Қаламгердің еңбегі мемлекет тарапынан ресми бағасын алуға тиіс

Қаламгердің еңбегі мемлекет тарапынан ресми бағасын алуға тиіс

Қаламгердің еңбегі мемлекет тарапынан ресми бағасын алуға тиіс
ашық дереккөзі
Ақын да өзі өмір сүріп отырған қоғамның белсенді бір мүшесі. Сондықтан оны мемлекет тағдыры, ұлт болашағы бейжай қалдырмақ емес. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Ғалым Жайлыбаймен әңгімеміз ұлттың ертеңі, әдебиетіміздің болашағы жайында өрбіді. – Ғалым аға, ақынмен әңгімеміздің ба­сын поэзия туралы ойларыңыздан бас­тасақ деп отырмыз. Ақынның, өлеңнің тағдыры неге байланысты? – Жалпы, әр ақынның тағдыры негі­зі­нен поэзияға байланысты ғой. Мен де өз өмі­рімді қазақ жырына арнаған адаммын. Өлең өлкесі деген өнердің мәңгі жасыл көк­темі секілді. Оның сыршыл пернесі қоз­ға­майтын, сыбызғы үні жетпейтін көкірек жоқ. Өлеңнің тілі – баршаға ортақ тіл. Жақ­сы жырдың жүрегіңе сәуле құятын құ­діреті бар тылсым дүние. Уақыт пен кеңістіктегі тіршілікте қа­зақ өлеңі­нің көзайым күндерін көру, оның арасында жүру деген адам үшін үл­­­кен бақыт. Солай да болса тағдырдың тезіне түс­пейтін ақын болмайды. Дегенмен оның жан­қиярлық еңбегі далаға кеткен емес. Орыстың атақты әдебиет сыншысы В.Бе­линс­кийдің «Барлық сыншылардың ішін­дегі ең ұлысы, ең тамашасы, ең қате­лес­пей­тіні – уақыт» деген сөзі бар. Сол тұрғыдан ал­ған­да уақыт сынынан өтпейтін дүние жоқ, ақын да, өлең де сондай. Демек, еш­кім­ді ешкім қолдан жасай алмайды, сын­шылар қан­ша сынаса да шығарманың құны қандай екенін уақыт белгілеп береді. Қазір уақыт өзгерді, дәуірдің өлеңге қоя­тын талабы өзгерді. Жаңа дәуірдің тал­ғамына сай өлең тудыру болашағын ойла­ған әр ақынның жүрегіне үлкен салмақ тү­сіреді. Себебі уақыттың сыны, дәуірдің та­лабы қазақ өлеңін де өз елегінен өткізе бастады. Сондықтан баяғыдай ай­қайшыл өлеңдер енді өрге шы­ға алмайды. Шынайы поэзия жа­сауға ұмтылу – қансонарда аңға шыққан аңшының күйін кештіреді. Одан қан­жығаң майлануы да мүм­кін, далақтап бос қайт­уың да мүмкін... Зообақтағы қолдан азықтанып, адам­ның қамқорлығына үй­реніп қалған аңдарды бо­сатып қоя берсе қандай күй кешер еді? Олар түзге ба­рып өздерінің аң екенін, аш­тан өліп қалмау үшін әре­кет қылу керегін түйсінгенше бір­аз уақыт өтіп кетер еді. Қазақ қа­ламгерлерінің де басынан ондай кез­дер өтті. Бірақ есін жинаған ендігі әде­биет нағыз ұлттық әдебиет болады деп ой­лаймын. – Кезінде «жырларымның жұлды­зын жандырам деп, Алматыға Арқадан кө­шіп келгем» деп жырлап едіңіз. Алма­тыға келдіңіз, жырларыңыздың жұл­дызы жанды, танымал ақындардың қатарына қосылдыңыз. Жазушылар одағы басшыларының бірі болдыңыз, «Жұлдыз» журналын басқардыңыз. Бірақ сіз үшін жемісті жылдарын сый­лаған Алматыдан Арқаға қайта кө­шуіңізге не себеп болды? Елдің бас қа­ласы Астана болғанымен, қалам­гер­лерді қадірлейтін рухани орта Ал­маты емес пе еді? – Біз келген кезде Алматы өзінің гүлзар бақ­тарымен, қып-қызыл нарттай алма­лары­мен, сыңғырлап аққан жылғаларымен адамды еріксіз еліктіретін. Біз бала кезде өзіміз көрмеген Алматыны солай елестеттік, өмірде