Жаңалықтар

Борышкер «банкрот» болса...

ашық дереккөзі

Борышкер «банкрот» болса...

Былтырғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қабылданды. Яғни, енді жеке тұлғалар да өзін «банкротпын» деп жариялай алады. Ел азаматтарынан арыз 2023 жылғы наурыз айынан бастап қабылданады. Яғни, несиесін төлей алмай қарыздың шырмауында қалғандар енді өзін «банкротпын» деп жариялап, мемлекеттен жәрдем ала алады. Дегенмен бұл көмек бәріне бірдей беріл­мейді, салдары да бар. Сонымен, жеке тұлғаны банк­рот деп тану тәртібі қандай? Оның қандай салдары болуы мүм­кін? «Банкроттықтың» қандай түр­лері бар? Процедуралардың оры­н­далу тәртібі қандай? Мемлекеттік кірістер коми­те­ті заң жобасын был­тыр жыл басында әзірлеп, қоғам тал­қы­лауы­на шығарды. Жалпы, мұндай заң қабылдануы керек деп бұдан бұ­рын бірнеше рет айтылған. Нақты ұсы­ныстар да болды, бірақ заң қа­был­дау осы уақытқа дейін кейінге қал­дырылып келген еді. Оны сол кез­де де талқылап, болуы мүмкін кем-кетігін саралап, тоқталып өт­кен болатынбыз.

Қарызы көптер көбейіп барады

Ұлттық банктің 2022 жылғы 1 қа­зандағы дерегіне сүйенсек, кеңей­тілген айқындаудағы экономикаға кре­диттері жыл басынан бері 13,3 пайыз­ға өсіп, 26,9 трлн теңгеге жеткен, оның 49,9 пайызы бизнес кредиттері бол­са, 50,1 пайызы – халыққа берілген кре­­диттер. Бизнеске берілетін кредиттер жыл басынан бері 5,1 пайызға, яғни 13,4 трлн теңгеге, халыққа берілетін кредит­тер 22,8 пайызға 13,5 трлн теңгеге дейін өсіпті. Сонымен қатар проблемалық не­сиелердің, яғни уақытында өтел­меген қарыз мөлшері де өсіп келеді. Ұлт­тық банктің мәліметінше, 2022 жыл­ғы 1 маусымда барлық банктік қарыз бойынша мерзімі өткен берешек көлемі 635,5 миллиард теңгеден асқан. Яғни, азаматтардың төлем қабіле­тінің нашарлауы аталған шараға жүгінуге мәжбүр етті деген қорытындыға келуге болады. Өзін «банкротпын» деп жариялауға ар­налған өтініштер 2023 жылғы наурыз айынан бастап еGov.kz сайты және E-Sally azamat мобильді қосымшасы ар­қылы қабылдана бастайды. Жалпы, қа­был­данған заң бойынша банк­рот­тық­тың үш түрі бар: соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және үшіншісі – сот банкроттығы.

Соттан тыс банкроттық. Шарттары мен салдары

Егер борышкердің кредиторлар алдында 1 600 АЕК-тен, яғни 5 520 000 теңгеден кем қарызы болса, ол сайт арқылы соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш бере алады. Өтініш берушінің арызы қабыл­дануы үшін қарыздың сомасы ғана емес, басқа да критерийлер де қа­рас­тырылады. Ең алдымен, борышкердің мүлкі, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлкі болмауы керек. Одан соң борыш­кер 12 ай ішінде кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындамаған болуы ке­рек. Өтініш бергенге дейін жеті жыл ішін­де борышкерге қатысты соттан тыс не­месе сот банкроттығы рәсімдері қолданылмауы да – шарт. Егер борышкер осы шарттарға сәй­кес келсе, уәкілетті орган ол тура­лы мәліметтерді eGov.kz сайтында 15 жұ­­мыс күні ішінде жариялайды. Егер борыш­кер талаптарға сәйкес келмесе, оған бас тарту туралы хабарлама жі­бері­ле­ді. Өтініш беруші қайта өтініш бере ала­ды, бірақ үш айдан кейін ғана. Өтініш берген азаматтың сұ­ра­нысы қабылданса, оның креди­торлар алдындағы борыштық міндет­те­мелерінің мерзімі өткен болып саналады. Қарыз алушыдан кредиторлардың мін­деттемелерді орындауын талап етуге тыйым салынады. Борышкер берешегінің бар­лық түрі бойынша тұрақсыздық айы­бын (өсімпұл, айыппұл) және сыйақыны есептеу тоқтатылады. Борышкерге жаңа ақшалай немесе мүліктік қарыздарды алуға тыйым салынады (ломбардтар мен микрокредиттерден басқа). Одан бөлек, уәкілетті органның оның мүлкі туралы ақпаратты мемлекеттік органдар мен өзге де органдар үш жылға дейінгі кезең ішінде алуға келісімі берілген болып есептеледі. Яғни, қаржылық жағдайына үш жыл бойы мониторинг жүргізіледі. Қарызды өндіріп алу туралы сот ше­шім­дерін орындау тоқтатыла тұрады. Процедураның мерзімі – алты ай. Бірақ мерзімінен бұрын тоқтауы да мүмкін. Егер борышкердің мүліктік не­месе қаржылық жағдайы жақсарса, несие берушілер алдындағы міндет­те­мелерінен толық немесе 30 пайыздан аста­мынан құтылса, сонымен қатар борыш­кер мүлкін жасырса да процедура тоқтатылады. Борышкер қайтыс болса не­месе хабар-ошарсыз кетсе, сот оны ха­бар-ошарсыз кетті немесе қайтыс бол­ды деп таниды. Одан бөлек, борышкердің бас­қа да кредиторлар алдында қарызы анық­талып, қарыздың жалпы сомасы 1 600 АЕК-тен асса да соттан тыс бан­крот­тық тоқтатылады. Алайда егер рәсімді тоқтатуға негіз болмаса, онда уәкілетті орган алты ай өт­кеннен кейін соттан тыс банкроттық рә­сімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарады. Мұн­дай жағдайда борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелері тоқтатылады, қарыздар есептен шығарылады. Банкрот болған азамат 5 жыл ішін­де қарыз алу (ломбардтар мен мик­рок­ре­диттер есепке алынбайды), ке­піл­діктер бойынша мәмілелер жасай ал­майды.

