімі Даниал Ахметов Риддер жылу электр орталығындағы ақаулар мен апаттардан үйлері қайта-қайта суып кетіп отырған тұрғындардан кешірім сұраған еді. Айтуынша, мұндай жағдай орталық басшылығының жауапсыздығынан болып отыр.