де солай еді негізі. Алматы – арман қала, ғажайып ерекше шаһар, поэзияның отаны болды. Енді одан бері де қанша уақыт өтті, бас­қа заман келді. Қазір маған Алма­ты баяғы дәурені жүріп тұрған кезін сағы­нып, сәл мұңайып тұрғандай көрінеді. Алаш­тың баласына Ана болған Алматыны кім жақсы көрмейді? Мен де жақсы көрем. Тәуелсіздігіміздің тал бесігін тербеткен ұлы шаһар ғой. Онда қазақ өнері мен ғылымы­ның небір ұлы тұлғалары тұрып еңбек етті. Кім жүрмеген Алматы бұл? Анау Әуезов, Сәт­баев, Жұбанов секілді үлкен тұлғалар­дың, оның алдында Ахмет, Мағжан, Сәкен се­кіл­ді қазақтың ірілерінің ізі қалған қала емес пе? Мұнда Қасымдар, беріректе Мұқа­ғали-Төлегендер жүрген, дауылдатып жыр оқы­ған жер бұл. Сондықтан бұл бүкіл қазақ ба­ласының аяулы ақ ордасы. Біз де Алма­тыға сондай ғашық көңілмен бардық. Әлі де ғашықпыз. Мен бір өлеңімде: Ақын болып пәниге Кірдік кеше, Алматы. Өлең атты сәбиге Кіндік шеше – Алматы, – деп жазыппын. Айтса айтқандай, Алматы – ақындардың қаласы, шабыттың шаһары ғой. Мен Алматыға өткен ғасырдың 80-жыл­дарының аяғында бардым. Оған Сарыарқаның даласынан, Жаңаар­қаның жазирасынан үлкен махаббатпен жет­тім. Алматыға деген жанымның сол іңкәр­лігі әлі басылған жоқ. Алматыда ұзақ жыл тұрдым, еңбек еттім. Егер менің қазақ өлеңіне қосқан тит­тей үлесім болса, әдебиеттен тапқан ба­қытым болса, ол аяулы қаламның арқасы деп білем. Сол қалада қазақтың ақжарқын азаматтарының қолдауының, маңдайы­мыз­дан сыйпаған қамқорлығының арқасында қатарға қосылып, жетістіктерге жеттік. Алматыда мен Қазақстан Менеджмент, эко­номика және болжау институтын (қа­зіргі КИМЭП) бітіріп шықтым. Сонда оқып жүр­генде Олжас Сүлейменов басшылық жа­саған Невада-Семей қозғалысының «Ама­нат-Избиратель» деген газетінде, одан кейін Жазушылар одағы басқармасының қазіргі төрағасы Ұлықбек Есдәулет басқарған «Жас қазақ» деген газетте жұмыс істедім. Ол кез бір қиын уақыт еді, біраз жыл Алматыда бала-шағамен пәтер жал­дап тұрдық. Ол енді талай қазақ баласының басы­нан өткен тағдыр ғой. Сол кездерді ой­ла­сам, қазір қорқып кетем, сол шақта ана­дай қиындықта қалай тірлік кештік екен деп. Қасымша маңайымызды «өлеңнің отымен жылытып» өмір сүрдік. Әрине, бәрі өтті, кетті, бірақ менің ақын, азамат ретінде қалыптасуыма үлкен әсер еткен сол кезеңді үлкен ризашылықпен еске алып отырамын. Ал Астанаға келу жайын айтсам, мен де мы­нау Есіл мен Нұраның бойына алыс адам емеспін. Әкемнің әкесі Смақ осы Астана қа­ласынан жүз шақырым жердегі Казгоро­док деген жерде жатыр. 1932 жылдағы ашар­шылықта сол жерде көз жұмған. Одан бас­қа біздің ағайын-туыстар осы жерде. Кө­шуімнің басты себебі тағы бірі, менің екі ұл, бір қызым бар, солардың бәрі Астанаға жұ­мыспен келді. Сондықтан мен де бала­ларымның жанында болғым келді. – Өзге жұрттар секілді қазақ ақын­да­рының да бір арманы халқына таны­мал болып, еңбегінің бағалануы ғой. Сіз­ді де сондай биікке қол жеткізген ақын десек, артық болмас? – Танымал болу төккен тердің арқасын­да келетін нәрсе шығар. Қайсы ақын, қайсы жазу­шы болса да шығармаларының елге жеткенін, танымал болғанын