Қазақ күресі Азия ойындарының бағдарламасына енді
Қазақ күресі Азия ойындарының бағдарламасына енді
Қазақ күресі биыл Ашхабадта өтетін Азия ойындарының бағдарламасына енгізілді. Бұл туралы блогер Ғалым Байтүк Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Baq.kz.
«Сүйінші, достар! Біздің ұлттық күресіміз – қазақ күресі Ашхабадта биыл өтетін Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енді! Танымал 22 спорт түрімен қатар 70 келі, 90 келі, +90 келі салмақ дәрежелерінде қазақ күресінен белдесулер болады. Ол үшін 2004 жылдан бастап бүгінге дейін Серік Түкиев бастаған Бүкіләлемдік Қазақ күресі федерациясы қыруар жұмыс атқарды», – деп жазды Ғалым Байтүк.
Оның айтуынша, 12 жылдың ішінде 50-ге тарта елден спортшылар қатысқан 6 әлем чемпионаты, 11 Азия чемпионаты, 3 әлем кубогы, 3 Еуропа мен Африка чемпионаты өткізілді.
«2015 жылы Қазақ күресі UWW (United World Wrestling – Біріккен әлемдік күрес одағы) құрамына кіре отырып, ерекше мәртебе алды. 19 қаңтар күні UWW президенті Ненад Лалович пен Азия Олимпиада кеңесінің президенті Шейх Ахмед Әл-Фахад Әл-Ахмет Әл Сабах арасында 70 келі, 90 келі, +90 келі салмақ дәрежелерінде Қазақ күресін 2017 жылы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу туралы келісімге қол қойылды», – деп толықтырды блогер.