Әділетті Қазақстанда адам құқы мәселесіне баса мән беріліп жатыр
Әділетті Қазақстанда адам құқы мәселесіне баса мән беріліп жатыр
«AMANAT» партиясы жақында «Құқықтық көмек» жобасын іске қосты. Жоба Атырау облысынан бастау алып отыр. Осыған орай аталған жобаның мән-маңызы жайлы білу үшін «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Хамиұлына бірқатар сауал қойған едік.
– Жақында Атырау облысында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы іске қосылды. Аталған жоба аясында тұрғындар қандай көмек ала алады?
– «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың Атырау облысына сапары барысында «Құқықтық көмек» партиялық жобасының іске қосылғанын жеткізді. Мемлекет басшысы атап өткендей, әділетті Қазақстанды құру жолында адам құқықтары мәселесіне баса мән беріліп жатыр. Бұл бағытта түрлі жаңашылдық қолға алынды. Соның бірі – Конституциялық Соттың құрылуы, Бас прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебеге ие болуы.
Халық арасында құқықтық мәселелер өте өзекті екені рас. Соған байланысты өңірде тұрғындардың құқығын қорғайтын «Құқықтық көмек» жаңа партиялық жобасы пилоттық режимде іске қосылды. Ерлан Жақанұлы да «Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаттылығы әлі де төмен. Соның салдарынан олар сотта немесе басқа да мемлекеттік органдарда өз мүдделерін қорғай алмай жатады. Шалғайдағы ауыл тұрғындарының бәрі бірдей мұндай кәсіби көмекке қол жеткізе алмай отырғандықтан, жаңа партиялық жоба аясында заңгерлер ауыл-ауылды аралап, халыққа арнайы құқықтық көмек көрсетеді. Әділдік пен заңның үстемдік құруы осындай нақты істерден басталады» деп атап өтті.
«Құқықтық көмек» партиялық жобасы шеңберінде заңгерлер жергілікті жерде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету үшін облыстағы аудан орталықтарына арнайы барады. Жоба Исатай ауданынан басталса, кейін Индер ауданында жалғасты. Оның аясында белгілі заңгер, адвокат Абзал Құспан жұртшылықпен кездесіп, сауалдарына кәсіби тұрғыдан жауап беріп, кеңесін айтып жатыр.
Атырау облысында жүргізіліп жатқан «AMANAT» партиясының «Құқықтық кеңес» жобасы Исатай, Индер, Мақат, Жылыой аудандарында барлығы 70 ауыл тұрғынын қабылдады. Онда шешілуге тиісті 9 мәселе, сотқа қайта шағымдану бойынша 4 мәселе талқыға салынып, 50 мәселе бойынша кеңес берілді. Жалпы, сот атқарушылардың немқұрайдылығына қатысты – 16, тұрғын үйді жекешелендіруге қатысты – 15, еңбек дауына байланысты 6 сұрақ қойылды. Жоба Атырау қаласында жалғасып жатыр.
– Заңгерлер азаматтарға қай бағытта кеңес береді?
– Ең алдымен бұл бұқара мен партияны байланыстыратын және халыққа қажетті көмек түрін ұсынатын тиімді бастама екенін айта кеткен жөн. Жоба барысында сотта, қылмысты қудалау органдарында және тағы басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етуге, арыз-талап толтыруға, өзін қорғауға көмек көрсетіледі. Тұрғындарға қаржы және құқықтық мәселелер бойынша түрлі кеңес беріледі. Мәселен, жоба Исатай ауданынан басталды. Ондағы кездесу 3 сағатқа созылды. Барлығы жиырмаға жуық азамат келіп, елуден астам сұрақ қойылды. Тұрғындардың ең көп қойған сауалы тұрғын үй мәселесіне қатысты болды.
– Өңір тұрғындары игілігін көрген, оң нәтиже берген тағы қандай жобалар бар?
