Талдықорғанда тағы 30 «Сергек» камерасы орнатылады
Талдықорғанда тағы 30 «Сергек» камерасы орнатылмақ, - деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүгінге дейін Талдықорғанда көлік жүргізушілерінің жол ережелерін сақтауын қамтамасыз етіп, жолдағы қауіпсіздік мәселесін қадағалау мақсатында 5 көшеде «Сергек» бейнебақылау камералары орнатылған болатын. Олар: Балпық би – Жансүгіров, Үштөбе тасжолының Батыс бөлігі мен Алматы тасжолына шыға берісте, Жансүгіров көшесіндегі Политехникалық колледж жанында және Біржан сал мен Гаухар ана көшелерінің қиылыстарында орналасқан.
«Комиссияның шешімімен қосымша жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін әрі қауіпті жол учаскелеріне қосымша 30 «Сергек» камерасын, 100 жалпы бақылау камераларын, 25 жылдамдықты қадағалауға арналған бейнекамералар орнату мәселесі шешілді», - деді Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев.