Қызғалдақ өсіріп, «миллионер» атанған Әнуар
Қызғалдақ өсіріп, «миллионер» атанған Әнуар
Елімізде гүл өсіретін шаруашылықтар аз екені және гүл нарығын шетелдік өнім жаулап алғаны жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Десе де, бүгінде гүл, соның ішінде қызғалдақ бизнесінің көркін қыздырып жүрген жандар бар. Соның бірі – жас кәсіпкер Әнуар Қазиев. Алматы облысы Райымбек ауылының тұрғыны осыдан бес жыл бұрын жылыжай салып, қызғалдақтың түр-түрін еккен. Бүгінде табысы жақсы болғанмен, тәуекелі көп жолды таңдағанына еш өкінбейді.
18 жасымда алғашқы миллионымды таптым
Жеке кәсібін он сегіз жасында ашқан Әнуар алғашында түрлі жоспары болғанын айтады. Алайда түрлі идеяның ішінен көңіліне қонғаны қызғалдақ бизнесі болыпты. «Сулейман Демирел университеті Бизнес мектебінің студенті едім. Бірінші курсты бітірген кезде жеке кәсіппен айналысқым келді. Сөйтіп, жан-жақтан бизнеске байланысты дүниелерді зерттеп, іздене бастадым. Бірақ ешбірі көңілімнен шықпай қойды. Әкемнің досы жылыжайда қызғалдақ егетін. Біздің жап-жасыл бағымызды көрген сайын «Мына жерге жылыжай салыңдаршы, қызғалдақ өсіруді үйретемін» дейтін. 2018 жылы сөзіне құлақ асып, жылыжай салдық. Өмірде біз күтпеген жағдайлар болады емес пе? Егу үшін Голландиядан қызғалдақ тұқымын алдыртқан кезде «Гүл өсіруді үйретемін» деген ағам өмірден озды. Бұған дейін бақшада қызанақ, бұрыш, қияр ғана егіп жүрген мен қолымдағы он мың қызғалдақ баданасын не істерімді білмедім. Бұл істі үйрететін басқа ешкім жоқ еді. Содан кейін «Тұқымын алдыртып қойдым, енді қалайда өсіруім керек» деген оймен мамандардан кеңес алып, интернеттен қарап, кітап оқып, біраз іздендім», – деп еске алады кейіпкеріміз. Қызғалдақ тұқымының мыңдаған түрі бар. Кәсіпкер бұл жағынан әсіресе Голландияда таңдау көп екенін айтады. Ал өзі қызыл гүлден алынған барлық селекция түрін егіп, одан түрлі түс шығарады екен. Мәселен, қазір 4,2 сотық жерге жиырма екі түсті қызғалдақ еккен. «Алуан түсті болғаны жақсы. Адамдар ішінен ұнаған түсін таңдайды» дейді ол. Айтуынша, елімізде селекциямен, тұқым шаруашылығымен ешкім айналыспайды. Бұл бір жағынан диқандарға тиімсіз, өйткені қымбатқа түседі. Бизнес тұрғысынан қарағанда, жақсы табыс табу үшін өзіндік құнын түсірумен айналысу қажет. Сондықтан әзірге шетелден алдырған ыңғайлы болып тұр. Дегенмен Қазақстан топырағында өскен гүлдерге сұраныс жоғары. Гүл саудасы әсіресе 8 наурыз қарсаңында қыза түседі екен. Сондықтан гүл өсірушілер өнімін осы уақытқа дайындайды. «Ақпан айының ортасынан бастап гүл жинаймыз. Жұмысты таңғы сағат 6-дан бастап, түнгі сағат 2-3-ке дейін жалғастырамыз. Гүл отырғызатын және жинайтын кезде жұмысшы жалдаймын. Қазан айында егіліп, ақпанның ортасында гүл өсіп дайын болады. Биыл 64 мың түп гүл ектім. Жылыжайға кіргізгеніме бір апта ғана болды. Гүл наурыз айында толығымен дайын болады. Бірақ қазірдің өзінде гүлдерімнің тоқсан пайызы өтіп кетті. Нақтырақ айтсам, 55 мың гүлге алдын ала тапсырыс беріп, қаржысын төлеп қойды. Жеке адамдар, мекемелер, гүл сататын дүкен иелері осылай ерте тапсырыс беріп қояды. Бұл оларға тиімді. Өйткені бізден көтерме бағамен 300-350 теңгеден алса, оны 8 наурыз мерекесінде 1 000 теңгеден сатуы мүмкін. Бірі көшеде, енді бірі дүкенде сатады. Ал біз гүл санын көбейтумен ғана айналысамыз», – дейді Әнуар.Адамдарға қуаныш сыйлаймын
Кәсіпкер алғашында жылыжайды үйдің жанынан салса, енді оны кеңейтіп, тағы біреуін қосқан. Жылыжайға гүлден бөлек, картоп, қияр, қызанақ егеді. Қазір Алматыдағы қазақ ұлттық аграрлық университетінің магистратурасында ауыл шаруашылығын басқару ісі мамандығы бойынша білім алып жүрген Әнуар әлі де түрлі тәжірибе жасап, жылыжайда көкөніс, гүл егу технологиясын зерттеп жүр.