– Бірінші «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы туралы қысқаша айта кетейін. Бүгінде облыстық филиалда 106 бастауыш партия ұйымына біріккен 23 мыңнан астам партия мүшесі бар. Партиялық жобаларға тоқталсам, «AMANAT» партиясы ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуды, ауыл шаруашылығын қолдауға ерекше басымдық беруді мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірегейі деп санайды. Сондықтан «Жер аманаты» жобасы аясында заңсыз жекешелендірілген немесе пайдаланылмай жатқан жерлер мен жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын ауқымды жүргізді. Облыстық партия филиалы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, жоба басталғалы Атырау облысы бойынша 160,17 гектар игерілмеген жер мемлекеттің меншігіне қайтарылды.
Бұған қоса, өз тиімділігін дәлелдеген тағы бір бастама – «Ауыл аманаты» партиялық жобасы. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысын, біліктілігін арттыру, жаңа кадрларды даярлау ісі қолға алынып жатыр. Былтыр 52 ауылдық округ әкіміне «Табысты көбейту, халықтың экономикалық белсенділігінің өсуі саласында басшының құзыреттілігін арттыру» тақырыбында үш күндік семинар ұйымдастырылды. Ал «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында ауыл тұрғындарына, кәсіпкерлеріне, белсенді жастарға арналған мобильді топтың қатысуымен көшпелі кездесулер өтті.
Ауылда қандай кәсіп түрін дамытқан қолайлы? Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, өзі де саланы дөңгелетіп әкетуі үшін ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер қандай қателіктерге бой алдырмауы керек? Сауатты бизнес жоспар жасауды неден бастаған жөн? Мемлекеттік субсидияларды алу жолдары қандай? «AMANAT» партиясының үйлестіруімен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасын жан-жақты ақпараттық қолдау мақсатында құрылған марафон осындай сауалдарға толық ақпарат берді.
Сонымен қатар облыс аумағындағы көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасы, жетім және жартылай жетім, мүмкіндігі шектеулі отбасылардың балаларын қолдау бағытындағы «Бақытты отбасы», мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қолға алынған «Кедергісіз келешек» жобаларының нәтижесі жаман емес. Сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету, қоғамда ынтымақ, патриотизм, қарт адамдарға және дәстүрге деген құрметті күшейтуді көздейтін «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасын атап өтуге болады.
– Облыстың алдағы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына дайындығы қалай?
– Партия филиалына қарасты 1 қалалық және 7 аудандық филиал бар. Мұнымен қоса, қазір облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардағы 141 мандаттың 137-сінде депутаттық мандат болса, оның 114-і яғни, 83,2 пайызы – аманаттық. Сайлауды заңға сай, өз деңгейінде өткізу – ортақ міндет. Сондықтан қазір дайындық, өткізу шаралары пысықталып жатыр.
– Партияның Атырау облыстық филиалы биыл қандай жаңа бастамаларды жүзеге асырады?
– Партияның Атырау облыстық филиалы тарапынан қолға алынған тың бастамалардың бірі – AMANAT SERVICE қызмет көрсету орталығы. Осы уақытқа дейін пилоттық режимде жұмыс істеп келген орталықтың кеше ресми ашылуы өтті.
Партия өміріндегі елеулі жаңашылдықтың бірі, бұқарамен байланысты нығайтудың тың тетігі – осы орталық. Қалалық филиал ғимаратында орналасқан орталықта 11 қызмет түрі бар. Яғни, «Бір терезе» қағидаты негізіне сүйенген жоба аясында партияға жүгінген тұрғын тез арада өзін мазалаған сауалға қатысты нақты жауап алуға мүмкіндігі бар. Жауапты сала мамандары азаматтардың өтініштерін қабылдап, оңтайлы шешуге жәрдемдеседі. Сонымен қатар сәулет, еңбек, тұрғын үй қатынастары саласы және халықты толғандыратын өзге де мәселелер бойынша заңнамалар түсіндіріледі.
Орталық тек Атырауда ашылған, теңдессіз жоба. Пилоттық режимде жұмыс істеп келген орталықта бүгінге дейін 115 қызмет көрсетілді. Оның ішінде, құқықтық кеңес бойынша – 38, еңбек қатынастарын реттеу бойынша – 24, жер, архитектура сұрақтарымен – 19, жұмыспен қамту мәселесімен – 22, өзге де салалар бойынша 12 қызмет түрі көрсетілді.
Жоғарыда аталған жобалар өз тиімділігін дәлелдегендіктен, ары қарай жалғастыру жоспарымызда бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