Мәжіліске кімдер депутат бола алады?

Мәжіліске кімдер депутат бола алады?

Мәжіліске кімдер депутат бола алады?
ашық дереккөзі

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VII сайланған Парламенттің мәжілісін тарату туралы Жарлыққа және мәслихат депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулыға қол қойды.

«Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды. Жаңа сайлау науқанының мерзімдерін және оның ретін елге ашық жариялау шешім қабылдау кезіндегі ашықтық қағидатына сай келеді. Осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түседі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. Ал барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын Орталық сайлау комиссиясы белгілейтін болады.

«Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы. Былтырғы референдумда халқымыз бұл реформаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшті», - деген болатын Президент бүгінгі мәлімдемесінде.

Мәжіліске кім депутат бола алады?

Ата Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы 10 жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Жасы 25-ке толған адам Мәжіліс депутаты болып сайлана алады.

Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы - белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі. Біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ. Саяси партияның жоғары органының шешімі азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтінішімен бірге Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі. Сондай-ақ, осыдан бастап бір мандатты округтен де Мәжіліс депутаты сайланады.

Саяси партиялар адамдарды партиялық тізімге орналастыру тәртібін дербес айқындайды. Партиялық тізімді саяси партияның өкілі саяси партияның жоғары органының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірмемен бірге бір мезгілде Орталық сайлау комиссиясына ұсынады. Өкілдің өкілеттіктері тиісті құжаттармен расталуға тиіс.

Егер сайлауды белгілеу кезінде өзгеше көзделмесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлаудан екі ай бұрын басталып, оған қырық күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады.

Мәжілісі депутаттарын сайлау кезінде дауыс санаудың мынадай жүйесі қолданылады:

- дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) елу процентiнен астамының дауысын алу;

- қайта дауыс беру кезiнде басқа кандидатқа қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) дауыс санының көпшiлiгiн алу.

Сайланған Мәжіліс депутаттарын Орталық сайлау комиссиясы тіркейді.

Мәслихатқа кімдер депутат бола алады?

Мәслихат жергілікті өкілді орган саналады. Сондықтан өздеріне тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың жүзеге асырылуын бақылайды. Мәслихаттарды жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге халық сайлайды. Еліміздің жасы 20-ға толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Депутаттарды сайлау бір мандаттық жүйе арқылы және партиялық тізім бойынша өтеді.