Сот банкроттығы. Кесім мен шешім

Егер борышкердің 1 600 АЕК-тен ас­там берешегі болса, ол төлем қа­­білеттілігін қалпына келтіру немесе сот банкроттығын қолдану туралы өті­ніш беру үшін тұрғылықты жері бойын­ша сотқа жүгіне алады. Яғни, бұл аса ірі кө­лемдегі, төленбеген несиелер мен мін­деттемелерге қатысты. Өтініш беру үшін қарызы бар аза­мат 12 ай ішінде қарызын өте­меуі керек, өтініш бергенге дейін 7 жыл ішінде борышкерге қатысты соттан тыс немесе сот банкроттығы рәсімдері қол­да­нылмаған болуы керек. Егер жоғарыда аталған барлық шарт сақталса, сот арыз келіп түс­кен күннен бастап 10 күннен кешік­тір­мей іс қозғау туралы ұйғарым шы­ғара­ды. Осы күннен бастап борышкер үшін соттан тыс банкроттық сияқты сал­­дарлар туындайды, бірақ оларға мы­на­лар қосылады. Расул РЫСМАМБЕТОВ, қаржыгер:

Заңның кем-кетігі бастама іске қосылғанда байқалады

– Азамат­тары­ның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы заңның қабылдануы алға басқан үлкен қадам деп айтуға болады. Бұл –нарық қатысушысының барлығына өте тиімді тетік. Біріншіден, қарыз алушыға қарызынан құтылуға, нақтырақ айтқанда, қарызының қайта құрылымдауына мүмкіндік береді. Екінші жағынан кредит тарихын жақсартады. Ал банктерге бұл тетік қарыз алушымен барлық мәселені шешуге, яғни төленбеген қарыздардан құтылуға жол ашады. Банктер де төленбеген қарыздардан зардап шегеді. Өйткені банктер ресурсын проблемалық қарыздарға бағыттаған сайын соғұрлым кредит беруі де шектеледі. Бұл заңның қабылдануы туралы. Ал бұл тетіктің салдарына тоқталайық. Белгілі бір заң қабылданса, әлбетте сол заңның орындалуы барысында байқалуы мүмкін қандай да бір салдары болады. Өйткені банкроттыққа өтініш берген адам ізінше белгілі бір уақытқа дейін кредит алу құқығынан айырылады. Банк те бұдан зардап шегеді, сондықтан олар «қайтып келген» қарыз алушыларға деген көзқарасын сәл өзгертуі де мүмкін. Екіншіден, банктер болжам жасау кезінде қарыз алушылардың банкроттыққа өтініш беруі мүмкін екенін де қарастыруы керек болады. Осы және басқа да мәселелер, жалпы заңның кем-кетігі жүзеге асқан кезінде біртіндеп белгілі бола бастайды деп ойлаймын. Менің ойымша, жеке тұлғалар банкроттыққа арыз бергеннен кейін оларға да кей нәрселер ұнамай, кей нәрселерге наразы бола бастайды. Сондықтан да жыл ішінде әлі де заңға түзетулер енгізілуі мүмкін. Осылайша, әрі қарай жеке тұлғаларға да, банктерге де тиімді болатындай ахуал қалыптасқанша жұмыстар жалғасады деп ойлаймын. P.S. Егер қарыз алушы өзінің қаржылық жағдайы, мүлкі туралы қандай да бір мәліметтерді жасырар болса немесе жалған ақпарат берсе әкімшілік кей жағдайда қылмыстық жауапкершілікке де тартылатын болады. Өтініш беру тәртібі немесе басқа да толық ақпарат Қаржы министрлігі мен ведомствоның Кірістер комитеті сайтында жарияланған, одан бөлек 1414 (қосымша нөмір 3) нөміріне хабарласуға, арнайы Тelegram-чат ботқа қосылуға болады. Жалпы, заң жобасы қарызы көптердің жағдайын оңалтуға сеп болады деген сенім бар. Шетел тәжірибесінде де бұрыннан қолданылып келе жатқан тетік. Заңның кем-кетігі де жұмыс барысында жөнделе жатар.