Астанада тәрбиешілер ерекше балаларды соққыға жыққан

Астанада тәрбиешілер ерекше балаларды соққыға жыққан

Астанада тәрбиешілер ерекше балаларды соққыға жыққан
ашық дереккөзі
Астанадағы «Балам-ай» инклюзивті балабақшасының тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері денсаулығында кінәраты бар балаларды қорлап, ұрып-соққан деп хабарлады turkystan.kz Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап. Қорлық көрген балалардың аналары жантүршігерлік видеоларды көріп, полицияға арыз жазған және жағдайды барынша қоғам назарын аударту үшін жанайқайларын әлеуметтік желіге жазған.
«Балам балабақшадан келген соң шөлдеп, жылап келетін. Сосын балабақшаға келіп, камера жазбаларын көрген кезде, талып қала жаздадым. Арбаға таңылған баламды қарамағандары былай тұрсын, оны мазақ еткен», - дейді сал ауруына шалдыққан баланың анасы.
Камера жазбалары көрсеткендей, тәрбиешілер қасық ұстап тамақ жей алмайтын балаға ашуланып, табақтағы ботқаны оның аузына тығып, бір минутта құйған.
«Ал балалар ұйқыға жататын кезде баламды ешкім тіпті төсекке апармаған. Баламды таңертең қай жерге қалдырсам, сол жерде отырып ұйықтаған», - дейді баланың анасы желіде.
Осы жағдайға куә болған келіншек ашуға булығып, өзге балалардың аналарына жағдайды баяндап берген.
«Осыдан кейін камера жазбаларын көрген аналар да талып қала жаздаған. Бұл балабақшаның тәрбиешілері ерекше күтімді қажет ететін әрбір баланы ұрған. Бір бала тәрбиешінің телефонын қолына ұстағанын, артынша тәрбиеші келіншек баланы желкесінен түйіп жібергенін көруге болады», - дейді аналар.
Анықталғандай, егер балалар түскі ұйқыға дұрыс жатпаса, тәрбиешілер мен тәрбиеленуші өзге сау балалар дерті бар бүлдіршіндерді ұрып шығатын.
«Құлағы естімейтін тәрбиеші талма ауруы бар баланы ұйықтатамын деп, аяғына жастық қойып, баланы соған жатқызады да бет-аузын түгел көрпемен жауып тастайды. Егер бала дәл сол сәтте талып қалса, ол өлер еді», - дейді жүрегі қан жылаған аналар.
Осы жағдайды біле сала аналар жергілікті полицияға, прокуратураға және әлеуметтік қорғау мекемелеріне арызданған. Ең сорақысы, балабақша «ерекше балаларды баққаны үшін» бюджеттен ақша алып отырған. Ата-аналар балабақша үстінен және балаларына қорлық көрсеткен әрбір тәрбиешінің үстінен арызданған.
«2023 жылдың 17 қаңтары күні «102» пультіне «Балам-ай» балабақшасында баланы ұрып-соғу фактісі анықталғаны туралы қоңырау түсті. Факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қылмыстық істі тергеу мәселесі бақылауға алынды», - деп хабарлайды Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.