армандайды ғой. Өмірін елінің әдебиетіне арнаған қа­лам­герге елі ілтипат білдіріп жатса, ол да бір ғанибет. Алпыс жылдығым Қарағанды қаласында той­ланды. «Ақын Ғалым Жайлыбай Қара­ғандыға шақырады» деген фестиваль өтіп, оған ТҮРКСОЙ-дың бастығы Дүйсен Қасейі­нов бастаған татар, башқұрт, өзбек, түрік елдерінен әріптестерім қатысты. Өз елімнен көп­теген ағаларым, қатарластарым келді. Сөй­тіп, өзім армандаған поэзияның үлкен бір шарасын өткізу бұйырды. Оған сол кез­де Қарағанды облысын басқаратын, қазір Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов қолдау көрсетті. Қуанышымды бө­лісуге Қызылордадан Шаһизада Әбдікәрі­мов, Ақтөбеден Ертай Ашықбаев, Жетісудан Әміре Әрін бастаған қатарластарым, Алма­ты­дан Нұрлан Оразалин, Иран-Ғайып, елор­дадан Серік Тұрғынбеков секілді аға­ла­рым қатысты. Бір топ інім де болды ішін­де. Бұл да өмірін әдебиетке арнаған адам үшін бір қуаныш. Әдеби ортада ұзақ жүрдім. Қазақ ра­дио­сында редактор, «Жұлдыз» жур­на­лының бас редакторы болдым. Он бір жыл Жазушылар одағында төрағаның бірін­­ші орынбасары болдым. Осының бәрі әде­биетке қызмет етемін деген адам үшін аз уақыт болмас. Шығармашылық ұйымда бас­­шылықта жүру оңай емес, Нұрлан Ора­за­­лин секілді одаққа еңбегі сіңген аға­мыз­бен, марқұм Берік Шаханов ағамызбен, мар­құм Талаптан Ахметжан секілді қа­тар­ласымызбен, Маралтай, Жанарбек Әшім­жан­дай інілермен бірге жазушылар ұйы­мын­да қатар жүріп, түрлі сын-ескертпе ести жүріп жұмыс істедік. Осының бәрі менің ұлттық сөз өнеріне, соны жасап жүрген қаламгер қауымына азды-көпті еңбегім деп есептеймін. – Аға буын ақын ретінде өзіңізден кейін­гі буындардың шығармашылық ерек­шеліктері туралы қандай ойдасыз? – Кез келген өнер иесі білім-біліктің иесі болуы керек деп ойлаймын. Талантты адам­ға таным да, тағылым да керек. Біз Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Са­ғи Жиенбаев, Фариза Оңғарсынова, Сә­кен Иманасов, Есенбай Дүйсенбайұлы се­кіл­ді аға-апалармен араластық. Олардың қа­сына еріп жүріп көп үйрендік, бәрінің өне­гесін көрдік, тағылымын алдық. Таным таразысына салсақ, әлемдік поэзияда бетбұрыс жасаған ақын­дар­дың бәрі де үлкен интеллектінің, энцик­ло­педиялық білімнің, терең эрудицияның иесі болған. Мәселен, Дж. Байрон, А.Блок. П.Не­ру­да, Б.Пастернак, В.Брюсов, А.Ахма­това. Осылардың қай-қайсысының шығар­ма­шылығына зейін қойсақ, олар ежелгі грек, ежелгі шығыс философиясы секілді адам­зат ойының інжу-маржанын бойына сіңі­ріп, жетік меңгергенін байқар едік. Әдет­те бізге кабакта жүріп, шарап ішіп шайқап өт­кендей көрінетін С.Есениннің шығар­ма­шылық ғұмырын зерттеушілер оның Еуропа әдебиетінің асқан білгірі болғанын айтады. Сондықтан ақындықтың алғышарты өзіңе дейінгі жасалғанның бәрінен хабардар бо­лып, жүрекпен сезіну. Неге қазақ үшін Абай әлі биік шың бо­лып тұр? Өйткені ол әлем мифо­ло­гиясын, философиясын жақсы білген, Батыс-Шығысты теңдей игерген. Енді ХХІ ғасырдың табалдырығынан аттадық, бұл – интеллект ғасыры. Оны бәріміз терең сезінеміз. Әлемдік ру­ха­нияттан нәр алып, құнарлы топырақта өн­ген қазақ поэзиясы да дәуірлер өткен сайын іріленіп, дамып, құлашын кеңге жайып келе жатыр. Демек, әлем поэзия­сы­ның барлық жетістігі қазақ жырында бар дей аламыз. «Дүниеге келер әлі талай Қасым, Олар да бұл Қасымды бір байқасын» деп Аман­жо­лов айтпақшы, поэзиямызға келіп жат­қан жастар өзінен бұрынғы қазақ ақын­дары­ның жетістіктерін игеріп, соны бойына сіңіріп, шығармашылықпен дамытқаны дұ­рыс. Қазақ әдебиеті қашанда жақсы ақын­дарға кенде емес. Десе де, бізге жақсы ақын­дар­ды малданып жүре бермей, жаңа ақын­дардың келгенін көру ғанибет. Өйткені әр дәуірдің жаңа сөзі болуы керек, соны жас ақын­дардан естігіміз келеді. Тәуелсіздіктен кейін әдебиетімізге жаңа дәуірдің бүтін сөзін айтатын ақын­дардың бірнеше легі келді. Олардың алды қазір елуден асты. Одан кейін де қан­ша өрелі жас ақындар келіп жатыр. Ара­сын­да қазақ поэзиясын ғана емес, әлем поэ­зиясын жақсы игерген ақындар баршылық. Олар­дың жұлдызды сәттері әлі алда. Аман­дық болса, олар туған әдебиетін бүгінгіден де биіктететініне сенемін. – Халқымыздың тарихындағы қа­сірет­ті беттердің бірі – «отызыншы жыл­дар ойранына» қатысты жазған «Қа­ра орамал» атты дастаныңыз соңғы жыл­дары қазақ поэзиясындағы та­ны­мал туындылардың біріне айналды, өзге тілдерге де аударылды. Карлаг ла­герінде болған сұмдық жағдайлар ту­ралы шығарма жазбақ түгілі ол жайындағы шындықты білудің өзі ауыр ғой. Бірнеше бөлімнен тұратын «Қа­ра орамал» дастанында айтқыңыз кел­геннің бәрін айта алдыңыз ба? – «Поэзия махаббаттан басталып, пара­сат­пен аяқталуы тиісті» деп Мұқағали айт­пақ­шы, жас мінген сайын шығармашылық та байсалды қалып таныта бастайды. Жа­сы­мыз алпыстан асты, баяғыдай әдеби орта іздеп жүретін жаста емеспіз. Қазір дүние-дүр­мектен гөрі оңашалықты жаным қалай­ды. Сондықтан кейінгі жылдары уақытымды көбірек әдебиетке арнап, көптеген шығарма жаздым, әлі де жазып жүрмін. «Қара орамал» поэмасы – қазақ дала­сын­дағы қасіретті жылдардың тарихына ар­налған. Қарағандыдағы еңбектеп түзеу ла­гері (Карлаг) – Кеңес Одағының кезінде реп­рессияға ұшырағандардың отбасын азап­тау мен қорлаудың ең үлкен ордасына ай­налған орын болған. ГУЛАГ архипела­гы­ның құрамындағы Карлаг аймағы Фран­ция­ның көлеміндей жерді алып жатқан. 1931-1956 жылдар аралығында мұнда бір жарым миллион адамның тағдыры талқан болған: азап көрген, қиналған, өлген. Көлемі жө­ні­нен КСРО-дағы тоғызыншы орында тұрған ла­герь. Мұнда түрлі халықтан шыққан тұл­ғалы өнер адамдары: суретшілер, әншілер, қа­ламгерлердің – интеллектуалды тұлға­лардың өмірі тозаққа айналған. Олардың арасында Ирина Борхман и Владимир Эй­ферт деген суретшілер (жалпы Карлагта 34 суретші айдауда болған), Кеңес Ода­ғы­ның атақты балеринасы Майя Плицес­кая­ның анасы бар... Сонда болған тұтқын­дар­дың салған кейбір құрылыстары Қарағанды об­лысында әлі бар. Міне, осының бәрі ту­ра­лы естіп-біліп, түрлі құжатты оқыған соң мен бұл дастанды жазып шықтым. Бірнеше бө­лімнен тұратын бұл туындымда сол кез­дің қасіретін жан-жақты алып, тұтас көр­сет­тім деп ойлаймын. Өткен жылы Қуғын-сүргін құрбан­дары күнінде «Қара орамал» кітабы әлемнің 16 тіліне