СҚО-да биыл 5 млрд теңгеге заманауи медициналық қондырғылар алынбақ

СҚО-да биыл 5 млрд теңгеге заманауи медициналық қондырғылар алынбақ

СҚО-да биыл 5 млрд теңгеге заманауи медициналық қондырғылар алынбақ
ашық дереккөзі
Солтүстік Қазақстан облысындағы аудандық емдеу мекемелері 14 санитарлық көлікпен толықты. Жаңа жедел жәрдем машиналары ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін болады, - деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 жаңа санитарлық көлік Президент бастамасымен ауыл тұрғындарын медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алынды. Биыл басталған жобаның арқасында ауылдарда медициналық көмек сапалы әрі қолжетімді болмақ. «Бұл машиналар аудандарға жіберіліп, ауыл тұрғындарына қызмет етеді. Осының арқасында облыстағы денсаулық сақтау саласындағы көліктердің тозуы 73%-дан 63%-ға дейін төмендейді. Биыл тағы осындай 10 көлік сатып алу жоспарланған. Барлығы денсаулық сақтау жүйесі бойынша 45 көлікті ауыстыру қажет. Бұл мәселені шешу үшін көлік паркін жаңартуды жалғастырамыз», - деді СҚО әкімі Айдарбек Сапаров, Өңір басшысының айтуынша, Ұлттық жоба аясында өңірде 46 медициналық мекеме салынбақ, олар: ФАП, дәрігерлік амбулатория пен медпункттер. Кешенді жоспар бойынша Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлде емхана салынады. Сондай-ақ 2023 жылы денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатқа 1,5 млрд теңге бөлінді. «Биыл «Береке» мен «Жас өркен» ықшамаудандарында 2 емхана ашамыз. Жалпы, 2023 жылы облыс бойынша медициналық қондырғылар алуға 5 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есе көп. Биыл ангиографтар, УЗИ, эндоскопия, реанимация және рентген аппараттары қойылады. Атап айтсақ, кардиологиялық орталық пен көпсалалы қалалық аурухананың инсульт орталығына екі ангиограф орнатылады. Заманауи қондырғылар инсульт пен инфаркт кезінде ота жасауға арналған», - деді Айдарбек Сапаров.