Такси жүргізушісін өлтірген қарағандылық 14 жылға сотталды
Такси жүргізушісін өлтірген қарағандылық 14 жылға сотталды
Қарағандыда такси жүргізушісін өлтіру фактісі бойынша ер адам 14 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлады turkystan.kz.
Қарағанды облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушыдан 10 млн теңге моральдық залал өндірілді.
«Сотталушыға тағылған айыптың ең ауыр 2 бабы бойынша кінәлі деп танылып, 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - деп хабарлады ауданаралық соттың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, өткен жылдың 27 қазан күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Киров полиция бөліміне Учительская көшесінде бірнеше пышақ жарақаты бар 59 жастағы азаматтың мәйіті табылғандығы туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына облыстық Полиция департаменті және қалалық Полиция басқармасының жедел-тергеу топтары жіберіліп, жәбірленушінің такси жүргізушісі болып жұмыс істейтіні анықталды.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралары барысында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 25 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол жүргізушіге жолақысына келіспеушілік барысында пышақ жарақатын салғанын мойындаған. Кейін күдікті таксиді айдап кетіп, ЖБИ ықшамауданына барар жолдағы темір жол өтпесінің жанына тастап кеткен.