аударылып, тұтас бір кітап болып жарық көріп, Қарағанды Мемлекеттік уни­верситетінде Карлагты зерттеу орта­лы­ғының бастамасымен тұсаукесері өтті. Тұ­саукесерге еліміздегі 23 мемлекеттің ел­ші­лері қатысты. Менің шығармашылығымдағы бір бе­лес саналатын, үлкен ізденіспен жа­­­зылған «Қара орамал» поэма-реквиемін жа­зуға дайындалған кезімде көп нәрсе оқы­дым. Карлагқа қатысты архивтік ма­те­риал­дарды, осы тақырыпқа қатысты әдебиет­тер­ді, естеліктерді, мақалаларды парақтап шық­тым. Карлаг куәгерлерінің қиын кезде басын қатерге тігіп, тұтқындарға қамқорлық жа­саған қазақ халқына деген ризашылығын оқып қуандым. Сондай әсерден туған мы­надай шумақтар бар «Қара орамалда»: Қасиетін қара тасқа қашатқан, Тас атпаған кім-кімге де, ас атқан. Мейіріміне мейірленер шөлдеген – Барактағы баланда емес ол деген Адамзатқа көңілінің жоқ аласы – Құрт лақтырған қайран қазақ баласы. ...Ең қымбат тас сол болады әлемде, ең асыл ас сол болады әлемде. Гертуданың жазып кеткен хаттарын Өнеге етіп айту керек бар елге. Жайқалсыншы, барлығыңның бақтарың – ҚАЗАҚСТАН деген жұрттан сәлем де! Шын мәнінде, Карлаг тақырыбы үл­кен-үлкен романдар жазылатын та­қырып екен. Мен соны өлең тілімен барын­ша ықшам беруге тырыстым. Тіпті, бұл тақырыпқа жазушыларды қатыстырғым келді. Бір күні марқұм, белгілі жазушы Не­сіп­бек Дәутаевпен кездескенде мен оған өзім жинаған материалдарды беріп, осы бойынша роман жазуын өтінгем. Ол кісі мен берген материалдарды қуанып алып шы­ғарма жазатынын айтып еді, бірақ мез­гілсіз дүние салып, аяқсыз қалды. Жалпы, елімізде, жерімізде болған мұн­дай қасіреттерді Кеңес Үкіметі біздің қаламгерлерге жаздырмақ түгілі ай­туға тыйым салып, елдің есінен шығарып жі­­беруге барынша күш салды ғой, оның ор­­нына бізге атом бомбасы тасталған Хи­ро­сима, Нагасаки қасіретін, Екінші дү­ние­жүзілік соғыс кезінде Беларусьте болған Хатынь трагедиясын жазуды насихаттады. Ал сұмдығы, бұлардың ешбірінен кем түс­пейтін Карлаг тақырыбы кейінгі дәуірге дейін зерттеліп, айтылмады. Өзің айтқан­дай, «шығарма жазу түгілі шындығын білу­дің өзі ауыр болса да» қазақ даласында бол­­ған Карлаг қайғысын бүкіл әлем білуі үшін әлі талай шығарма жазылуға тиіс. Мен осы­ған аз болса да үлес қосқанымды өзім­нің азаматтық парызым деп ойлаймын. – Тағы да өз шығармашылығыңыз ту­ралы әңгімелессек... Ақындардың бар жазғанын ел біле бермесе де, ара­сын­да елдің көңілінен шыққан туын­ды­лар болады. Мәселен, сіздің «Күршім­нің қызы» атты өлеңіңіз жұртқа та­ны­мал... – Әрине, ақын жазады, жұрт қалағанын оқи­ды. Кейбір өлеңдердің адам тәрізді жо­лы болып кетеді. «Күршімнің қызы» да сон­дай туынды болды. Оны кезінде іні­лері­міз жарыса оқып, жұртқа таратып жүрді. Шын мәнінде, одан әлдеқайда күшті өлең­дер жазсаң да, жұрттың ойында «Күршімнің қызының» авторы болып сақталып қаласың. Оған таңырқаудың қажеті жоқ. Ол өлең өзі­ме де ұнайды, себебі ол – жан дүниесі мөл­­дір қазақ қызы туралы өлең. Қазақ қы­зының сұлу­лығын, парасатын мадақтайтын өлең. Ма­хаббат сезімінен гөрі әсемдікке табыну, соны ұлықтау сипатында жазылған. Әр ақын­да бүкіл халықтың