Жаңалықтар

«Құқықтық көмек»: заңгерлер Атырау облысы тұрғындарына кеңес берді

ашық дереккөзі

«Құқықтық көмек»: заңгерлер Атырау облысы тұрғындарына кеңес берді

Белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан бастаған бір топ заңгер тұрғындардың құқығын қорғайтын «Құқықтық көмек» партиялық жобасы шеңберінде Атырау облысында болды. Олар сотта және тағы басқа жағдайда арыз-талап толтыру, өкілеттік ету, өзін қорғау мәселелері бойынша Исатай, Индер, Мақат, Жылыой аудандары мен Атырау қаласында азаматтарға кеңес береді. Бір топ әйел пәтерлерді жекешелендіру кезінде пайда болған мәселелер бойынша шағым айтты. Олардың айтуынша, тұруға жарамсыз ескі үйлер беріліпті. Жалға берілген пәтерлерде өмір сүру мүмкін емес. Ал үй ішін өз бетінше қалыпқа келтіріп, жөндеу жұмысын жүргізу үшін олар осы пәтерлерді жекешелендіргісі келеді. «Шалғайдағы елді мекен тұрғындары үшін бұл жобаның пайдасы көп. Бізге облыс орталығына барып, маман іздеудің қажеті жоқ. «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен білікті маман бізге өзі келіп, қажетті кеңес берді», – деп атап өтті өңір тұрғыны Гүлнар Жұмағұлова. Өз кезегінде, заңгерлер әрбір өтінішті мұқият қарап, құжаттармен танысып, ары қарай қалай әрекет ету керек екені жөнінде кеңес берді. Келіп түскен сауалдарды ескере отырып, келешекте жұмысты WhatsApp-тағы автоматтандырылған чат-бот арқылы онлайн режимде жүргізу жоспарланып отыр. Бот 2000-нан астам заңгер тіркелген zan.bar мобильді қосымшасының адвокаттар базасымен өзара әрекеттеседі. Сөйтіп, AMANAT партиясы сапалы қызметтерге қол жеткізе алмайтын отандастарымыздың құқығын цифрландырудың көмегімен қорғауды көздеп отыр. Атырау облысында пилоттық режимде бастау алған «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы еліміздің барлық өңірінде жалғасады.