көңілінен шы­ғатын ерек­ше өлең болғанға не жетсін! – Сіз де өткен жылы үлкен абырой биі­гінен көрініп, Мемлекеттік сый­лық­тың иегері атандыңыз. Сіз үшін Мем­ле­кеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жай­­лыбай мен одан бұрын халыққа ақын болып танылған Ғалым Жайлы­байдың қандай айырмасы бар? Сосын, кейінгі кезде мемсыйлықтың маңай­ын­да түрлі әңгіме айтылып жатады ғой, сол жайында не дер едіңіз? – Менің жалпы Мемлекеттік сыйлықтан бұ­рын алған ордень-медальдарым бар, «Қа­зақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» ата­ғына ие болдым. Ал мемлекеттік сыйлық мә­селесіне келсек, көлгірсімей айтқан жөн: қа­ламгердің еңбегі мемлекет тарапынан ресми бағасын алуға тиіс. Қаламгер де ұлты, мем­лекеті үшін еңбек етіп жүрген жан, сон­дықтан бір мезгіл олардың арқасынан қа­ғып, марапаттаған артық емес. Әрине, мем­лекеттік сыйлық маңайында әртүрлі әңгі­ме айтылып қалады, бірақ мен өткен жы­лы сол сыйлықты алғанымды өзіме мәр­тебе санаймын. Ол менің ұрпағым үшін, от­басым үшін, туыс-туғандарым үшін, ті­лек­тес қаламдастарым үшін де қуаныш бол­ды. Сосын «Ғалым Жайлыбай осыған лайық емес» деген пікір естімедім. Мен сый­лықтан бұрын соған қуандым. Ақиқатын айт­сақ, бұл сыйлыққа лайық ондаған қа­лам­гер бар, бұйырса, алдағы кезде олардың да кезегі келер. Құдайға шүкір, бірнеше тілде кітапта­рым шықты. «Қара орамал» поэма-реквие­мім 2017 жылы Стокгольм қаласында өткен әлем­дік поэзия байқауында үшінші сый­лық­қа ие болды. Ол мен ғана емес, қазақ әде­биеті үшін де жетістік болар. Мен осы же­тістіктерден соң болдым, толдым деп қол қу­сырып отырғам жоқ, кейінгі кезде «Сұлу­байдың әні», «Сұрақ белгісі», «Содом мен Го­морра» секілді поэмалар жаздым. Әлі де осы бақытты жалғастыра бермекпін. Қазақ поэзиясы әлемдік әдебиет биі­гі­нен өзінің лайықты орнын алуы керек, сол үшін бәріміз жұмыла еңбек ете беруіміз қа­­жет. Әр ақын өзі жүрегімен сезген құ­бы­лыс­ты жырға қосса, ойын шеберлікпен өр­­нек­тей алса ұлттың әдебиеті асқақтай бе­ре­ді. Қазақ жырының анасындай қара өлеңді жетілдіріп, дамыта берсек, сол ар­қылы ұлтымыздың көкейіндегі ойларды әлем назарын аударатындай қылып айта біл­сек, өзгелер бізді мойындап, құрметіміз арта берері хақ. Ол үшін ұлтымызды жан жү­ре­гімізбен сүйіп, қадірлеуден танбауымыз керек. Осы қыста біздің Жаңаарқаның Жеңіс де­ген ауылына ақбөкендер кіріп кетіпті. Сол маған қатты әсер етті. Жетім қалған киіктің ла­ғы – құралайына қолдан сүт беріп асы­ра­ған Бетпақдалада өскен баламыз, әлгі ақ­бөкендерді көріп сол кездер есіме түсті. Сон­да «Сүт беріңдер» деген өлең жаздым, он­да мынадай жолдар бар: Көктөбеден көктемін күткенінде ел, Үзік-үзік үмітін үптедіңдер. Қазақ та бір киіктің құралайы, Жаутаңдатпай жанарын сүт беріңдер. Жаратқан құралайдың да, қазақтың да жа­нарын жаутаңдатпасын. Жақсы күндерде жолыға берейік. Өлең туралы, қазақтың әде­биеті туралы, қазақтың рухы туралы әлі та­лай-талай ғажайып әңгіме айтатын б­оламыз. Өзің арқылы ұлттың сөзін сөйлеп, қаламгерлерін насихаттап отырған Turkistan газетіне алғыс білдіремін. – Әңгімеңізге рақмет!